10 қазанда Қазақстаннан 45 құтқарушы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға аттанған болатын.
Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстаннан елге оралды
1,274
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға барған ҚР ТЖМ күштері мен құралдары елге оралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Гуманитарлық миссияны орындау үшін жалпы 45 адам, оның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері жіберілген еді.

ТЖМ мәліметінше, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы, генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қазақстандық құтқарушылар жасағы қойылған міндеттерді абыроймен орындады.

Жер сілкінісі аймағынан оралған құтқарушыларды әуежайда әріптестері, туыстары мен жақындары қарсы алды.

Сонымен қатар «Lider.kz» қозғалысының волонтерлері құтқарушыларды кезекті рет қарсы алды. Олар Чарли, Джейкоб пен Евро атты құтқарушы иттерге медальдар дайындап қойған.

Гуманитарлық миссияға қатысушыларды ҚР ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов құттықтап, халықаралық құтқару операциялары біздің мамандарға кәсіби біліктілігін арттыруға және әртүрлі жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге көмектесетінін атап өтті.

Ауғанстандағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жергілікті 83 тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді. Наиброфи елді мекенінде қираған 700 үйдің учаскесін тексерді. Үйінді арасынан 1 баланың денесін тауып, алып шықты. Қатты шаңды дауылдан зардап шеккен 9 шатырлы қалашықтың орналасу орындарында тексеру жүргізілді. Қазақстандық құтқарушылар Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елді мекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.

Құтқарушыларымыз елге оралмас бұрын Ауған билігі қазақстандықтарға жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«Біз Қазақстанның қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз», – деді Ауғанстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Мохаджер Сахиб.