Іс-шараға 112 жас маман қатысты.
Дарынды балалармен жұмыс істеу технологиялары талқыланды
957
оқылды

Астана қаласы әкімдігінің дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты 2023 жылғы 17 қазан күні «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақстанның білім беру кеңістігінің дамуындағы «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесі» атты республикалық іс-шаралар аясындағы педагогикалық шеберхана форматындағы өз тәжірибесімен  бөлісуге елордамыздың жас педагогтерін шақырды. Іс-шараға 112 жас маман қатысты. Оларды лицей кіре берісінен ұлттық аспаптарда тамаша күй әуенімен жас өнерпаздар, өзін-өзі басқару орталығының жігіттері тамаша таңғы тілек жазылған жүрекше мен тәттімен қарсы алып, ерекше көңіл күй сыйлады. Шараның ашылуына шақырылған қонақтар  мен лицей басшысы  Руслан Алмасұлы Сихимбеков жылы лебіздерін білдіріп, іс-шараға сәттілік тіледі.

БИЛ-дің  оқу, тәрбие және дарындылықты дамытуды табысты жүзеге асыруындағы  30 жылдық қордаланған тәжірибесімен бөлісу және заманауи талаптарға сай үлгілерін көрсету, қатысушылармен кері байланыс жасау және тәжірибе алмасу мақсатында «Педагогикалық шеберхана» жұмысы 4 бағытта (оқу, тәрбие, бейіндік және кәсіби бағдар беру) шаралар жүргізді.

Оқу-әдістемелік бағытта жаратылыстану-математикалық  пен қоғамдық-гуманитарлық пәндердің кіріктірілген форматы көрсетілді.                 7-сыныпта тарих, қазақ тілі, географиядан «Табиғи апаттар және олардан сақтану» тақырыбында мұғалімдер Гулькайын Жатакбаева,  Нұргүл Рамазанова,   Елдос Оспаналиев,  8-сыныпта қазақ тілі, биология, орыс тілінен «Дені саудың тәні сау» тақырыбында мұғалімдер  Саним Естемисова,  Толқын Ахметжанова,  Жанар Сейфуллина, 9-сыныпта ағылшын тілі, физика қазақ тілінен мұғалімдер Бағила  Мажибиева, Мөлдір Сейлбаева, жас маман Ғалымжан Өтеген сабақтар өткізді.

Бейіндік бағытта оқушы бойында дарындылықты дамытудың жолдары мен пән олимпиадаларына дайындаудың қырлары мен сырлары туралы жас мамандармен әлемдік ұстаз Гул Муаммер  мен директордың орынбасары  Гульнар Рахимова бөлісті.  Лицейдеде кәсіби бағдар беру жұмысының жүргізілу барысымен  Русланбек Қорғанов таныстырды.

«Құндылыққа негізделген тәрбие беру – заман талабы»  тақырыбымен 10-сынып жетекшісі  Нұрсұлтан Мауканов, мектеп, оқушы, ата-ана ынтымақтастығы туралы лицей ата-анасы  Алма Сыздықова  тамаша ойларын ортаға салды.

-Іс-шара соңында қатысушылармен жаңа форматта кері байланыс жасалып, жас мамандар тұжырымды, жүрекжарды пікірлерін айтты.

Лицей парақшасына тіркеліп, тамаша пікір, видео, контент жазған 7 әріптеске сыйлық  табысталды. Барлық қатысушылар керемет көңіл күймен, жаңа серпіліс алып кетті.