Бүгінгі «АМАNАТ» партиясында өткен баспасөз маслихатында Заң жобасының неліктен толыққанда күшіне енбей кешеуілдеп жатқандығы туралы мәселелерге толықтай түсініктеме берілді.
Жыл соңына дейін 180 миллиард теңге қайтарылады
538
оқылды

Осы жылдың 12 шілдесінде Мемлекет басшысы «Заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы» Заңға қол қойды. Бірақ, күшіне енген Заң жобасы арада үш ай мерзім өткенімен толыққанды жұмыс істеуге қауқарсыз болып отыр.

Бүгінгі «АМАNАТ» партиясында өткен баспасөз маслихатында Заң жобасының неліктен толыққанды күшіне енбей кешеуілдеп жатқаны туралы мәселелерге толықтай түсініктеме берілді.   

 Заң жобасы қабылданғаннан бергі үш айда саябырсып қалған жұмыстың барысы туралы депутаттық сауал жолдаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Марат Бәшімов Еуропалық Адам құқықтары жөніндегі комиссия қылмыстық іс жүргізуден тыс тәркілеу кінәсіздік презумпциясына қайшы келмейді және негізгі мүліктік құқықтарды бұзбайды деп жариялады. Азаматтық тәркілеудің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айырмашылығы, қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімдерімен шектелмейді. Сонымен қатар, азаматтық тәркілеу олигополиялардың әсерінен қабылдануы мүмкін ескі тексерулердің, актілер мен шешімдердің нәтижелерін назарға алмауға мүмкіндік береді. Осындай құжат пен заң актісін біздің елде де қабылдау керек деген ұсынысын ортаға салғанын баяндады.   

Елімізде Президенттің өзінің нұсқау беруімен бір жылдан бері Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Құпиялылық негізде құрылған комиссия мүшелерінің қатарында мемлекеттік және заң орындарының, заң шығарушы орындар мен үкімет мүшелері, қоғам белсенділері де бар.  Комиссия бүгінгі таңда белгілі бір тізімді әзірлеген. Аталмыш тізім бойынша заң аясында жұмыс жасалу үстінде.

«Дегенмен кейбір жағдайдарда заң жобасы бірден әрі нақтылы жұмыс істеп кетуі  үшін қосымша шешімдер мен құқықтық нормативтік құжаттар әзірленуі тиіс болады. Осыған байланысты  қол қойылған заңға сәйкесінше өзге де әкімшілік және құқықтың құжаттарды әзірлеу мен түрлі келісімдер жүргізілуі тиіс болды. Дегенмен осы үш ай бойына бірқатар құжаттар әзіленіп, өкімдер шығарылды. Енді нақтылы жұмысқа көшеміз», – дейді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Оның айтуынша, әзірленген құжаттардың қатарында қайтарылған қаражат пен мүлік түріндегі активтердің қандай шоттарға түсетіні туралы да көп жұмыстар жүргізілген.  

«Қазіргі таңда заң жобасына қосымша барлығы 10 бірдей құқықтық актілер әзірленді. Дайындалған құжаттарды тиісті мемлекеттік органдар бекітіп, комиссияның жұмысына ұсынады», – дейді Бас прокуратураның Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қызметі басқармасының аға прокуроры Айнұр Ибраева.

Белгілі болғандай, қазіргі таңда заңсыз алынған кейбір активтердің жұмысы тоқтатылады. Егер мүлік немесе қаржы құрамының шынымен де мемлекетке тиесілі екені нақтыланса, онда активті заңсыз иеленуші өз еркімен қайтаруы қажет. Ал қайтармаған жағдайда мәжбүрлі түрде алынбақ.  

«Комиссияның жасаған арнайы тізіміндегі тұлғалар санының артуы немесе кеміп отыруы әбден мүмкін. Себебі мемлекет тек заңсыз алынған активтерді қайтаруы керек. Еген тұлғаның активтері заңды әрі ашық болса және ол  дәлелденсе, онда меншік иесі тізімнен шығарылады. Ал тізімге алынған актив иелеріне міндетті түрде алдын ала хабарлама беріледі. Хабарламаны ала тұра, мүлікті жасырып қалу әрекетіне көшкен жағдайда заң қосымша әрекеттерге көшеді. Демек сот арқылы қайтару көзделген», – дейді Алма Мұқанова.

«Былтырдан бастап заңсыз шығарылған 857 млрд теңге елімізге қайтарылған. Жыл соңына дейін шетелден тағы 180 млрд теңге қайтарылады», – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Cүлейменов баспасөз маслихатында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтырдан бастап қазірге дейін 857 млрд теңге қайтарған.  Бұл сомаға шетелден қайтарылған қаражат пен жылжымайтын мүлік түрлері де қамтылып отыр. Мәселен, ӨКМ Операторы ісі бойынша үкім шыққан. Аталмыш Оператор ісі аясында  180 млрд теңгені қайтарған.  Бұл қаражаттың бір бөлігі жеңілдікпен автонесие беруге бағытталған. «Жалпы, қайтарылған қаржы еліміздегі әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге жұмсалады», – деді Қанат Сүлейменов «АМАNАТ» партиясында өткен баспасөз мәслихатында.