Ерлан Саиров елдегі жылыту маусымына дайындық көңіл көншітпейтінін айтты.
Ерлан Саиров Энергетика министрлігінің жұмысын сынға алды
848
оқылды

Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров республикалық және жергілікті бюджеттерден жылу беру объектілерін даярлауға 55 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, елдегі жылыту маусымына дайындық әлі ақсап тұрғанын айтты. Осы ретте аталған мәселге қатысты Энергетика министріне сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, Қарағанды облысының бірнеше ЖЭО (жылу электр орталығын) тексеруден кейін бірнеше жылу қазандығының тозғаны анықталған.

«Нәтижелер, жұмсартып айтқанда, көңіл көншітпейді. «АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2-де жылу қазандықтарының тозғаны анықталды. №7 жаңа қазандықтың құрылысы келер жылдың соңына дейін созылып жатыр. Теміртау ЖЭО-ға 4 қазандыққа арналған жабдық келген жоқ, жөндеу жұмыстары тиісінше артта қалып отыр. Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апатты көріп отырмыз», – деп атап өтті ол.

Ерлан Саиров бүкіл қаланың электр кернеуінің толық күйреуіне әкеп соққан Қарағандыдағы 3-ЖЭО-да болған апатты мысалға келтіре отырып, министрге сұрақ қойды.

«Егер құбыр бір жерде жарылып кетсе, халықтың наразылығында шек болмайды! Сіз және сізге дейін болған министрлер олигархтармен бірге ЖЭО мәселелерін саясаттандыруға жол бердіңіз. Сіз Президент, халық және ел Парламенті алдындағы жауапкершілікті сезінесіз бе?» – деді депутат.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарағандыдағы энергия торабында мәселелердің барын растады.

«Жылыту маусымы бойынша Үкімет және жергілікті атқарушы билік органдары ауқымды жұмыс атқарды. Республикалық жергілікті бюджеттен 55 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Оның ішінде тек жылу энергетикасы объектілеріне 37,1 млрд теңге қарастырылған. Қарағанды энергия торабы, атап айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2 бойынша белгілі бір проблемалар бар, Қазір 4 қазандық, 2 турбина жұмыс істейді. Төртінші қазандық бойынша артта қалу дерегі анықталды», – деді Энергетика министрі.

Министр Теміртаудағы ЖЭО-2 жұмыстары 30 қарашада аяқталатынын айтты.

«Жеке жауапкершілікке келетін болсақ, иә, біз жеке жауапкершілікті сезінеміз. Депутаттық корпус алдында да, халық алдында да барлық сұраққа жауап беруге дайынбыз», – деді министр.