«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесі өңірдегі құндылықтарды дәріптеп, өзекті мәселені қарайды.
Mıras Түркістанның рухани мұрасын түгендеуде
554
оқылды

Аты айтып тұрғандай, мұнда бас қосқан кеңес мүшелері мәдениет пен өнерді да­мы­туға арналған мәселелер төңіре­гінде көтерілген өзекті жайттарды ортаға салып талқылайды.

 Бүгінде Түркістан облысындағы Miras  қоғамдық кеңесінің 22 мүшесі бар.  «AMANAT» партиясы Түркістан облыс­тық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депу­таты Қалыйма Жантөреқызы төрағалық ететін кеңеске өңірге танымал Бекжігіт Сердәлі, Бекарыс Шойбеков, Жанахмет Ағыбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мәдениет саласының майталмандары, профес­сор­лар және ғылым кандидаттары енген. 

Бүгінде қоғамдық кеңес өңірдегі өнерді дамыту аясындағы жұмыстарға белсене араласып, бірқатар мәселенің шешілуіне түрткі болды. 

Жыл басынан бері «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің 4 отырысы өткен. Биылғы жылдың алғаш­қы отырысында қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылып,  кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар «Тұраннан шыққан тұлғалар»: Ах­мет Ясауидің туғанына 930 жыл, Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жылдық мерейтойын облыс көлемінде атап өтудің дайындық жұмыстары мен өткізу барысы талқыға салынды. Кеңес мүшелері тара­пы­нан ұсыныс-тілектер айтылып, мерей­той қарсаңында аталып өтетін іс-шаралар туралы шешімдер  анықталды. Осынау шешімнің орындалуы, MIRAS азаматтық қоғамы мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің бақылауына алынды.

Екінші отырыста мемлекеттік қызмет­ші­лердің мемлекеттік қызметке орналасу кезінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік білуі және қазақ тіліне құрметпен қарауды айқындайтын заңнамалық нормативтік-құқықтық норманы «Мем­ле­кеттік тіл» туралы заңына енгізу жайы талқыланды. Сондай-ақ кеңес мүшелері ауылдағы клубтар мен мәдениет үйле­рінің, кітапхана мен үйірме жұмыстарын жақсарту бойынша ойларын ортаға салды.

Жиын барысында облыстық Мә­дениет және туризм, Адами әлеуетті дамыту, облыстық Денешынықтыру және спорт, Сәулет және қала құрылысы басқармаларының, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ре­кторының есептері тыңдалды.  Қоғам­дық кеңес отырысының қорытындысымен тиісті шешімдер қабылданды.

Қоғамдық кеңестің кезекті үшінші оты­рысы Конституция күні мерекесіне арналған «Ата Заң – азат елдің ар-на­мысы» тақырыбы аясында өрбіді. Жиында Ата Заңды құрметтеу, азаматтарға отансүйгіштікті, ұлтжандылықты наси­хат­тау бойынша әлеуметтік желіде кеңі­нен ақпарат жариялау мәселесі сөз болды.  Кеңес мүшелері айтулы күннің тарихына шолу жасап, өзара пікір алмасты.  Сонымен бірге қоғамдық кеңестің келесі отырыстарында қоғамды толғандыратын тақырыптарды көтеру жөнінде  ұсыныстар айтылды. Кеңес отырысында айтылған ұсыныстар мен мәселелер назарға алын­ды.

Қоғамдық кеңес алдағы уақытта да өңірдегі зиялы қауыммен, өнер және мәдениет қайраткерлерімен жалпы қордаланған барлық мәселені шешуге атсалыспақ. 

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Түркістан облысы