Израиль билігі елде "соғыс жағдайы" режимін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл ендігі жерде ауқымды әскери операциялар жүргізілетінін білдіреді. Бұл жөнінде елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың канцеляриясы мәлімдеген, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Израиль ресми түрде соғыс жағдайы режимін енгізді
784
оқылды

Бұл туралы  ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап мәлімдеді.

– Израиль мемлекетіне қарсы соғыс кеше сағат 06:00-де (сенбі, 7 қазан, 2023 жыл) Газа секторының қанқұйлы террорлық шабуылдарынан басталды, – делінген хабарламада.

Канцелярияның нақтылауынша, шешім "соғыс жариялау немесе ауқымды әскери іс-әрекеттерді бастау" кезінде құқықтық шеңберді айқындайтын "Басты заң: Үкімет" деп аталатын құжаттың 40-бабының негізінде министрлер кабинетінің рұқсаты арқылы қабылданды. 

Еврей халқында бұл заң Конституцияның орнына жүретін басты заңдардың бірі саналады, себебі бұл елде нақты Конституцияның өзі жоқ, тек орнына қолданылатын негізгі заңдар мен түрлі құқықтық құжаттар бар. 

Айта кетейік, кеше Хамас содырлары Израильге зымыранмен шабуыл жасап, 20-дан астам адам мерт болды.

Еуропалық Одақ Хамастың Израильге шабуылын айыптады. 

«Еуропалық Одақ шиеленіскен жағдайды одан сайын ушықтырып, Палестина халқының бейбіт өмірге деген үмітін үзетін мән-мағынасы жоқ шабуылдар мен зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырады. Еуропалық Одақ бүгінгідей бей-берекетсіз, аяусыз жасалған шабуылдар жағдайында өзін халықаралық заңдарға сәйкес қорғауға құқы бар Израильді қолдайды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі "Израиль «соғыс жағдайында»: Қазіргі сәттегі ахуал қалай?" атты материалында кешегі жағдайға ауқымды шолу жасаған еді. 

Бүгін Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Қазақстан азаматтарына Израильде қалыптасқан жағдайға байланысты үндеу жасады.

«Қауіпсіздік саласы бойынша жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның Израильдегі Елшілігі Қазақстан азаматтарына (нақтырақ айтқанда елдің оңтүстігіндегілерге) тылдағы Басшылықтың бұйрығын орындап, қауіпсіз жерге тұрақтап, ол жерден ресми билік өкілдерінің хабарлауынсыз ешқайда шықпауға кеңес береді», – делінген хабарламада.

Одан бөлек, Израильдегі жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров пікір білдірді.

Фото: TPS