«Кітап-AMANAT» жобасы аясында елімізде бұрын-соңды болмаған бі­регей бастама қолға алынып, ауыл­дық жерде алғаш рет кітап орталығы ашылды.
«AMANAT» ауылда кітап орталығын ашты
602
оқылды

Орталық партияның Жам­был облысы Байзақ ауданы Сары­кемер ауылында орналасқан. Осы арқылы партия ауылдағы ағайын­ның отандық әдебиетке, жал­пы кітап оқуға деген қызығушылығын артты­рып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көр­сетуді көздейді.  

Ауылдағы алғашқы кітап орталығының ашылу салтана­тына қаламгерлер, баспа­герлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беретінін атап өтті. 

«Партиямыз Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдаудың жаңа тетігін ұсынды. Алматы мен Астанада бас­талған жоба бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданында жалғасып жатыр. Жаңа орталық руханиятқа шөліркеген ауылдағы ағайын­ның сүйікті орнына айналады деген се­німдемін», – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Өз кезегінде «Қазақстан Республи­касының баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдасты­ғының президенті Әділ Қойтанов кітап орталығының ауылда ашылғанына айрық­ша ризашылығын білдірді.

«Бұл – жай ғана кітап дүкені емес, бұл – руханият ор­талығы. Алдағы уақытта осында баспагерлермен, авторлармен келелі кездесу өтіп, түрлі іс-шара ұйым­дастырылады деген ойдамын. Осында келген жастардың кітап оқуға деген ын­тасы артады. Елімізде біраз жыл автор, баспа, кітапхана, кітап дүкені арасындағы байланыс үзіліп қалған еді. Осындай ор­талықтар арқылы байланыс қайта жаңғы­рып жатыр. Ең басты мақсат – елге жаңа кітаптарды таныстыру. Осы өңірде де жазушыларымыз өте көп кітап шығарып жатыр. Алайда оның бәрі жер-жерге жет­пейді. Әрбір өңірде осындай орталықтар ашылуы керек», – деді ол.

 Ал  Ұлттық мемлекеттік кітап пала­тасы директорының орынбасары, ақын Марал­тай Райымбекұлы жаңадан ашыл­ған орталықтың мәні мен маңызына тоқталды.

«Екі мегаполистен кейін кітап орталы­ғы осы өңірде ашы­лып отыр. Бұл – ғажап бастама. Адам кітап оқуы керек. Кітап оқы­маған адамның биіктерді бағындырып, жетістікке жетуі екіталай. Автор мен оқыр­ман арасын жалғап жатқан «AMANAT» партиясына және ілкімді іске қолдау көрсетіп жүрген жергілікті азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді ақын. 

Бұл ретте ауыл тұрғыны Қасқырбай Нарбатыров кітап орталығын ашуға атса­лыс­қан жандарға тұрғындар атынан алғыс айтты.

«Ауыл халқы кітапқа сусап отыр. Дү­кендерде дүние-мүлік сыймай тұрғанымен, кітапқа орын жоқ. Сондықтан ауы­лымызда осындай орталықтың ашылып отырғанына дән риза­мыз. Біздің ғана емес, еліміздің барлық ауылында ашылса да артық болмас еді. Бұл – үлкен сый. Жастарды кітап оқы­майды деп жазғыра бергенше, мұндай игі істерді көптеп қолға алған жөн бе дей­мін. Тіпті, орталықтарды еліміздің барлық ауылында ашқан абзал. Өзіміз де бала кезден кітап оқып өстік қой. Осы орталық күні ертең ауылдың мақтанышына, оқыр­мандардың сүйікті орнына айналатыны анық», – деді ол.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жыл­дарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын театр, кітапхана, коммуника­ция, білім беру және демалыс орталықтарын қоса алғанда, 300-ге жуық мәдениет нысанын салу және жаңғырту көзделген. Сондай-ақ мәдениет, мұрағат және кі­тапхана қызметкерлерінің жалақысы екі есе артады. «Ұлттық тәрбие – ұлт бола­шағы» тәрбие беру тұжырымдамасы енгізіліп, еліміздің бүкіл әдеби мұрасы бірыңғай кітапхана платформасы негізінде цифрлы форматқа өткізіледі. Еске сала кетейік, жобаның  тұсаукесері партияның Алматы қалалық филиалында өтіп, оған Мәжіліс Спикері, «АМАNАТ» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысқан болатын.

Берік БЕК