Қоқыс полигондарын экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіру мәселесі талқыланды
«AMANAT»: Коммуналдық қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды
377
оқылды

Коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және олардың орындалуы «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен  отырысында талқыланды.

Жалпы өңірде 145 елді мекенге полигон қызметі үшін барлығы 402 гектар жер учаскелері белгіленген. Облыс аумағында қоқыс полигондары кезең-кезеңімен экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендірілуде. Нақты кезеңде аймақтағы 7 полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сай деп айтуға негіз бар. Сондай-ақ, Арал, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарында жаңа полигондардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. 

Жиын барысында хабарлама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев коммуналдық қалдықтарды басқару бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. 

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде  Сырдария ауданында коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама жобасы әзірленіп, аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Жоба аудандық мәслихат сессиясында  бекітілмек. Ал Жаңақорған ауданында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Сол сияқты облысқа қарасты өзге аудан әкімдіктері тарапынан да бағдарламаны әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуда.

«Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Жалпы облыс аумағында тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 18 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Жыл басынан 9 айында жинақталған 126,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың  34,2  мың тоннасы өңделді. Пайыздық үлесі 27,0 % құрады»,- дейді басқарма басшысы.

Жиын барысында халықты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамту бойынша да мәселе сөз болды. Бұл жайында  Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы  Нұрбек Садыков атап өтті.

«Бүгінде облыс тұрғындарының 71,5% тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген. Жалпы облыста қалдықтар үшін 15 287 темір контейнерлер, бөлек жинауға арналған 3 074 контейнерлер  және құрамында сынабы бар шамдар үшін 874 дана арнайы контейнерлер орнатылған. Сондай-ақ, 2022 жылы Қызылорда облысында коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау үшін 625 контейнерлер орнатылды. Биыл жергілікті бюджеттен 17,1 млн. теңге қаржы бөлініп, облыс елді-мекендерінде қалдықтарға арналған 654 контейнер орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы «AMANAT» партиясының Сайлауалды  бағдарламасына қамтылып отыр», - деді Нұрбек Садыков.

Жиын соңында  жұмысты жетілдіру бағытында кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды сараланды. Кеңес төрағасы Жорабек Нұрымбетов  партия тарапынан экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шараларды күшейтіп ғана қоймай, оның орындаулын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті. 

Жиынға ZOOM арқылы қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары және жауапты бөлім басшылары қатысты.