Қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өсті.
Елімізде қазақтардың үлесі қанша?
4,395
оқылды

Ұлттық статистика бюросы «2021 жылғы халық санағының» қорытындыларын жариялауды жалғастырып жатыр. Бүгін Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының ұлттық құрамы, діні және тілдерді меңгеруі бойынша екінші тақырыптық жинақ жариялады,  деп хабарлайды Aikyn.kz stat.gov.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл елімізде қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өсті.

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша, қазақтар саны 13,4 млн адамды құрады, 2009 жылдан бергі өсім – 33,7% (10 млн – 2009 ж.), жалпы халық санындағы қазақтардың үлесі 63,1%-дан 70,4%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар  290 мың адам кірді.

Қазақстанда тағы қандай этностар тұрады?

Санақ қорытындысы бойынша,  еліміздегі этностар саны 124-ті құрады. Олардың арасында ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар.

Айта кетейік, 2021 жылғы санақ раундының сауалнамаларына ұлтты «көрсетпеу» жауап нұсқасы қосылған. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан. Сондай-ақ 2021 жылы санақ кезінде «басқа ұлт» жауабын таңдағандар 47,5 мың адамды құрады, ал 2009 жылы мұндай адамдардың 8-і болған.

 

Алматы – полиглоттар қаласы

2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9 пайызы  екі тілді, 28,6 пайызы үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша,  тағы 1,7 пайызы  4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2 пайызы біледі. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1 пайыз немесе 8 845 адамды құрады.

Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, сәйкесінше 47,9 пайыз  және 52,1 пайыз. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6 пайыз.

Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында.

Бұл ретте 35,1 пайыз  немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6 пайызы  еркін сөйлейді.

Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.

 

Қазақстандықтар қай дінді ұстанады?

Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде исламды ұстанатын халықтың үлесі қатты өзгерген жоқ – 69,3 пайыз, христиан діні – 17,2 пайыз, буддизм мен иудаизм – 0,1 пайыз.

Еш дінге сенбейтіндер үлесі 2,8 пайыздан 2021 жылы 2,3 пайызға дейін төмендеді.

Санақ қорытындысы бойынша, респонденттердің 11 пайызы қандай да бір дінге қатысын көрсетуден бас тартқан. 2009 жылғы санақ кезінде мұндай бас тартқандардың үлесі 0,5 пайыз болған.