Мәжілістің кешегі кезекті Жалпы отырысы бұрынғылардан ерекше өтті деуге болады. Мәселен, жиын бірер минуттық үнсіздікпен басталды.
Талқыға түскен бюджет, алқаға түскен Үкімет
470
оқылды

Депутаттар мен отырысқа қатысушылар Қарағандыдағы қайғылы оқиғада қаза тапқан кеншілерді аза тұтып, еске алды. Палата Спикері Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісі атынан марқұмдардың отбасына көңіл айтты. Естеріңізде болса, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан 46 шахтер опат болған еді.   

Сондай-ақ бұл жолғы пленарлық отырыс­тың тағы бір ерекшелігі – оған Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі келіп қатысып отырғаны. Күн тәртібіндегі мәселе­лер бойынша өзіне қойылған сұрақтарға тікелей жауап берген ол өзге сауалдар мен жауап­тарды да өз құлағымен естіді. Бұл да болса бүгінгі күн тәртібінің маңыздылығын – Ұлттық қордан ақша алмау және мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану мәселесінің өзектілігін айғақтай түседі. Осы тұста Үкімет басшысымен бірге министрлер кабинеті түгел келді десек артық айтқандық емес. Олардан бөлек қатысып отырған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының м.а. Айдар Рысқұловтарды қосқанда жиынға 30 адам шақыртылған екен. Жалпы отырыстың тағы бір ерекшелігі – жиынның депутаттық сауалмен басталғаны. Мәжіліс депутаттары атынан сөз сөйлеген «AMANAT» фракциясы­ның мүшесі Арман Қалықов «Костенко» шах­тасындағы қайғылы оқиғаға жол берген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын сын­ға алды. Оның айтуынша, жылына 200 мил­лиард теңгеден астам табыс тауып отырған компания жаппай үнемге ден қойып, табысы­ның басым бөлігін шетелге шығарып отырған. Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіз­дікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген. Нәтижесінде, осы жылдың өзінде екі апаттық жағдай болып, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл ке­зеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалды.

«Қазіргі жағдайда Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдады, ол – «Арселор­Митталмен» ынтымақтастықты тоқтату. Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Бірақ мүлдем олай емес. Біз кәсіпорын­ның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тә­жірибесі бар қызметкер ретінде қарағанды­лық­тарды сабырлыққа шақырғым келеді. Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіп­керлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Алдағы уа­қытта әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік қауіп­сіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар ауда­рылатын болады. Бұл қарапайым жұмысшы­лардың жағдайын жақсарту үшін қажет. Олар шахтаға соңғы рет  бара жатырмын ба деген қобалжумен түспеуі тиіс. Кеншілер мен олар­дың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек», – деген ол депутаттар әрбір жұмысшы­ның еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібергенін жеткіз­ді. Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұр­ғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсы­ныл­ған. Депутаттың айтуынша, қазақстан­дық­тардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құ­қықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Үкімет өндірістегі жұмыс­шы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо­йынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Сондай-ақ Кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру де – өз алдына бөлек мәселе.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қарау үшін палата бюросы бірнеше мәселе ұсыныпты. Олар – Ұлттық қордан алдағы үш жылға кепілдендірілген трансферт алу, 2024-2026 жылдарға арналған республи­калық бюджет, ақпараттық қауіпсіздік мәсе­лелері туралы заң жобалары. Депутаттардың  шүйліккені Ұлттық қорды үнемдеу және рес­пуб­ликалық бюджетті тиімді жұмсау мәселесі туралы болды. «AMANAT» фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Президенттің 2030 жылға қарай Ұлттық қорды 100 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы тапсырмасын алға тартып, болашақ ұрпақтың несібесіне қол салуды тоқтатуды талап етті.

«Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд болса, қазір бар-жоғы 60-ақ миллиард қалып отыр. 2024 жылдың басынан қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастамақ. Сон­дықтан енді халықтың бұл қордың жұмысына деген назары ерекше болмақ. Өйткені әр ата-ана өзінің баласына қанша ақша түсті деп күтіп отырмақ. Сондықтан да менің ойымша одан қаражат алуды тоқтатуымыз керек және орың тиім­ділдігін арттыруымыз қажет. Біз республи­калық бюджеттің тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ақша алып отырмыз. Ал мемлекеттік бюджеттің тапшылығы дайын ақшамен емес, экономиканың дамуы арқылы жабылуы тиіс. Бюджетті тиімді игеру де ақсап жатыр, осы дайын ақшаның өзін ұқсата алмай отырғанымыздың себебі неде?», – деді ол. 

Депутатқа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі жауап берді. 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын трансферт көлемі 1,6 триллион теңгені құрайтынын айтқан Үкімет басшысы ол қаражаттың әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұры­лымдарды қаржыландыруға бағытталатынын жеткізді.

«Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттер жылдан-жылға азайтылатын болады. Оның орнын республикалық бюджет­тің өз кірістері алмастырмақ. Ол үшін тиісті инвестициялар тартылып, нақты сектор қар­жы­ландырылмақ. Ол бірінші кезекте мемле­кеттік қолдау шаралары арқылы шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенді қаржыландыру. Жалпы, қазір біз 32 триллион теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жо­баны іске асырудамыз. Соның 4,6 триллион теңгесі келесі жылы жүзеге асырылмақ. Олар шикізат емес сектордағы жобалар. Осы ретте инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлінбек. Келесі жылдары экономиканың өсу қарқыны жоғарылайды деп күтіп отырмыз. Биыл оның көлемі 4,7% болса, келесі жылы 5,3%, ал 2026 жылға дейін 6%-ға дейін жетеді деп болжап отырмыз», – деді ол.

Депутаттарға «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. Құжат еліміздің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзір­ленген екен. Оның айтуынша, 2024 жылға арнал­ған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. Трансферттерді есепке алмағанда, кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде болады деп жоспарлануда. Жалпы, бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн тең­гені құраған. Бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде бол­жанып отыр. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ке дейін төмендемек.

«Жалпы, республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндетте­мелерді толыққанды орындауға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды. Оның ішінде 5,3 трлн теңгесі – субвенциялар, 1,7 трлн теңгесі  өңірлерді дамытуға бағытталған нысаналы трансферттер. Экономиканың нақты секторын дамытуға 2,8 трлн теңге жұмсалмақ. Оның ішінде кәсіпкер­лікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржы­лан­дыруға 120 млрд теңге бағытталып, шама­мен 2,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бюджетті түзу барысында барлық фракциямен етене жұмыс жүргізілді. «AMANAT» фракция­сының кеңейтілген жиналысы өткізілді. Депу­таттар көтерген мәселелер, әсіресе өңірлердің қажеттіліктері барынша ескерілді. Нәтижесін­де, 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат маңыздылы­ғына қарай қайта бөлінді. Оның ішінде Үкімет резерві есебінен 56 млрд теңге қосымша қарас­тырылды», – деді Премьер-Министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Жиынның тағы бір ерекшелігі – әр баянда­машыдан соң сұрақ қоймаған депутат, оған жауап бермеген Үкімет өкілі қалмады деуге болады. Мәжілісмендер қозғамаған сала, ми­нистрлер қорғамаған іс-шара қалмады. Соның ішінде аманаттық депутат Бақытжан Базарбек Үкіметтің резервінде келер жылға 417 млрд, 2025 жылға 344 млрд, ал 2026 жылға 702 млрд теңге жоспарланғанын алға тартып, олардың жұмсалу тиімділігін сынға алды. Ал Қайрат Балабиев ауыл шаруашылығындағы субсидияға жыл сайын 400 млрд теңге бағытталатынын айтып, бірақ жемқорлық қылмыстарының 34%-ы инвестициялық субсидиялауға тиесілі екенін сынға алды. Депутат Елнұр Бейсенбаев инфляцияның тоқтамауы, қымбатшылық мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС жүйесінің реттелмеуі, үш ауысымды мектептер, лайықты жалақы мен тасжолдарды уақытылы салу проблемасына тоқталды. 

«Осы ретте халықты баспанамен қамтама­сыз ету мәселесі шешімін таппай отыр. Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз – шамамен 2 миллион отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз. Бұл бір. Екіншіден, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болуда. Бұған бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек те жеткілікті. Мәселен, бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл – үлкен проблема», –  деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Осылайша, әр сұрақтың артында халықтың әл-ауқаты, мемлекеттің әлеуеті жатқанын аңғару қиын емес еді. Осы күнгі формат сұрақ-жауап сипатында өрбігендіктен, әдеттегідей депутаттық сауалдар болған жоқ. Кезекті жиынның ендігі бір ерекшелігі осы болды. Жиынды Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қорытындылады.

«Бүгін біз еліміздің басты құжаты – респуб­ликалық бюджетті бекіттік. Өздеріңіз білесіз­дер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев биылғы Жолдауында жаңа экономика­лық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда республикалық бюджет, бірінші кезекте Пре­зидент жүктеген міндеттерді іске асыруға ба­ғыт­талып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әлеу­меттік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүм­кіндік береді. Бюд­жет екі ай бойы жұмыс топ­тарында жан-жақты талқыланды. Мәжі­лістегі барлық фракция отырысын өткізіп, өз ұстанымдарын анықтады. Талқылау бары­сында көптеген сыни пікір болды, ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы бүгін қабылданған бюджетте ескерілді.

Сайлаушыларымызды толғандыратын ең өзекті мәселе – инфляция мен азық-түлік бағасы. Жылу, жарық, жол, сумен қамтамасыз ету де – түйткілді мәселелер. Мемлекеттік борыштың өсуі де депутаттарды алаңдатып отыр. Осы мәселелерге жұмыс тобының жетек­шісі, фракциялардың басшылары өз баян­дамаларында кеңінен тоқталып өтті. Үкімет  бұл жайттарға ерекше көңіл бөліп, жүйелі түрде айналысуы қажет. Бюджетті талқылау кезінде сайлаушыларымыздың осы және өзге де талап-тілектері ескерілді. Қорыта айтқанда, бүкіл депутаттық корпусқа, партиялық фракцияларға және Үкіметке, Премьер-Министрге республи­калық бюджетті қарау кезінде қоян-қолтық жұ­мыс істегені үшін зор ризашылығымды біл­ді­ре­мін», – деді Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.

Палата Спикерінің айтуынша, ендігі міндет – республикалық бюджетті тиімді іске асыру. Депутаттар бекітілген бюджеттің орындалуына жүйелі түрде бақылау жүргізетін болады. Мемлекет басшысы бізге дәл осындай жауапты міндет жүктеп отыр. Ең бастысы, бюджеттің әр теңгесі өз мақсатына жетуі қажет.

Нұрлан ҚОСАЙ