Жасанды интеллект дәуірі басталды. Смартфондар қоңырауға өзі жауап беретін болды. Google ресми түрде Pixel 8-ді таныстырды.
Google смартфоны қоңырауға өзі жауап береді
951
оқылды

Смартфондар әлеміне тағы бір жаңа модель қосылды. Google ресми түрде Pixel 8-ді таныстырды. Slash Gear платформасында бұл телефонның техникалық мүмкіндіктеріне арналған мақала жарияланды. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасап, жаңа модельдің қандай функциялары жетілдірілгенін бағалайды.

Фото SlashGear сайтынан алынды. Авторы: Adam Doud

Pixel 8 көлемі жағынан шағын, дизайны жинақы және әртүрлі аппараттық жаңартулармен ұсынылған. Басқа брендтердің смартфондарымен салыстырғанда бағдарламалық қамтамасыз етуі жағынан едәуір артықшылықтары бар. Ең бастысы, Google өзінің жаңа өнімінің бағасын көтермей, бұрынғы нұсқалардың бағасымен бірдей сататын болды.

Pixel 8-дің бағасы 699 доллардан басталады және қазірдің өзінде Hazel, Rose және Obsidian түстері бойынша оған алдын ала тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ, Google қажетсіз шуды басатын Pixel Buds Pro құлаққаптарын да тегін алатын келісім ұсынады.

Жаңа смартфон 6,2 дюймдік OLED дисплейімен, 120 Гц жаңарту жиілігі және 2000 нит жарығы бар сипаттармен шығарылады. 4575 мАч батареямен жабдықталған Pixel 8-ді 30 Вт қуатпен жылдам зарядтауға болады, сымсыз зарядтау және қуатты ортақ пайдалануға мүмкіндіктері бар. Телефон шаң мен суға төзімді және екі бетінде де Gorilla Glass Victus қорғанысы бар.

Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Framesira 

Pixel 8-де 50 мегапиксельді негізгі камерада үлкенірек f/1.68 диафрагма бар, яғни камера суреттерді тұнық түсіру үшін жарықты көбірек жібере алады. Бұл жолы 12 МП кең бұрышты камераның көру өрісі 125,8 градусқа дейін ұлғайтылды. Осылайша енді кеңірек панораманы түсіруге қол жетті.

Смартфонның алдыңғы жағында 10,5 мегапиксельді камера бар, ол сонымен қатар Pixel 7-дегі селфи камерасымен салыстырғанда кеңірек көру аймағын ұсынады. Телефонда жақыннан түсіруге арналған жаңа макрофокус мүмкіндігі бар.

Пайдаланушыларға кадрдан қажет емес нысандарды өшіруге мүмкіндік беретін Magic Eraser мүмкіндігі енді аудиоға да пайдаланылады. Audio Magic Eraser көмегімен пайдаланушылар видеодағы қажетсіз шуды жоя алады. Мына видеода жаңа смартфонның мүмкіндіктері көрсетілген:

Жасанды интеллект көмегімен Google-дің жаңа телефондары спам қоңырауларына жақсы тосқауыл қоятын болды. Сонымен бірге, қоңырау шалу жүйесі шуды тиімдірек азайта алады.

Pixel 8 модельдеріне генеративті ЖИ мүмкіндіктері енгізілді. Мысалы, Google Assistant енді экрандағы мазмұнды оқып береді, сипаттайды және контентті қорытындылай алады.

Табиғи тілдің ЖИ мүмкіндіктері де кеңейтіліп, виртуалды ассистент енді бірнеше тілде пайдаланушының ауызша айтқан сөздерін мәтінге айналдырып береді. Сондай-ақ Google Assistant пайдаланушыға кім қоңырау шалып жатқанын айтады, табиғи сөйлесу үнімен пайдаланушының атынан әңгімеге қатысады. 

Google Pixel 8 смартфонына 2023 жылдың 4 қазанынан бастап алдын ала тапсырыс беру ашылды, әлемдік сатылым 12 қазанда басталады.