Менің тегім қазақ халқының тұрмысында мінсе көлік, жорыт­қанда серік әрі адал қызметші бола білген «Кәрібоз қартайғанда жорға шығады» деп келетін қанатты сөздің түп төркінінен бастау алатын жылқы жануарының киелілігімен тікелей байланысты.
Менің «Болашағым»
3,603
оқылды

Мен 1978 жылғы 12 шілдеде Қы­зыл­орда облысы Қазалы ауданы Құмжиек ауылында дүниеге келдім. Кәрібоз атамның үлкен ұлы, бүгінде профессор Бағдат Кәрібозұлының қызымын. Ата-анам ол кезде Н.Гоголь атындағы Қы­зылорда педагогикалық институтының қазақ әдебиеті және қазақ тілі факульте­тінің студенттері. Алғаш мектеп табал­дырығын да Құмжиекте аттадым.

Кәрібоз атам ел арасында сөзге ше­шендігі әрі қасының ерекше қоюлы­ғынан «Кәрібоз шешен» атанып, ауыл­дағы руларды татуластыру мен елдес­тіруде халық билігінің маңызды өкілі болған. Кішкентайымнан атама үздіксіз адамдар келіп, кеңесі мен батасын ал­ғандарын көріп өстім. Атамның айтқан аңыз-әңгімелерін ерекше құштарлықпен тыңдап, дәптерге жазып жүргенім әлі есімде. 

«Елдестірмек – елшіден» деп дана халқымыз айтқандай, мен де Кәрібоз атамның жолын қуып, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті Халықаралық қатынастар факультетінің алғашқы қазақ тобына оқуға түстім. Тәуелсіздігіміздің сол бір алғашқы жылдары біз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бүгінде жа­һанның әртүрлі мемлекеттеріндегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшілерінің дәрістерін тыңдау бақытына ие болдық. 

2000 жылы үздік түлек ретінде елі­міздің Сыртқы істер министрлігіне жол­дама алып, марқұм сіңлім Гүлнұрыммен бірге тау бөктеріндегі ару Алматыдан Сарыарқаның өрі, еліміздің төрі бас қаламыз Астанаға келдім.

Сыртқы саяси бағыттағы қызмет барысында отбасындағы тәлім-тәрбие, еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріп­теу, келіссөздерде жеңіске жетуде өз салаңды жетік меңгерудің маңызын ұғын­дым. Жас дипломат ретінде шетел­дік басшылардың мемлекеттік және ресми сапарларын ұйымдастыруға етене араластым. 2003 жылы тәуелсіз Қазақ­станның көпұлтты мемлекет ретіндегі тарихи бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезінде Израиль мемлекеті делега­циясының қатысуына атсалыстым. Бұл менің дипломатиялық тәжірибемде үлкен әсер қалдырған оқиға болды. 

2007–2009 жылдары сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түй­ме­баевтың шақыруымен бір топ жас ма­мандармен бірге, енді ғана ашылып, жұ­мысын бастап жатқан ҚР Президен­тінің «Болашақ» халықаралық стипен­дия­сының әкімшісі – Халықаралық бағ­­дарламалар орталығына бас менеджер ретінде қабылдандым. Қызу еңбектегі жаңа басталамаларым қолдау тауып, көп ұзамай орталықтағы Оқуды ұйымдастыру және мониторинг басқармасының басшысы лауазымына тағайындалдым. Президенттік стипендия иегерлерін академиялық оқуға орналастыру, оқуын қадағалауға жауапты болып, шетелдің үздік жоғары оқу орындарымен серік­тестік орнатып, «Болашақтың» көкжие­гін кеңейтуге өз үлесімді қосуға мүм­кіндік алдым. 

2009 жылы әлемнің экономика мек­тептерінің көшбасшысы саналатын Лондон экономика мектебіне (LSE) оқуға қабылдандым. Әлемнің қатардағы емес, маңдайалды білім ошағында оқу арманым еліміздің тәуелсіздігі және адами капиталды дамытудағы ең сәтті ұлттық жобасы – «Болашақ» бағдар­ламасының арқасында орындалды деп айтуға толық негіз бар.

Мемлекеттік саясат және басқару саласындағы ғылым магистрі дәре­же­сіне оқу барысында басты түй­генім – мемлекеттік басқарудағы қандай да бір орта-және ұзақ­мерзімді бағдарлама­ларды жоспарлау мен дайындау, іске асыруда олардың ке­лешек ұрпаққа қатыс­ты әділдігін терең зерт­теу және жа­ғым­сыз салдарларын болдыр­мауға қол жеткізу, кепілдік ету өте маңызды. Сондықтан да болар, менің қазір зерттеп және дәріс оқып жүрген бағытта­рымның бірі – этикалық көшбасшылық.

Оқуымды аяқтай сала дипломатия жолына қайта бет бұрып, еліміздің ин­вестициялық тартымдылы­ғын арттыруға етене араласып кеттім. Біраз жыл бойы еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Ко­рольдігіндегі елшілігінде инвестициялық кеңесші қыз­метін атқардым. 2012, 2015 жылдары тұңғыш Президенттің Ұлы­британияға мемлекеттік сапарларын ұйымдастыруға белсенді атсалыстым. 2015 жылғы бір ғана мемлекеттік сапар нәтижесінде Қазақстанға 9 млрд АҚШ доллары кө­лемінде инвестиция тарту ісінде шешуші тетік бола білдім.

Еліміздің халықаралық қауымдас­тықта аймақтық көшбасшы мәртебесін ілгерілету мақсатында Астана ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесін, кейін оның мұрагері Астана халықаралық қаржы орталығын британ қауымдас­ты­ғына танытып, Отанымызға инвестиция әкелуге белсенді араластым.

Сол жылдары ерекше сүйіспен­шілікпен атқарған бағытымның бірі – Еуропалық қайта құру және даму бан­кінің Қазақстандағы өкілдігінің жұмы­сын сүйемелдеу болды, соның ішінде банктің ірі қалалардан аймақтарға бет бұрып, маңызды инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салу бастама­сында өз қолтаңбамның бар екендігін мақтанышпен айта аламын.

2018–2019 жылдары еліміздің білім беру саласындағы маңызды жобаларды іске асырушы, бетке ұстар ұлтжанды азаматымыз Рауан Кенжеханұлының шақыруымен «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының шеңберінде әлемнің ал­дыңғы қатарлы жоғары оқу орындары­ның танымал ғалымдары жазған оқу­лықтарды қазақ тіліне аудару жобасына зор қызығушылықпен қатыстым. Жоба аясында Еуропадағы ең ірі қашықтан оқытатын білім ордасы – Open University-мен ынтымақтастықты орнаттым. 

2019 жылы елге оралып, «Болашақ» ха­лықаралық стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орта­лығын 2022 жылға дейін басқардым. Осы сындарлы кезеңде «Болашақ» бағдар­ламасының тиімділігін арттыруда Мем­лекеттік хатшы – Шетелде кадр­ларды даярлау жөніндегі республикалық ко­мис­сия төрағасы Қырымбек Көшер­баевтың қолдауын ерекше атап өткім келеді.

Соның ішінде 2020 жылы Үкімет қаулысымен стипендияға үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі қабылданды, әлемдік үздік жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, басым мамандықтар тіз­бесін жасақтау талаптары өзгерді, үміт­керлерді іріктеу кезеңі толық автомат­тандырылып, оңтайланды­рылды, ауыл­дық жастар үшін жеңілдіктер ұсынылып, мемлекеттік тілді игеру талаптары кү­шейтілді, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің тиімділігі бойынша арнайы Bolashaq Impact Report–1 зерттеуі жүр­гізіліп, түлектермен жұмыс та жаңа сапалы деңгейге шығарылды.

«Болашақ» халықаралық стипен­диясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығына оралудағы үлкен жауапкершілік пен тарихи мис­сиямды ерекше сезіндім – ол талай жас­тың үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан теңдессіз президенттік стипендияның мәр­тебесін, оған деген халықтың сенімін арттыру, бағдарламаның заман талабына сай жаңғырып, жетілуін қамтамасыз ету болды. Орталықтағы білікті мамандар, барлық бастамаларымызды қолдаған басшылар, сарапшылар, бағдарлама түлектері – бірлесіп осы мақсатқа қол жеткізе алдық деп сенемін.

Қазір еліміздің маңдайалды жоғары оқу орны – Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ) Басқарма төрағасының стратегия және адами ресурстарды да­мыту бойынша орынбасарымын. Бұл жауапты қызметке шақырылуыма менің «Болашақ» түлегі мәртебем және халық­аралық тәжірибем негіз болды. Универ­ситетіміздің барлық игі әрі тыңғылықты бастамалардағы көшбасшылығын іл­герілетуге өз үлесімді қосуға бар күш-жігерімді салудамын.

Менің жеке тарихымның осылай өрбуі және тәрбиелеп жатқан қыздарым Бегім Ана, Інжу мен Аянаттың мені «үздік үлгі» (Role Model) ретінде баға­лауында «Болашақ» орны ерекше деп толық сеніммен айта аламын. 

Біздің «Болашақ» 

немесе «Болашақ­тың» болашағы бар ма?..

«Болашақтың» болашағы, тиімділігі мен салынған қаражаттың қайтарымы туралы Covid-19 пандемиясы кезінде, соңғы кездері сұрақ жиі қойылып келеді. Менің, барлық елге қызмет етіп жатқан болашақтықтардың жауабымыз – сөзсіз «Болашақтың» болашағы зор және ол әлі де мыңдаған жастардың шетелде озық білім алуына мүмкіндік беретін баламасы жоқ бағдарлама.

Бағдарламаның бірегейлігі халық­аралық деңгейде де мойындалған. Жо­ғары білім және ғылым саласының бе­делді ұйымдары Британдық Кеңес (British Council) пен Герман академиялық айырбас агенттігі (DAAD) «Болашақ» бағдарла­масын балама 11 стипендия ара­сында басты үш бағалау межесі – оқу ба­­ғы­тының нысандылығы, оқу шығыс­та­­ры­ның толық қамтылуы және бағдар­ла­­ма түлектерінің елге оралғанда жұмыс­пен қам­тамасыз етілуі негізінде ең үздік халық­аралық сти­пендия болып таныл­ған. 

5 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына 30 жыл толады. Осы кезеңде еліміздің 15 697 азаматы сти­пендия иегері атанса, түлектер саны 12,5 мыңға жетті. 

Bolashaq Impact Report–1 бағдарлама тиімділігі бойынша зерттеу нәтижелеріне тоқталатын болсақ, бағдарлама түлекте­рінің жұмыс берушілерінің 90%-ы тү­лектердің тек білімі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сонымен қатар олардың көш­бас­шылық, моральдық және коммуни­кативтік дағдыларын ерекше атап өтіп, өз ұйымындағы болашақтықтарды «оң өзгеріс агенттері» деп жоғары бағалаған. Бүгінде болашақтықтардың шамамен 52%-ы орта және жоғары буын басшы деңгейіне өссе, 10%-ы өз кәсіпорнын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Әлеуметтік маңызы зор екі салаға ғана сараптама жасайтын болсақ, ден­саулық сақтау саласында 1 000-нан астам түлек болса, зерттеуге сәйкес осы сала­дағы түлектер жылына күрделілігі әртүрлі 200 мыңнан астам ота жасайды. Ең маңыздысы, түлектер ел аралап, өз білімімен, тәжірибесімен бөлісіп, өз саларында шәкірттер тәрбиелеуде. 10-15 жыл бұрын бұл күрделі оталардың елі­мізде жасалуы екіталай болып, қара­жаты барлар ғана шетелге емделуге ба­рып жасатса, бүгінде, соның ішінде болашақ­тықтардың арқасында мыңда­ған қара­пайым қазақстандықтардың өмірі сақ­талуда десем еш артық айт­паймын. Яғни, болашақтықтар – адам денсау­лығының жақсаруына, адам өлімі са­ны­ның азаюына өз үлестерін қосып жатыр деген сөз.

Ал білім беру және ғылым саласында 1,5 мыңға жуық түлектер болса, олардың алды еліміздің іргелі білім ошақтарының ректор-проректорлары, декандары, аға оқытушы-ғалымдары еліміздің жоғары білім және ғылым саласын ілгерілетіп, білікті мамандар дайындап, халықаралық қауымдастықта ойып тұрып орын ала­тындай адал қызмет етуде. 

Мемлекеттік басқару мен мемлекет­тік саясатта болашақтықтар сапалы өзгеріс, ұлттық жоба басы-қасында. Президенттік жастар кадрлық резервінің үштен бірін болашақтықтар құрайтынын да сызып айтып кеткен жөн.

Жалпы, бағдарлама тиімділігін бағалауда еліміздің қарқынды дамуына оң әсер еткен Impact жобалардағы «Болашақ» түлектерінің үлесін назардан тыс қалдырмаған жөн деп есептеймін. Атап айтқанда, орта және жоғары білім саласындағы мемлекеттік және жеке жобалар, ұлттық медициналық орта­лықтар, Астана халықаралық қаржы ор­талығы, AstanaHub, Astana IT универ­ситеті, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, сон­дай-ақ ірі мұнай және газ кен орындары, құрылыс жобалары, сонымен қатар стратегиялық маңызы бар нысандарға шетелдік инвестиция тартып, олардың ілгері дамуында жергілікті мазмұнды күшейтуде өз ерен үлесін қосқаны, қосып жатқаны белгілі.

Бұған қоса, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы мен «Бо­лашақ» корпоративтік қорының қоғам­дық және қайырымдылық қызметінің нәтижесінде Қазақстанның барлық аймағында инклюзивті қолдаудың кеңселері ашылды. Дарынды жастардың республикалық және халықаралық байқауларға баруы қаржыландырылса, Голливудтың 30-дан астам бестселлер фильмі қазақ тілінде дубляжданып, Қазақстан асып, Моңғолияның қазақ­тілді балаларын бақытты етті. Қауым­дастықтың «Болашаққа сеніммен» тәлімгерлік жобасы шеңберінде «Бола­шақ» түлектері орта мектеп оқушыларына өз үздік үлгісі арқылы кәсіби бағдарлап, келешек мамандығын дұрыс таңдауда практикалық кеңес беруде.

Қай саланы алмасақ та, денсаулық сақтау, білім беру, адами капиталды дамыту, мәдениет пен өнерді ілгерілету, мемлекеттік басқару, қаржы, экономика, IT, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыру, қоғамдық және қайырымдылық жобалар, өндіріс, құрылыс – барлық мықты бастамаларды жүзеге асыруда болашақтықтар көшбас­шылар қатарында екенін зор мақта­нышпен айтамын.

Бұған қоса, 2020 жылғы халыққа Жол­дауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен зерт­ханаларына тағылымдамаға жолдау шешімі бүгінде өз оң нәтижесін беруде.  2022 жылы Президент Тоқаев «Болашақ» бағдарлама­сының нысандылығын одан әрі кү­шейтуге баса назар аудартып, техника­лық-инженерлік мамандықтар дайын­дығын күшейтуді алға тартқан бо­латын.

«Қазақтар, жас қазақтар, технарь болуы керек. Бұл – менің сенімім. Үкі­мет осы мәселелерді жүзеге асыруы тиіс. Егер әрбір қаржылық өнеркәсіптік топ заманауи зауыт орнатса, ауылдардан, қала маңынан келген мыңдаған баланы оқытса, оларға адал ақша табуға мүмкін­дік берсе – бұл әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды кепілі болады», – деп жастарға деген зор сенімін жеткізді. Бұл сенімнің ақталуында болашақтықтар шешуші әрі маңызды тетік болмақ.

«Болашақтың» болашағы бар, бар емес зор. «Болашақтың» баламасы жоқ. Ол әлі де мыңдаған жастардың әлемнің алдыңғы қатардағы үздік оқу орнында озық білім алуға мүмкіндік беретін, елімізге оралып халқымыздың игілігіне қызмет етуге жағдай жасайтын бірегей бағдарлама.

«Болашақ» еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында – әлеуметтік-экономикалық құлдырау, ішкі және сыртқы саяси тәуекелдер мен белгісіздік басым кезеңде еліміздің дамуына үлес қосатын жастарға деген үлкен үміті – адами капиталды дамытудың ұзақмер­зімді инвестициялық ең сәтті жобасы. Бұл инвестиция мың еселеп қайтуда.

Айнұр КӘРІБОЗОВА, 

«Болашақ» бағдарламасының түлегі,

Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ)

Басқарма төрағасының орынбасары