Партияның сайлауалды уәделерінің мәнін құрайтын басымдықтарының іске асырылу барысы қаралды.
Уәде – орындалуымен, жұмыс – нәтижесімен құнды
1,007
оқылды

Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті мәжілісінде өңір тұрғындары үшін өзекті болып табылатын, партияның сайлауалды уәделерінің мәнін құрайтын басымдықтарының іске асырылу барысы қаралды.

Мәжіліс облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиевтің төрағалығымен өтіп, оған облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішев, облыс әкімінің орынбасарлары Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, Ермек Кенжеханұлы, облыс прокурорының орынбасары Саян Шаймұратұлы Келдібеков, фракция мүшелері мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұрмахан Тапиев қатысты.

«Сайлауалды бағдарламада өңіріміздің ауыл шаруашылығын дамыту, сапалы жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлер мен жастарды қолдау, туризм, білім, медицина, мәдениет, спортты дамыту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен, газбен, электр энергиясымен қамтамасыз ету, жолдардың сапасын арттыру, секілді облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін, әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қамтылған. Біздің басты міндетіміз халыққа берген уәделерімізді сапалы орындап, олардың партияға деген сенімін, нығайту болып табылатындығын назарларыңызға салғым келеді», – деп атап өтті мәжіліс жұмысын ашқан фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстық партия филиалының Сайлауалды бағдарламасы жол картасының жүзеге асырылуы туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы Көшеров хабарлама жасады. Спикер сайлауалды бағдарламаның облыстық Жол картасы өңір тұрғындарының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, облыстық экологиялық ахуалын жақсарту сынды 4 негізгі бағытты қамтып, олардың аясында  барлығы 136 іс-шараны жүзеге асыру көзделгенін жеткізді. Биылғы жылы жол картасында айқындалған 101 іс-шараны орындау жоспарланғанын айтты. Жоспардың барлық тармақтары бойынша оң динамика байқалатынын, көзделген іс-шаралар аясында ауқымды жұмыстар жүргенін мәлімдеді. Нәтижесінде өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуда түбегейлі жаңа ұстаным қалыптасып, облыста сапалы ауыз су мен газ жүйелерін тарту бастамалары қарқын алғанын айтты.   

Барлық сала бойынша айқындалған көрсеткіштердің толығымен орындалуы, оның ішінде елді мекендерді таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстары мәслихаттағы партиялық фракция депутаттарының және партияның өңірлік филиалының тұрақты бақылауында. Фракция жетекшісі жол картасында биылғы жылы 38 мектептің жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру міндеті көзделгенін атап өттті. «Алайда, біздің зерделеуімізбен жылу қазандықтарын газға ауыстыруды талап ететін мектептер саны  46 бірлік болып отыр. Жылу маусымы басталды. Балаларымыз қыста жаурап қалмай ма?» деген сұрақты жолдады Алтынсары Дүйсенбекұлы. Осынау сауалға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан кезең-кезеңмен атқарылып жатқандығы жөнінде жауап берді. 

Партияның сайлауалды міндеттемелерінің орындалуы бойынша мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлы Сәбитовтың, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараевтың есептері тыңдалды. Географиялық орналасуы бір белдеуде жатқан, шаруашылық мүмкіндіктері біркелкі аймақтардың даму көрсеткіштері де бірдей нәтижені көрсетіп отыр. Аудандарда серпінді өндірістік жобалар қолға алынып, тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылған. Халықтың талап-тілегі ескеріліп, әлеуметтік нысандар құрылыстары, жол салу жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымдық даму бастамалары қарқын алған. Дегенмен, жекелеген көрсеткіштер бойынша аудан басшыларына нәтижелі жұмыстар атқару тапсырылып, тұрғындардың талап-тілегін мұқият зерделеу керектігі ескертілді. 

Ауылдарда электр қуаты сапасының төмендеуі, электр жүйелерінің тозуы, су арналарының экологиялық ахуалы бойынша біршама сын-ескертпелер айтылды. Облыс тұрғындарын басты энергожабдықтаушы ұйым – «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қызметін фракция мәжілісінде арнайы қарау ұйғарылды.

Партия белгілеген негізгі көрсеткіш – «Жер аманаты» жобасы аясында жоспарланған 333,2 мың га жайылым жердің  бүгінде 201,7 мың гектары ортақ жайылымға қайтарылды. Жер ресурсымен байланысты жұмыс нәтижелері таралы Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Амангелдіұлы Тілеген мен Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Абайұлы Досжановтың есептері тыңдалып, қоғам игілігіне қайтарылуы тиіс жерлер бойынша жұмыс барысы тыңдалды.

Бұл тақырып жиынға қатысушылар арасында қызу талқыға түсті. Мәжіліске қатысқан Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Шаймұратұлы Келдібеков соңғы бес жылда берілген жерлердің мақсатты пайдаланылуын зерделеу керектігін айтып, жаңадан салынған әлеуметтік нысандарды пайдалануға қабылдау комиссиялары құрамының сапасын арттыру мәселесін көтерді. Жер ресурстарын қайтару мәселесінде фракция депутаттары атқарушы мемлекеттік органдар өкілдеріне көптеген сауалдар қойып, бұл бағыттағы жұмыстарды белсене атқаруды тапсырды.  

Партияның тағы бір ауқымды бастамасы – «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге бағытталған.  Өңірімізде жобаны негізгі 6 бағыт бойынша іске асыру көзделіп, оның тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыты аясында 2,5%-бен 19,8 млрд теңгеге жеңілдетілген  несие беру жоспарланған.                           

Бүгінге жоба бойынша 12,3 млрд теңгеге 2 101 жоба қаржыландырылған. Қалған 5 бағыт – өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау міндеттемелерін орындау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жүктелген. Фракция депутаттары алдында жобаның жүзеге асырылуы туралы осы басқарманың басшысы Тұрғанбек Үсенбекұлы Оспанов хабарлама жасады. Түркістан облысының экономикалық тірегі – бұл ауыл шаруашылығы саласы.   «Ауыл аманатын» іске асыру нәтижесінде 3 220 ауыл шаруашылығы жобаларына қолдау көрсетіліп, 

3 413 жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Олардың есебінен жыл сайын қосымша 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, еңбек өнімділігі 1,5 есеге артпақ. Фракция мәжілісінде жобаның тиімділік тұстары жан-жақты қаралды.

Фракция мәжілісінде қаралған тағы бір өзекті тақырып – бұл бұл елді мекендердің табиғи газға қосылуы болды. Осы мәселе жөнінде депутаттық корпустың көмегіне жүгінетін, партияның қоғамдық қабылдауына жазылатын азаматтардың саны азаймай отыр. Өңірімізде құрылысы қолға алынған, жүргізілуі жоспарланған газ жүйелері жобаларының бүгінгі ахуалы туралы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Орынбекұлы Мұздыбековтың есебін тыңдадық. 

Биылғы жылы табиғи газ жүйелері бойынша 103 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 68 нысан биыл пайдалануға берілсе, 35 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.  Алдағы үш жылда табиғи газ тұтынатын елді мекендердің саны қосымша 200 бірлікке артып, 2025 жылға қарай Түркістан облысының газбен қамту көрсеткіші  86,7%-ға жететін болады. Яғни, облыстағы 833 елді мекеннің 722-сі орталықтандырылған газ жүйелеріне қосылған ауылдар санатында болмақ. 

Мәжілісте қаралған мәселелердің барлығы облыс тұрғындары үшін маңызды. Халықтың сұранысын атқарушы билік назарына жеткізген депутаттар елді мекендерді сапалы интернет байланысымен қамту мәселесін де қозғады. Межеленген жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының және партияның өңірлік филиалының жүйелі бақылауында болады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы.