Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­­тың тап­сырмасы бойынша Мә­жіліс де­путат­тары, «AMANAT» партиясы фракциясының мү­шелері «Заңсыз иемделін­ген ак­тивтерді мем­ле­кетке қай­тару жөніндегі» заң әзір­леді.
Қайтқан қаржының қайыры бар
536
оқылды

 Оның орындалу барысы бүгін «AMANAT» партиясының бас­пасөз орталығының алаңын­­да талқыланды. 

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақ­стан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында заңсыз алынып, шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандыру қажет екенін атап өтті. Президент оның игілігін бүкіл халқымыз көретінін мәлім­деді.

Осы орайда, Мәжіліс депу­таттары, «AMANAT» фракциясы­ның мүшелері тиісті құқықтық те­тік­терді әзірлеу мақсатында «Заң­сыз иемделінген активтерді мем­лекетке қайтару жөніндегі» заң жобасына бастамашы­лық етті.

«Еуропалық құқықта азамат­тық-құқықтық жауапкершілік ту­ралы конвенция бар. Активтерге әділ жолмен қол жеткізгенін дә­лел­дей алмаған адамдар міндетті түрде жауапқа тартылады. Тіпті, мұн­дай заңсыздыққа барған адам­мен ешкім әңгімелесіп отырмайды. Тиісінше, заң бұзған адам жасалған қылмыстың мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан жауапкершіліктен құ­тыла алмайды. Заң барлық озық әдістемелерге, халықаралық шарт­тарға, Конституцияға толық сәй­кес келеді. Бұған қоса, бірнеше заң­ға ілеспе өзгерістер енгізілді», – деді Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.

Халық қалаулысы активтерді қайтару жұмысы аясында барлық ақпарат көздерінің мәліметтері, оның ішінде «AMANAT»-тың қо­ғамдық қабылдау бөлмелері, пар­тиялық бақылау комитеті, БАҚ және азаматтық қоғам хабарла­ма­лары ескерілетінін жеткізді. Сон­дай-ақ ол аталған заңның қабыл­дануы күдіктілерге тиесілі банк са­лымдарын зерттеу процесін ай­тар­лықтай жеңілдеткенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейін банк құпиясын зерттеп-зерделеу мүмкін бол­мап еді. Ал енді жеке тұлғалар­дың активіне тергеу амалдарын жүргізу кезінде банк саласында ашықтық болуы үшін заңға арнайы норма енгізілді. Мен 17 жылдан бері «Человек и закон» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келемін. Бұған дейін осындай баспасөз мәслихатын өткізу және мұндай тақырыптарды ашық тал­қылау мүмкін емес еді. «AMANAT» партиясы аталған заңға бастама­шылық ету арқылы халықтың үмі­тін ақтап, бұрын-соңды болма­ған ашықтықты қамтамасыз етіп отыр», – деді депутат.

Бас прокуратураның Актив­терді қайтару жөніндегі комитеті кірісінің заңды жолмен келгенін растауы тиіс тұлғалардың тізімін жасайды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты.

«Біз жауапты мемлекеттік қыз­меткерлер мен мансабын, ықпа­лын пайдалану арқылы актив жи­наған әкімшілік ықпалы бар адам­дар туралы айтып отырмыз. Сондай-ақ үлестес тұлғалардың да тізімі жасалды. Яғни, күдіктілердің туыстары мен мүліктің номиналды иелері назарға алынады. Бұдан соң тізім активтерді қайтару жөніндегі комиссияға ұсынылады. Тізім жабық түрде беріледі. Себебі кінә­сіздік презумпциясы барын да ескеру қажет. Мәселен, белгілі бір компанияның акционері аталған тізімге енгізіледі делік. Егер атал­ған тұлғаның есімі ашық айтыла­тын болса, оның акциялары мем­ле­кетке берілгенге дейін құнсыз­данып үлгереді. Яғни, оның ак­тивтері құнын жоғалтып алмауы керек», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, тізімге енген тұлғаға хабарлама жол­данады. Өз кезегінде, ол актив­тері мен кіріс көздері туралы дек­ларация ұсынуы тиіс. Декларация тексерілгеннен кейін Активтерді қайтару жөніндегі комиссия нақты қандай активтерге қатысты талап қою керектігі туралы шешім қа­былдап, азаматтық сотқа жүгінеді.

Өз кезегінде, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлей­менов 2022 жылдан бері аталған агенттік Қазақстанда заңсыз ием­делінген активтердің 856 млрд тең­гесін қайтарғанын айтты. Оның ішінде шетелден қайтарыл­ған қаражат қана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүлік те бар.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдан бастап бүгіне дейін 856 млрд теңгені қай­тарды. Мәселен, үкім шығарылған ӨКМ Операторының ісі бойынша 180 млрд теңге қайтарылды. Ақшаның бір бөлігі жеңілдікпен автонесие беруге жұмсалды. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Жыл соңына дейін тағы 180 млрд теңгені қайтаруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Заңның орындалуы және Бас прокуратураның дәл қазіргі жұмысы туралы Бас прокуратура­ның Халықаралық-құқықтық ын­тымақтастық қызметі басқарма­сының аға прокуроры Айнұр Ибраева айтып берді. Оның айтуынша, бірқатар заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер әзірленді. Онда активтерді қайтару туралы заңның қолданылу тетік­тері нақтыланды.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депу­таттары, «AMANAT» партия­сы фракциясы мүшелерінің бас­тамасымен «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» заң әзірленді. Оған биыл 12 шілдеде Мемлекет бас­шысы қол қойды. 2023 жылы 

5 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрамында Активтерді қайтару жөніндегі комитет құру туралы Жарлыққа қол қойды