Елімізде ресми статистика бойынша, 8,5 млн адам несие «қамытына» байланған.
AIQYN YouTube арнасында 11 баланың әкесі Болатбек Әлмұханов: Ата-бабамыз кредитсіз де өмір сүрген
2,477
оқылды

Үрейлі статистикаға қатысты көпбалалы әке Болатбек Әлмұханов ойын былай өрбітті. Әлеуметтік желілерде ғұмырында несие алмай, 11 баласын өсіріп отырған Болатбек Әлмұханов AIQYN YouTube арнасына сұхбат берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Қазір елде мына «Қарызсыз қоғам» деген жүріп жатыр ғой. Көп қарызданып, несие алып жаба алмай жүрген отбасылар көп. Ондай адамдар айналамда да бар. Той жасаймын, машина аламын деп қарызға батқан. Беталды несие алудың қажеті жоқ. Мысалы, ол бір мекемеде жұмыс істеп жүріп, ол жабылып қалды делік. Ал кредит жабылмайды ғой.  Бұл бала-шағасына, әйеліне ауыр тиеді. Күнделікті табысыңды таба алмай қаласың, шаңырағыңда айғай басталады, – деді. Тіпті, «Несиеге той жасау – ақымақтық» деп ойын түйіндеді. 

 

– Той жасаймын деген сылтаумен бес жыл бойы тапқан-тергеніңді банкке құю ақымақтық. «Анау той жасағанда, мен жасамаймын ба?» деп көкіректеніп шығады. Ол көкірегі той қызуы басылып, кредит алқымнан қысқанда басылады, – дейді. Тіпті, тойды ысырапқа бой алдырмай-ақ жасауға болатынын айтты.  

– Тойды шамаң келгенше жаса. Міндетті түрде ресторанда той жасау керек деген талап жоқ қой. Үйіңде де жасай бер. Бір күн ағайыныңды, бір күн достарыңды, бір күн туыстарыңды шақыр. Мен де солай істеймін. Ата-бабаларымыз да солай отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізген. Олар кредитсіз де өмір сүрді ғой, – деп ойын түйіндеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін AIQYN YouTube арнасына сұхбат берген қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Мемлекеттің мүлкі талан-таражға түсіп жатқанда қолымда билік болды» деген болатын.