«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда тұратын адамдардың мүддесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
Шымкент әуежайының іргесінде тұратын адамдардың баспанасы заңдастырылуы тиіс – «AMANAT» депутаттары
1,277
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері   Бас прокурор Берік Асылов пен  Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда тұратын адамдардың мүддесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Біздін депутаттық сауалымыз Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда тұратын адамдардың жанайқайы.

Бүгінде республика бойынша әуежай маңындағы аумақ шегінде белгіленген шектеулерді сақтау мақсатында,  онда заңсыз орналасқан тұрғын үйлерді және басқа да ғимараттарды бұзу және жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метр қашықтық осындай қауіпті аймақ деп белгіленген.

Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, Шымкент қаласының әуежайы бойынша осындай қызыл сызық аумағында барлығы 284 (139,0 га) жер учаскесі орналасқан.

 Онда басқа объектілермен қатар, халық тұратын 179 жекеменшік тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде  128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағаны, жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ екені анықталған.

Мұндай жағдайдың республиканың барлық өңірлерінде болып отырғаны белгілі.

Бұған дәлел – Бас прокуратураның мәліметі, ол бойынша  аэродром маңы аумағында тиісті келісімі алынбаған 100 мыңнан астам құрылыс нысаны салынған», – делінген депутаттар сауалында.

Қазір Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метрлік аумақта орналасқан тұрғындарға олардың жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару туралы хабарлама тарату жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Алайда жер учаскелерінің алынатыны тұрғындар арасында үлкен қобалжу мен алаңдушылық туғызып отыр. Әсіресе 15-20 жылдан бері осы жерде тұрып жатқан, алайда  үйлері заңдастырылмаған 51 отбасы баспанасынан айырылып қана қалмай, сонымен қатар олар мемлекет тарапынан нарықтық бағамен берілетін өтемақыны да алуға құқықтары болмайды.

Бұл жағдай Шымкентте халық арасында дүрбелең туғызуы ықтимал фактор.

«AMANAT» фракциясы қандай да бір шешім қабылданған кезде, азаматтардың мұң-мүддесі ескерілуі тиіс деп есептейді!

Сондықтан: 

51 отбасының өздері тұрып жатқан жер учаскелеріне құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруы үшін шұғыл шаралар қабылдауды;

Жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару кезінде берілетін өтемақы сомасында тұрғын үйдің бағасымен қатар, жер учаскесі құнының есепке алынуын қатаң бақылауға алуды;

Шымкент қаласы аэропортының ұшу жолақтарын солтүстік-батыс аумағына көшіру мәселесін қарастыруды сұраймыз», – дейді халық қалаулылары.

Фото: otyrar.kz