Костенко шахтасындағы апат кезінде қаза тапқан 31 жастағы кенші Амангелді Шатаевтың артында төрт қызы қалды.
"Қыздары әкесінің жоқ екенін әлі білмейді": Қаза тапқан кеншінің әйелі жұбайы туралы естелік айтты
22,910
оқылды

Костенко шахтасындағы апат кезінде қаза тапқан 31 жастағы кенші Амангелді Шатаевтың артында төрт қызы қалды. Оның жұбайы Ләззат күйеуінің соңғы кездері жұмыстан шаршап, қажып жүргенін айтады. Ол Stan.kz тілшісіне күйеуі туралы естеліктері мен оның жұмысы және балалары туралы айтып берді, – деп хабарлады  Aikyn.kz.

Кенші Амангелді Шатаев сегіз жыл шахтада қызмет еткен. Әйелінің айтуынша, жалақысы 600 мың теңге болған.

Шахтада мерт болған Шатаевтың рет екі жасар қызымен түскен соңғы фотосы желіде тараған еді. Ол әкесі жұмысқа бара жатқан сәтінде жібергісі келмей, аяғынан қысып, құшақтап тұрған. 

Ләззат Жұмаділова кенші Амангелді Шатаевпен отасқанына он жыл болған. Екеуінің төрт қызы бар. Ең үлкені үлкені 11-де, ал кішісі 2-де. Ортаншы қыздарының бірі 10 жаста, тағы біреуі 1-сыныпқа барады. Ләззат қыздарын сабаққа апарып, үй тірліктерімен жүргендіктен, жұмыс істемейді. Енді түгел бір отбасы асыраушысынан айырылды. Сондай-ақ олардың басында несие мен ипотека бар екен. 

Амангелді Шатаевтың отбасы

Марқұмның жұбайы күйеуі барда қиындық көрмей, еркелеп жүргендерін айтады.

“Күйеуім өте мықты еді, соның арқасында қиналмай, жақсы өмір сүрдік. Тарлық көрген жоқпыз. Тұйықтау, сабырлы болатын. Әрдайым сөзінде тұратын. Соңғы күндері мейірімі одан сайын артып, бар еркелігімді көтеріп жүрді. Мейрамханаларға апарып, қыдыртатын”, – дейді кеншінің жұбайы.

Төрт қызы әкесіне өте жақын болған. Сөзінше, күнде жұмыстан келерде төртеуі әкесін аялдамадан күтіп алатын.

Жұбайы кенші өмірінің соңғы сәттерінде өзгеріп, көп нәрселер толғандырып жүргенін жасырмады. 

“Өз ісін қатты жақсы көретін, жас күнінен шахтер боламын деп армандаған. Құрмет тақтасына да ілінді. Бірақ соңғы күндері жұмыстан қажып кетті. Бұрын-соңды ондайды мүлдем айтпайтын. “Мен шаршадым, бір өзім он адамның жұмысын істеймін” деді. Алайда ағасы “әлі жассың ғой, шаршама” деп сабырға шақырған”, – деді ол.

Амангелді пәтер алуға ниеттеніп жүрген екен. Әйелінің айтуы бойынша, хабарландыру сервистерінен күнде баспана іздеп, Ләззатқа көрсетіп отырған.

“Қыздарым өсіп келе жатыр. Төрт бөлмелі пәтер алуым керек” дейтін. Сатылып жатқан үйлерді көрсетіп, “мынау қалай?” деп сұрайды, мен әзілдеп, “оны алатын ақша жоқ қой” дейтін едім”, – дейді ол.

30 жастағы Ләззат ең соңғы күні жұбайын жұмысқа шығарып сала алмағандықтан, қоштаса алмай қалдым деп қапаланады. Ол өмірлері енді реттеліп, бірге қол ұстасып, түрлі белесті бағындырамыз деген сәтте жарының бақилық болғанына сене алар емес.

“Жұмысқа кетерде заттарын дайындап, шығарып салатынмын. Осы жолы кішкене сырқаттанғандықтан, өзі дайындалып кетті. Қызым шыға берісте әкесін жібергісі келмей, аяғына жабысып алды. Соны фотоға түсіріп, өз парақшама салған едім. Ол кезде бұл оның соңғы фотосы болатынын сезбедім де”, – дейді кеншінің әйелі.

Жарылыс түнде болғанымен, Ләззат апат туралы таңғы жетіде естіпті. Бұл суық хабарды күйеуінің әріптесінің жұбайы айтқан.

“Кеншілердің мәйітін анықтауға қайын ағаларым кірді. Оның денесі бөлшектелмей, бүтін табылған. Аяғы ғана күйген. Кейін көп адамдардың денесі бөлшектеліп, кім екені анықталмай жатқандарды көрдік”, – деді ол.

30 жастағы Ләззаттың айтуынша, Амангелді екі жасында әкесінен айырылған, анасы жалғыз өсірген. Енді қыздары да әкесінің тағдырын қайталайтыны оның жанына батады.

“Төрт баламен жалғыз қаламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Түсім болса екен деп көзімді жұмып, оянып кетуді армандаймын. Әзірге жанымызда туыстарымыз жүр. Алайда бәрі тарағаннан кейін жалғыздық біліне бастайды, содан қорқамын. Бірақ балаларым үшін мықты болуым керек екенін түсінемін. Мөлдір, Кәусар атты екі үлкен қызым әкесінен айырылғандарын біледі, алайда екі кіші қызым әзірге білмейді. Маған “әкем қайда, неге полиция іздемей жатыр?” деп сұрайды. Апаттан кейін денені тапқан кезде, “неге әкесіз келдің, оны неге тастап кетесің?” деп ренжіді”, – дейді төрт баланың анасы.

Айтуынша, күйеуі бұған дейін жұмыстан қолы сырылып, қанатып келген кездер болған. Алайда жесір қалған ана басшылық немесе тағы біреулермен айқасуға, соттасып, кінәлілерді анықтауға шамасы жоқ екенін айтты. Десе де қаржылай көмектен үмітті.

“Бастығын кінәламаймын, олармен айқасатын күшім жоқ. Бар жігерімді төрт балама жұмсаймын. Алайда жұмысқа шықсам, қыздарым қараусыз қалады, оған жағдай жоқ. Сол үшін көмек беріледі деген үміттемін, күйеуімнің еңбегі еленуі керек. Ол күн-түн демей, тер төкті. Барлық халық алаңсыз ұйқыда болған кезде ұйқысыз еңбек етті. Олар төрт балапанымды аяққа тұрғызып, көмектесуге міндетті”, – деді әйел. 

Отағасынан айырылған әйел басқа отбасыларға бір-бірімен сыйластықта болуға кеңес берді.

“Қолда барда алтынның қадірін біл” дейді ғой. Жұбайыңыз шахтада немесе сол сияқты ауыр жұмыстарда істейтін болса, сабыр сақтаңыздар. Олардың қызметі қаншалықты қиын екенін түсінсеңіздер деймін. Арадағы сыйластық жойылмасын, кешірімді болыңыздар. Мен үшін күйеуіммен бірге шай ішіп, ақылдасып, бірге қыдырған күндеріміздің бәрі қол жетпес арманға айналды. Қол ұстасып жүрген кездерімізді аңсаймын”, – деп ішкі толғанысымен бөлісті Ләззат Жұмаділова. 

Фото: жеке мұрағаттан