Қазіргі кезде елімізде соңы өлімге апарып соқты­рып жатқан ауыр сырқаттың бір түрі – инсульт. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады, өкінішке қарай көп жағдайда оның аяғы мүгедектікке әкелетін көрінеді.
Халық қажеттілігін өтеу – негізгі мақсат
418
оқылды

Қазақстанның ең қымбат қазынасы – халқы болса, халыққа керек басты қажеттілік – ден­саулық. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдар­ламасында жан-жақты қамтылған. 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарлама­сында еліміздегі инсульт орталық­тары мен коронарлық көмек беру орталықтары желісін кеңейтуге баса назар аударылған. 

– Жалпы, біздің медицинада қан айналым жүйесі ауруларын емдеу ісінде үлкен реформа керек. Ең алдымен шешілуге тиіс мәселе – медицина қызметкерлерінің қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі. Партияның сайлауалды бағ­дарламасында бұл мәселеге үлкен мән берілді. Өңірлерде ауруханалар, фельдшерлік орта­лықтар, емханалар салыну керек. Дегенмен бұл салада үкіметтің үлкен жоспары бар және оның алды жүзеге аса бастағанын көріп отырмыз, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза. 

Денсаулық сақтау министр­лігінің дерегінше, биыл жаңадан ашылған 79 инсульт орталығында 30 мыңнан астам адам емделген. Оған қоса, жедел коронарлық синдром және миокард инфарктісі кезінде 44 коронарлық араласу орталығы медициналық көмек түрін көрсетеді. 2025 жылға дейін елімізде тағы 6 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу ор­талығы ашылады.

Аталған салада тағы бір ба­сым­дық берер дүние – ауыл ме­дицинасы. Қала мен ауыл өмірінің арасындағы әлеуметтік алшақтық ондаған жылдар бойы теңестіріл­мей келе жатқан жайт. Үкімет та­рапынан жыл сайын қаражат бөлініп, бағдарламалар қабылда­нып жатқанымен жұмыс жүйелі түрде жүріп кеткен жоқ. Қазір қаладағы күнделікті тіршілікке жаңа өндірістер, технологиялық мүмкіндіктер жылдам еніп жат­қанымен, шалғай өңірлер «жаңа­шыл­дықтан» алыстап бара жатыр. Оның ең басты себебінің бірі –демография мен миграция мә­селесі. Тек былтырдың өзінде ауыл­дық жерлерден 326 мыңға жуық адам қалаға көшкен. Жер­гілікті әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, елімізде тұрғын саны 50 адамнан аспайтын 549 елді мекен бар. Демек, алдағы уақытта 549 ауыл «мәртебесінен» айырылып, картадан түсіп қалады деген сөз. Депутат Самат Нұртаза ауылда медициналық қызмет сапасының жақсармай отыруына нарықтық құбылыстар да үлкен әсер етіп отырғанын айтады. «Бір жағынан жастар қазіргі қоғамдық үдеріске, нарық талабына байланысты шалғай жерлерге аса қызықпайды. Қаладағы студент ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға т.б. демалыс орындарына барып үйренген, ауылда ондай орындар жоқ. Инфрақұрылымы дамыма­ған. Жас маманды ауылға күштеп апара алмайсың ғой», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, 2009 жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы осы уақыт аралығында өзін-өзі толық ақтай алған жоқ. «Егер біз ауылға баратын жас маманның жала­қысын екі есеге дейін көбейтсек, жастар белгілі бір уақытқа тә­жірибе жинау үшін барып жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан бюд­жеттен шалғай өңірдің медицина мамандарына арнайы қаражат бөлінгені дұрыс деп есептеймін», – дейді С.Нұртаза.

Айта кетейік, 2019–2022 жыл­дар аралығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бюджеттен 9,5 млрд теңге жәр­демақы бөлініп, ауылдарға барған 35,5 мың азаматқа берілген. Үкі­меттің «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» аталған бағдарламаға қатысты нор­мативтер қайта қаралып жатыр. 

Ауылдарда тұрғындар ділгір болып отырған қажеттілік – бай­ланыстың нашарлығы. Кейбір елді мекендерде интернет мүлдем ұстамайды. Әсіресе, шекарада орналасқан ауыл халқы осы жағдайдан көп зиян шегіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазан күні Астанада өткен Digital Bridge–2023 халықаралық форумында үкімет­ке шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету мә­селесін жоспардын тыс қарас­тырып, тез арада шешуді тапсыр­ған болатын. «AMANAT» пар­тиясы да қазақстандық байланыс спутниктерінің көмегімен шал­ғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуді ұсынып отыр. «Шекара біздің мемлекетіміздің тікелей қаупсіздігімен байла­нысты. Ол аймақта адам аз екен деп интернет орнатпасақ, өз теле­арнамызды, радиомызды апар­масақ, ертеңгі күні ол жерден айырылып қалуымыз да мүмкін деген сөз. Сондықтан да шекара­лық аумақты адам санына қарап бағаламай, оған біртұтас Қазақ­стан Республикасының террито­рия­сы деп қарауымыз қажет. Рес­­публикамыздың кез келген пұш­пағында мемлекеттің барлық нышандарының болуы, жұмыс істеп тұруы міндетті. Әрине, жеке компания болсын, кәсіпкер бол­сын өзінің салған инвестициясын жылдам қайтаруы үшін халықтың көп шоғырланған жерін таңдайды. Ол – нарық заңы. Дегенмен бұл жерде мемлекеттік мүдде, мемле­кетшілдік деген ұғым алдыға шы­ғуы керек. Үкімет бұл мәселелерді жүйелі түрде қарастыра отырып шешуі қажет», – дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.

 «AMANAT» партиясы мін­детіне алған негізгі мәселенің бірі – мектепке дейінгі білім беру ісін жүйелі түрде дамыту. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, биылғы қыркүйектен бастап тәрбиеші­лердің жалақысы 30%-ға өсті. Ендігі міндет – халықаралық бі­лім беру талаптары мен деңгейіне сәйкестендіру. «Партияның сай­лауалды бағдарламасында уәде етілгендей, қазіргі күні халықа­ралық тәжірибе зерделенді және еліміздің мектепке дейінгі ұйым­дарында тәжірибеде қолдану үшін оңтайлы тәсілдер қарастырылды. Баланың жас аралығына бай­ланысты ойын арқылы үйрету, ойын арқылы дамыту методикасы енгізілді. Бұл соңғы уақыттардағы мектепалды даярлық саласына қатысты жаңа әдістеменің бірі. Балабақша қабырғасындағы сәбилер осы жерден сапалы даяр­лықтан өтіп, бастауыш сыныпқа келгенде алғашқы пәндерді қа­был­дауға дайын болып баруы тиіс», – дейді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, дамыған елдерде тәрбиешінің жүктемесі біздегіден екі есе төмен, соған сай тәрбие беру ісінің мазмұны да жоғары. Сол себепті қолға алы­нып отырған 40 сағаттық жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшу және «тәрбиеші-тәрбиеленуші» арақатынасын ЭЫДҰ норма­ларына келтіру үшін мектепке дейінгі ұйымдар педагогінің жа­лақысын кезең-кезеңімен арт­тыру мәселесі де өзекті болып отыр. «40 сағаттық жұмыс апта­сына көшу мәселесіне орай, қазіргі күні 39 балабақшада пи­лоттық жоба жүзеге асырылды. Егер топтағы сәбилердің жасы 2-де болса 20 бала, одан жоғары жас болса 25 бала бір топта болуы керек деп есептедік. Бірақ бұл әдіс үлкен қаражатты қажет ететін болды. Сондықтан Үкімет айлық жалақыны жан басына шаққан­дағы қаржыландыру көрсеткішін көтеру арқылы көтеруді қарас­тырып отыр. Яғни, биыл тәр­бие­шінің жалақысына 30 пайыз қо­сылды, 2024 жылы тағы 40 пайыз, ал 2025 жылы тағы 30 пайыз ке­зең-кезеңімен қосыл­мақ», – дейді депутат. Бұдан бө­лек, үкімет жос­парында жан басына шақ­қандағы нормативті ұлғайту арқылы да ай­лық жала­қыны көтеру қарас­тырылуда. Себебі қазіргі демогра­фиялық өсімнің жоғары болуына орай, балабақша қызметіне сұ­раныс та жоғары.

Орта мектеп базасында оқу­шының тұлғалық дамуына жағдай жасап, кәсіби біліктілігін көтеру де білім саласында жүзеге асы­рылып жатқан жаңашыл істің бірі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлей­менова 10-11 сынып оқушыла­рына қосымша білім беріп, кол­ледждер базасында біліктілігін дамыту туралы жобаның да бо­лашағы зор екенін айтады. «Осы арқылы жоғары сынып оқушысы өзі тұрып жатқан жердегі кол­ледж­дерге барып, өз қалауына орай, жұмысшы мамандықтың қыр-сырымен танысады, үйреніп, өзіне қажетті іске дағдыланады. Қазір министрлік 16 мамандықтың тізі­мін бекітті. Әр өңір бойынша екі колледжден бекітілді. Бұдан былай жоғары сынып оқушысы мектеп­те­гі оқуын жалғастыра оты­­рып, жұ­мыс­шы мамандық­тар­ға да бағ­дарланатын болады», – дейді ол. 

Яғни, 11-сыныпты бітіріп шық­қан кезде жалпы орта білімді иеленгенінен бөлек қолында қо­сымша жұмысшы маман­ды­ғының сертификаты болады. Сондықтан бұл – болашақ үшін өте қажет жобаның бірі. «Өйткені қазіргі таңда дипломды азаматтар көп болғанымен бір іске икемі бар, мәселен шеге қағуды білетін адам аз. Өкінішке қарай, қазіргі ел экономикасында сондай ке­зеңге келіп тұрмыз. Бұл бір, екін­шіден, еңбек нарығы ұдайы өз­геріп жа­тыр. Бұған демография, миграция ағымдары, әлемдік тен­денциялар әсер етуде. Мектеп, уни­верситетте алып шыққан білім­мен өмір бойы жұмыс істеу мүм­кін болмай қалды. Абай атамыз­дың «сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та, бар, қалан!» деген сөзінің мән-маңызы осы кезеңге тура келіп тұр», – дейді Ж.Сүлейменова. 

Дегенмен мұндағы ескеретін жайт – балалар қауіпсіздігі. Ең алдымен жұмысшы мамандығын алып шыққан оқушының қауіп­сіздік мәселесі бірінші орында тұруы керек. Жұлдыз Досберген­қызының айтуынша, депутаттар осы мәселеге орай заңға өзгерістер енгізуді ұсынып, Үкіметке жол­даған.

Бек БОЛАТ