Бұл факт ҚР Бюджет Кодексінің 4-бабы 9-тармақшасының қағидаты бұзылғанын куәландырады.
Павлодарда мердігер әлі жаумаған қарды тазалағаны үшін ақша алған
639
оқылды

Бұзушылықты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері анықтады. Фирмамен шарт 2023 жылдың соңына дейін жасалды, бірақ құжаттар бойынша жұмыс баяғыда орындалып, төленді деп көрсетілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Павлодар-онлайнға сілтеме жасап.

 

Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округінің әкімдігінде бюджет ақшасы негізсіз жұмсалды.

«2023 жылғы 10 ақпанда әкімдік жеткізушімен бір көзден алу тәсілімен Құндыкөл ауылдық округінің кентішілік және кірме автомобиль жолдарын қардан тазартуға – Құндыкөл, Егіндібұлақ және Біржанкөл ауылдарында 1 миллион теңгеге шарт жасасқаны анықталды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Келісімшарт бойынша мердігер қыста үш ауылды жылдың басында да, соңында да қарды тазартуы керек еді. Яғни қаңтар, ақпан, наурыз, қараша және желтоқсан айларында.

Алда тағы екі ай жұмыс күтіп тұр, Баянауыл ауданында әлі қар жауған жоқ, бірақ әкімдік жеткізуші өзінің шарттық міндеттемелерін толығымен орындады деп есептеді. Шарттың барлық сомасына орындалған жұмыстардың актілеріне наурыз айында қол қойылды.

«Осы жылдың қараша және желтоқсан айларында қарды кім және қандай қаражатқа тазалайды деп жоспарланып отыр деген сұрақ туындайды. Осылайша, бұл факт ҚР Бюджет Кодексінің 4-бабының 9-тармақшасымен регламенттелген негізділік қағидатының бұзылғанын куәландырады», – деп есептейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бұрын сол ауылдық округте зейнеткер күзде жауған қар мен үйдің алдындағы қарды видеоға түсіргені үшін көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды. 

Қазір ауылдық округті басқа адам басқарады, алайда 2023 жылдың наурызында орындалған жұмыс актілеріне алдыңғы басшы қол қойған.

Фото: pavon.kz