Түркістан облысы құрылған сәт­тен бастап оның әлеуметтік-эко­номикалық дамуымен қатар, Түркі-с­тан қаласының идеологиялық негіз­демесін қалыптастыру бойынша 4 ба­ғыт айқындалған болатын.
Түркістан – түркілердің туристік астанасы
1,157
оқылды

Бірін­шіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркітілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түр­кістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бо­йында орналасқан ірі сауда орта­лы-ғы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. 

Түркістан облыс болып құрылғалы 5 жылдан асты, осы уақыт ішінде аталған бағыттар бойынша көптеген идеологиялық жұ­мыс атқарылды. Дәлірек айтсақ, өңірлік және халықаралық деңгейде туризмді дамыту үшін бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Күні бүгінге дейін ту­ризм бағытында 356 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған.

Міне, соның нәтижесі деп айтуға бо­лады, қайта түлеп жатқан Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл туралы түркі елдерінің өкілдері арасында өткен Түркістандағы туристік форумда белгілі болды.

«Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» халықаралық туристік форумы атауымен бауырлас елдердің басын қосқан келелі жиынға Түркі мемлекеттері ұйы­мының (ТМҰ) Бас хатшысы орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты ми­нистрліктері мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Түркия, Әзер­бай­жан, Мажарстан, Қырғыз Рес­пуб­лика­сы және Өзбекстан мемлекеттерінен кел­ген бауырлар бас қосып, келелі мәселелерді ортаға салды. 

Алқалы жиында сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар бүгінгі шараның маңыз­ды­лығын атап өтіп, түркі жұрты кие сана­ған қасиетті мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. 

«Әлемдік туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Бүгінгі іс-шара түркітілдес елдер арасындағы туризм бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосады. Түркітілдес халықтардың мәде­ниеті мен өркениетін нығайтуға айрықша серпін береді. 2021 жылы 31 наурызда түр-кітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды – түркі әлемінің ру­хани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркітілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесу­лері мен келісімдері Түркістанға тың сер­пін береді. Жаңа Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін, – деді өңір басшысы. 

 Бүгінде жаңа облыс орталығына ай­нал­ған шаһарда халықтың игілігі үшін денсаулық, білім, мәдениет, спорт нысан­дары салынып жатқанын жеткізген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы тапсырмасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысынан өтіп жатқанын атап өтті. 

Облыс әкімінің айтуынша, облыс аума­ғында 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш­тер орналасқан. Оның ішінде бірегейі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі.

Сонымен қатар облыс аумағында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Биосфера­лық объектілер тізіміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары бар. Өңірді өркендету үшін Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары қабылданды. 

Жоспар аясында бүгінге дейін Түркі- с­тан қаласында 29 әлеуметтік-мәдени ны­сан бой көтерді. Өткізу қабілеті жылына 3 млн адамды құрайтын халықаралық Hazret Sultan әуежайы іске қосылды. Аталған іс-шаралар мен қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар отандық және шетелдік туристік ағынды ұлғайтуды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Түркістанды Өзбекстан мемлекетімен жалғайтын Түркістан-Нурафшон бағытында тұрақты автобус рейсі қосылмақ. Бұл жұмыстарды іске асыру бойынша елдердің жауапты минис­трліктері арқылы келіссөздер жүргізілді.

Осы орайда, облыста 5 жылдың ішінде 72 жаңа қонақүй іске қосылды (қазір облыста 220 қонақүй). Туризм бағытында 356 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде Түркістан қаласының үлесі 275 млрд теңгені құрап отыр. Ал шаһарға келушілердің саны миллионға жетіп, туристік қызмет сапасы жақсарып келеді. 

Өткен жылдары Түркістанда түрік Парламенттерінің отырысы, Voice of Turan халықаралық ән фестивалі, түркітілдес елдердің анимациялық көрмесі, «Тұран барысы» спорттық іс-шарасы, Түркі әлемінің этноподиумысынды маңызды іс-шараларды ұйымдастырылды.

Жалпы, өңірде түркі мемлекеттері ара­сын­да ортақ туристік әлеуетті көтеру мақса­тын­да арнайы құрылған платформа қалыптасқан. Оның бірі – түркі мемле­кеттері ұйымының туризм саласы бойынша жыл сайынғы басқосуы. 

Мұнда сала басшылары бірқатар ортақ жобаларды іске асыру қажеттігін талдайды. Бұл ретте Қазақстанның түркі елдері ара­сында этнотуризмді интеграциялық негізі ретінде дамытуға әлеуеті зор. Мұндай ин­тег­рациялық жобаларға Түркістан қала­сын­дағы тарихи ескерткіштер мен заман­ауи «Керуен сарай» туристік кешенін айтуға болады. 

«Түркі әлеміндегі этнотуристік ынты­мақ­тастықты одан әрі дамыту, жалпы мә­дени құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау үшін «Қолөнершілер орталығы» жобасын бірлесіп дамытуға шақырамын», – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Халықаралық туристік форумда Туризм және спорт вице-министрі Е.Еркинбаев құттықтауын жеткізіп, бірқатар бастамалар мен кешенді шараларды ұсынды. Мұнда алты бағыт қарастырылған.

Атап айтқанда, біріншіден – ТМҰ мүше мемлекеттер мен бақылаушы мем­ле­кеттердің ірі қалалары арасындағы әуе­рейстер санының артуы. Екіншіден – бірлескен туристік өнімдерді құру, серік­тестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту. Үшіншіден – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Таббарук Зиерат» пилоттық жобасын одан әрі жалғастыру. Төртіншіден  салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылды. Бесіншіден – туризм және қонақжайлылық бойынша оқытуға маман­дан­дырылған ТМҰ университеттер лига­сын құру. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды саналатын студент­тердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алтыншыдан, елдердің турис­тік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойын­ша тәжірибе алмасуды күшейту.

– ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастама­лардың бірі «Түркі әлемінің туристік астанасын» ерекше атап өтуге болады. Бұл бас­тама Ұлы Жібек жолы бойындағы қала­лардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді, – деді вице-министр.

Форумның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру.

Айта кетейік, күні кеше ТМҰ елде­ріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының жақын арадағы саммитінде жоспарлануда.

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы