Жақында заманауи қазақ эстрадасы көрермен назарына музыкалық шайқас ұсынбақ.
Музыкалық текетірес: «сахна королін» анықтайды
553
оқылды

Сүйікті тыңдарманын қалыптастырып, әуендері арқылы көпті бір толқынға ертіп әкеткен екі бірдей танымал топ алып шаһар Алматыда сынға түспек. 21 күні «Алматы Арена» алаңында Red Bull SoundClash атты бірегей музыкалық шара өтеді. Әндері трендтер қатарында көш бастап тұрған әйгілі Ninety one тобы мен миллиондаған қаралымның иесі Ирина Кайратовна музыкалық алаңда шайқасқа түседі. Олар «нағыз сахна королі» атануға кім лайықты екенін анықтау мақсатында қарама-қарсы орналасқан екі сахнада өнер көрсетеді. 

Red bull SoundClash – екі танымал орын­­даушының арасында, бірегей форматта өтетін ғаламат музыкалық текетірес. Ұйымдастырушылардың ай­­­­туын­­­ша, шара ел тарихында бірінші рет өткелі отыр. Жастардың сүйіктісіне айнал­­ған екі топ сахнаға шығып, өз шы­­ғар­машылығы мен шеберлігін көзі қарақты көрерменге паш етеді. Тыңдар­­­манның жүрегіне өнерімен жол табуға тырысады. 

 Ауқымды музыкалық жарыс төрт кезеңнен тұрады. Ең алдымен алаңда тар­­тысты шоуды қызыға тамашалайтындай көңілді атмосфера орнату үшін екі топ өз репертуарындағы ең әйгілі хиттерін орындайды. Әрі қарай шайқас төрт кезең бойынша жалғасады.

«Кавер» кезеңі – көпшілікке белгілі бір әнді өз стиліне сай өңдеп, кавер-нұсқада орындайды.

«Түре тартыс» кезеңі – командалар бір-бірінің композициясын өз стиліне сәйкес орындап шығады. Бәсекелесі шырқап тұрған әнді орта жолдан іліп әкетіп, «түре тартысады».

«Шайқас» кезеңі – топтар өз әндерін жат стильде орындайды. Нақтырақ айт­­­қанда, өнер иесі үйреншікті «комфорт айма­­­­­ғынан» шығуға тиіс. 

Wild card кезеңі – ақтық сайыс. Әр топ өзінің музыкалық жарысқа алып келген құпия-қонағын, жұлдызды музыкант достарын шақырады.

Екі бірдей танымал топтың бір алаңда бақ сынауы, ауқымды музыкалық текетірес – қазақ сахнасында сирек көрініс табатын құбылыс. Уақыт өте келе қанатын кеңге жайып келе жатқан субмә­дениеттің тұрақты тыңдарманы қалып­­тасып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ал Red bull SoundClash шарасының қазақстандық музы­­­калық жобалардан ерекшелігі қан­дай? Көрер­­менді несімен таңғалдырады? Осы сияқты сауалдарымызға жауап алу үшін Ирина Кайратовна және Ninety one тобының мүшелерін сұхбатымызға тарттық. Екі топтың жігіттері кештің негізгі ерекше­­­ліктерін бірауыз сөзбен түйіндеп берді. Олар – аранжировка, әуен, хореография, нағыз креатив. «Бұл жарыста біздің сах­нада күнделікті істеп жүрген тірлігіміз көр­­­­сетіледі. Оған сіздер қаншалықты таң­­­­­­ға­­­­­ласыздар, білмеймін. Әрине, музы­­калық тұрғыдан жаңа дүниелер көрсетеміз деп ойлаймын», – дейді Ninety One тобының мүшесі Батырхан Мәліков (ALEM). Жоғарыда «Түре тартыс» ке­­­­­­зеңі­­­нің бар екенін атап өттік. Бұл кезең негі­­­­зінде топтар бір-бірінің шығарма­шылы­­­­ғымен етене танысып, қарсыласы­ның репертуарындағы әнді өз стилінде шыр­­­қайды. Ирина Кайратовна тобының мү­ше­­­сі Алдияр Жапарханов дәл осы ке­зеңнің салмағы ауыр болып тұрғанын айтады:

 – Меніңше, бұл естен кетпейтін кеш болады. Екі топ арасындағы шайқас көрерменге ұнайды деп ойлаймын. Жарыстың форматы қызық. Ninety one жігіттері әнді әртүрлі стильде орындайды. Бірақ эксперимент жасаудан қорық­­­­­паймыз. Біз ең алдымен – шоумыз. Содан кейін ғана – Ирина Кайратовнамыз. Сон­дықтан кеште нағыз шоу болады деп ойлаймын. Ең қызығы, бәсекелес топтың әндерін орындау болып тұр. Себебі біз өзгелердің әнін ешқашан айтып көрген емеспіз», – дейді А. Жапарханов. Ал Ninety one тобының мүшесі Дулат Мұха­­­метқали (ZaQ) мұндай сарындағы музы­­калық жарыстар – өнер иелерімен қатар, олардың тұрақты тыңдарман­дарының бір-біріне жол ашуына мүмкіндік бере­тінін айтады.

– Осындай коллабтардың ең жақсы­сы – әртістердің кезінде жарық көретін фит­тері (feat) сияқты. Адамдардың шы­ғар­­­машылығы бір-біріне қызық болған­­­дықтан олар бір туынды жасап шығаруға тырысады. Екіншіден, әр әншінің тың­­дар­­­маны, өз толқынында жүрген адамдары бар. Олар бір-бірімен араласып бастайды. Бұл кеште Ирина Кайратовна тобының тыңдармандары болсын, әрқайсысы өзіне екі топты да жаңа қырынан ашады деп ой­лаймын. Сондықтан, жарыс біз үшін де, көрермен үшін де керемет дүние бол­мақ», – дейді ол.

Қазақтардың өнерге деген ашықтығы байқалады

Музыкалық субмәдениет – мәдени жаңашылдықтың белең алуымен келген өнер түрі. Субмәдениет негізгі мәде­ниеттен құндылықтары мен ұстанымдары, тілі мен мәнері, киіну стилі арқылы ерекшеленеді. Қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген заманауи бағыттың тыңдар­­­ман­­­дары артпаса, кемімек емес. Субмә­­­дениет елімізге 2015 жылы жетті. Бұл ұғымды көрермен санасына алғаш қалып­­­тастырушылар да – Ninety one тобы. Түп бастауы Q-pop жанрынан, яғни Корея мәдениетінен бастау алса, ал қазір өнердің бұл түрі эстрадамызға ұлттық болмысы­­­мызға сай өзгерістермен енді. Заман ағы­­­­мы­­­­мен қазақ мәдениетінде Q-pop (Qazaq-pop) бағыты пайда болды. Тіпті, көрермен арасында Qazaq-pop – ұлттық патрио­­тизмді дамытудың жаңа бір белесі ретінде қалыптасты деген пікірлер ұшырасады. Патриотизм демекші, Q-pop бағытындағы орындаушылардың репертуа­­­­рынан қоғам ахуалын «әшкерелейтін» туындыларды байқау қиын емес. 

– Шырқаған әндерімізде әлеуметтік тақырыптарды қозғауға тырысамыз. Ол перформанспен бірге болады, кейде перформанссыз да жүзеге асып жатады. Біз дәл қазіргі уақытта шоуға дайындалу үстіндеміз. Әндерімізді тыңдап, мәтіндері­­мен таныс тыңдармандар болса, біз көте­ретін әлеуметтік тақырыптан жақсы ха­бары бар, – дейді Д. Мұхаметқали.

Red Bull SoundClash музыкалық жа­­рысы аясында өткен баспасөз мәслиха­­тынан кейін Ninety one тобымен субмә­дениет төңірегінде әңгіме қаузадық. Бас­тапқы жылдармен салыстырғанда, қазір тыңдарман тарапынан субмәде­­ниетке оң көзқарас қалыптасқанын аң­ғаруға болады. Топ мүшесі Дулат та бұл пікірді құптайды:

– Менің ойымша, қазір субмә­де­ниетке халықтың оң көзқарасы қа­­лып­­тасып келе жатыр. Шектеулердің, шека­­­ралардың көбі қазір өшіп қалды. Әлем­­­­­­дегі әртүрлі субмә­­­­дениеттік қоз­­­ғалыстың барлығы елімізде мойын­­да­луда. Сондай-ақ қазір қазақтар өзін бел­­гілі бір субмәдениетке жатқызуға ұял­­­­­­­­­­­­­­майды. Яғни, ішкі шығармашылығын түрлі жол арқылы қысылмай көрсете алады. Қазір қазақтардың өнерге деген ашықтығы байқалады.

Ал Данияр Құлымша (BALA) әу баста Q-pop бағытының кең мағынада қолда­­­нылмағанын, нәтижесінде көпшілік атал­ған бағытты субмәдениет деп қабыл­­да­ғанын тілге тиек етті: 

– Q-pop бағыты турасында біразы әлі де қате пікірде деп ойлаймын. Q-pop – top popular сөзінен шыққан. «Танымалдылық» деген мағынада қолданылады. Қазақстан­­дағы ең танымал әртістердің, әншілер мен авторлардың әндері осы қатарға жатады деген түсінікте қалыптасқан. Бірақ халық оны субмәдениет деп қабылдап алды. Қазір қандай Q-pop топтардың құрылып жатқаны жайлы бақылап көрмедім. Алайда бір білерім, қазақтың өнері дамып жатыр. Жан-жақты, әртүрлі жанрда. Оның барлығы мен үшін Q-pop. Осы ба­­ғытта құрылып жатқан топтарға көзқа­расым жақсы. Талантты жастар өте көп, – дейді Д. Құлымша.

Айта кетейік, Red Bull SoundClash музыкалық жарысының жеңімпазы ар­найы шу өлшегіш құралмен (шумомер) анық­талады. Кешке келген әрбір көрер­мен «сахна королін» анықтауға үлесін қоса алады.

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы