Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиыны өтті.
«AMANAT» фракциясы Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға шақырды
653
оқылды

Кеше Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынының қорытындысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады. Аталған заң жобаларында Президенттің Жолдауын және сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру ескерілді.

Депутаттар жиынды Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен бастады.

Отырысты ашқан Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттар мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін, оның ішінде жалақы мен зейнетақыны индекстеу, жәрдемақыларды көбейту, медициналық көмекті қамтамасыз ету сияқты басқа да басымдықтарды орындауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Бұдан соң сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 24 трлн теңге деңгейінде деп болжанып отырғанын жеткізді. Трансферттерді есепке алмағанда кірістер көлемі 16,1 трлн теңге болады деп жоспарлануда. 

«Бюджет жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын және сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыруды ескере отырып жасалды. Бұл жұмыс Үкіметтің ерекше бақылауында. Мәжілісмендердің тікелей араласуымен 2,4 трлн теңгеге жуық қаражат маңыздылығына қарай қайта қарастырылды. Бұл өте тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс болды. Өңірлерді дамытуға 2024-2026 жылдарға 7 трлн теңге қарастырылған»,  – деді вице-премьер.

Ерұлан Жамаубаев бұдан басқа «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге қарастырылғанын, 2025 жылға дейін 655 денсаулық сақтау нысанын салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланғанын айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 1,7 трлн теңге бағытталып, бұл ақша 369 мектептің құрылысына жұмсалады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов бюджет жобасын әзірлеу барысында халық қалаулылары  мемлекеттік органдардан қосымша мәліметтер алу үшін 200-ден астам сауал жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ депутаттар заң жобаларына 300-ге жуық түзету енгізді.

«Бюджеттің шығыстарын бюджет тапшылығын ұлғайту және Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабу үрдісі сақталуда. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге, оның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге тарту жоспарлануда»,  –  деді халық қалаулысы.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.

«Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордан трансферттерді қысқартуды және бюджет тапшылығы мәселесін үнемі оның қаражаты есебінен шешпеуді бірнеше рет тапсырды. Кіріс бөлігін толықтыруға арналған резерв мәселесін экономиканың барлық секторындағы тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқылы шешу керек. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Енді Ұлттық қордан ақша бөлу туралы кез келген ақпаратқа төлем алуға үміткер балалардың ата-аналары қатты назар аударады. Бұл өте сезімтал мәселе және оған өте мұқият қарау керек», – деді ол.

«AMANAT» Төрағасы Қарағандыдағы қайғылы оқиға өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемалардың тағы да бетін ашқанын бас айтты. Мәселені шешу үшін партияның сайлауалды бағдарламасында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін барлық қызметкердің өмірі мен денсаулығын міндетті сақтандыру, сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі стандарттарды жоғарылату көзделген. Енді Үкімет тиісті қаржы бөлуді ескере отырып, осы шараларды іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударуы керек.

Сондай-ақ партия Төрағасы бюджет жобасын қарау кезінде азаматтарға берілген уәделердің сапалы орындалуына басымдық берілетінін атап өтті.

«Депутаттар заң жобасына 1,7 трлн теңгені құраған арнайы түзетулерге ұсыныстар берді. Биыл біз рекордты жаңарттық деп айта аламыз. Бюджет қаражаты Мемлекет басшысының Жолдауында, Президенттің сайлауалды бағдарламасында және партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген шараларды уақытылы және сапалы орындауға арналған. Бұл біздің Үкіметпен бірге халық алдындағы ортақ жауапкершілігіміз»,  –  деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

Фракция жиналысында Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров, Марат Бәшімов, Қайрат Балабиев, Юлия Кучинская, Вера Ким және басқалар сөз сөйледі. Халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақ қойып, толыққанды жауап алды.