Қаржылық сауаттылықты арт­тыруға бағытталған «Қарызсыз қо­ғам» жобасының ауқымын кеңейту және оны тарату бойынша Үкімет жиынында тал­қыланды.
Миллиондаған адам мемлекеттен көмек күтеді
458
оқылды

Қаржылық сауаттылықты арт­тыруға бағытталған «Қарызсыз қо­ғам» жобасының ауқымын кеңейту және оны тарату бойынша Жол кар­тасын әзірлеу Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалы­ғымен өткен Үкімет жиынында тал­қыланды.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.

Бүгінде мемлекеттік органдар «AMANAT» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту жөніндегі Жол картасын келісу бойынша жұмысты аяқтады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов атап өткендей, Жол кар­тасында азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық бойынша кеңес беру бөлімін қалдыру қажет.

«Мұндай кеңес беру қызметі қажет. Өйткені жоба сарапшыларына жүгінетін кейбір қарыз алушылардың табысының жоқтығы немесе қиын жағдайға тап болуына байланысты, оларға қатысты реттеу тетігін қолдану мүмкін емес екенін түсінеміз және мұндай жағдайда мәселені шешудің жалғыз жолы – банкроттық», – деді ол.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржа­нов­тың айтуынша, азаматтардан барлығы 68 мыңға жуық өтініш түсіп, оның ішінде 5 мыңнан астам қазақстандық банкрот деп танылған.

«AMANAT» партиясымен бірлесіп, біз «Банкроттық туралы» заңға жеке тұлғалар үшін рәсімді жеңілдету және жинайтын құжаттарды барынша азайту үшін түзету­лер әзірледік. Яғни, борышкердің өтініші ғана қажет болады, ал қалған құжаттар мемлекеттік органдар мен кредиттік бюро арасындағы деректер алмасу арқылы жиналады», – деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жиынға қатысушыларға қарата бірқатар ескерту жасады.

«Жоба бойынша Жол картасы қысқа мерзімде бекітілуі тиіс. Проактивті фор­матта өз қарызын реттеуден өткен азамат­тарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін еңбек мобильділігі орталықтарын пайдалану қажет. Миллиондаған адам мемлекеттен көмек күтіп отыр, сондықтан Үкімет бұл бастаманы өз қолына алуы тиіс», – деді ол.

Бұдан басқа, келесі жылдан бастап барлық аудан мен облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда қаржылық сауаттылық бойынша мамандар жұмыс істейді.

«Биыл оқыту тек 8 өңірде жүргізілсе, енді ол бүкіл еліміз бойынша, тек ауыл­дарда ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда да қолжетімді болады. Осы жылы біз ешкімді шектемедік, тыңдаушылардың арасында қарызын өтей алмай жүргендермен қатар ешқашан несие алмаған азаматтар да болды. Бұл жолы біз несиесін төлеу мер­зімі 90 күннен асқан 1,5 миллион адамға баса назар аударғымыз келеді. 2024 жылы 200 мың адамды оқыту жоспарлануда, қосымша қаржылық сауаттылық бойынша курстар мектептер мен жоғары оқу орын­да­рында өткізіледі. Бұл жалпы 1 млн қазақ­стандықты қамтуға мүмкіндік береді», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

«Жобаны іске асыру барысы ел азамат­тарының шынайы қаржылық жағдайын көрсетеді», – деп есептейді «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева. Банктердің несие­лік өнім­дерінің жаппай жарнамалануы халық­тың қарызға батуына әкеліп соқ­тырып отыр. Өйткені қаржылық сауатты төмен адамдар банктердің артық төлем сомасын нақты түсінбестен несие ала береді.

«Қаржылық сауаттылық курсына қа­тысқандардың 63,1%-ы оқытуға дейін не­сие бойынша пайыз және артық төлем мөлшері туралы білмеген. Адамдар алған несиесін болашақта қанша есе етіп қайтару керек екенін түсінбестен оп-оңай несие алады. Оқуға қатысқандардың 38%-ы 70 мың теңге көлемінде ғана табысы бола тұра, банктерден және МҚҰ-нан 2-ден 4-ке дейін несие алған. Оқытылғандардың 13,8%-ының 10-нан астам несиесі бар, олар алдыңғы несиені жабу үшін тағы да не­сие алып отырған. Жалпы, қоғамда қар­жы жинау мәдениеті қалыптаспаған», – деді ол.

Сонымен қатар жиында мектеп бағ­дарламасына қаржылық сауат­тылық бойынша жеке пән енгізу ұсынысы тал­қыланды.

«Қаржылық сауаттылық бойынша қо­сым­ша пән енгізу туралы мәселе көтеріл­ген еді. Алайда мұндай курс 2021 жылдан бастап 5-11 сыныптар аралығында оқыты­латын «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында мектеп бағдарламасында бар. Ал 1-4 сынып аралығында қаржылық сауат­тылық курсы «Дүниетану» пәніне бірік­тіріл­ген. Бізде онсыз да оқушылардың жүк­темесі үлкен, сондықтан тағы да қо­сым­ша пән енгізу тиімді емес. Біз бағдар­ла­маларымыздың мазмұнын, әсіресе оларды өзектендіру үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша қайта қарауға дайынбыз», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жоғарғы оқу орындарында білім алушылардың сауатты­лығын арттырумен студенттік омбудсмен­дер айналысатынын айтты. Ол ведомство орта арнаулы және жоғары оқу орындары үшін қаржылық сауат­тылық бойынша оқу-әдістемелік мате­риалдарды әзірлеуді жалғастыра­тынын айтты.