Атырау облысында республикалық тасжолда 9 айда қараусыз үй жануарларына соқтығысқан 94 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының бойында 15 қойды көлік қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырау облысында көлік 15 қойды басып кетті
603
оқылды

Атырау облыстық Полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының командирі Әділбек Шахметовтің айтуынша, оқиға кеше, 14 қазанда болған.

– Жергілікті уақытпен сағат таңғы 06:45 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 352-шақырымы тұсында Toyota Ipsum автокөлігі 15 қойды қағып, жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тексеру жұмыстары кезінде 1969 жылғы азамат қойларын тасжолды мал өтуге арналмаған тұсынан қиып өткізбек болғаны анықталды. Соған байланысты мал иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, жауапқа тартылды, – деп хабарлады Әділдек Шахметов.

Оның айтуынша, Toyota Ipsum автокөлігі Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылынан Атырау қаласына бағыт алғаны анықталып отыр.

– Көлік жүгізушісіне Миялы ауылынан шығар кезде Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескерткен. Алайда, көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің ескертуін елемей, жол-көлік апатына себепші болған, – деп мәлім етті Әділбек Шахметов.