Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысында ауруханада жатқан зорланған 3 жасар қыздарға, сондай-ақ олардың бауырлары тұрып жатқан Сәбилер үйі мен Балалар үйіне барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Аikyn.kz.
Көсеумен күйдірген: Алматыда зорланған егіз қыздың әпкесіне қатысты тың дерек шықты
655
оқылды

Уәкілдің сөзінше, бұл отбасы балаларының басынан өткені – тозақ.

“Ал бұл отбасындағы тағы бір 7 жасар қызға қатысты бұрын жасалған жантүршігерлік қылмыс жазасыз қалған, онда да маскүнемдік пен деградацияның салдарынан оқиға қайталанып отыр. Кеше полиция бөлімімен, аудандық ІІД, облыстық денсаулық сақтау және білім беру басқармаларымен бірлесіп, бұрын болған оқиғалар тізбегін толық зерттедім.

Екі жыл бұрын анасы мен өгей әкесі 7 жасар қызының (жыныс мүшелерін) көсеумен күйдіргені белгілі болды. Ол кезде бала мектеп-интернатта оқып жүрген. Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша (бірақ бұл 110-бап «Азаптау») іс қозғалып, ата-ана құқығынан айыру мәселесі көтерілді.

Алайда біріншіден, іс дұрыс емес бап бойынша (110-баптың орнына 140-бап) қаралған және баланың өгей әкесі баланы күйдіргенін мойындағанына қарамастан, тек анасы жазаланған (бұл іс материалдарында бар).

Екіншіден, сот құқықтан айыру туралы өтінішті қанағаттандырмай, айыппұл ғана салған. Нәтижесінде, бала үйдегі оқуға ауыстырылып, осы тозақта тағы екі жыл өмір сүрген. Қазір белгілі болғандай, олар зорлаудың ізін жасыру үшін күйдіру әрекетіне барған”, – деп жазды Динара Зәкиева.

Ол егер осыдан екі жыл бұрын қылмыскер жазаланып, «Азаптау» бабымен абақтыға жабылса, үш бала аман қалар еді деп санайды.

“Балалардың басынан өткенін ойласам жүрегім ауырады. Осыған байланысты тексеру жүргізіп, аталған заңбұзушылықтарға кінәлілердің барлығын жауапкершілікке тарту қажет. Ол үшін біз және мемлекеттік органдар барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз.

Осынау жантүршігерлік жағдайды талдау және біз күнделікті көріп жүрген оқиғалар Президенттің зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны, сондай-ақ профилактикалық шараларды күшейту жөніндегі тапсырмасын дер кезінде орындау қажеттігін көрсетеді. Біз Парламент депутаттарымен бірлесе отырып, өткен айда ұсынылған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу жүйесі туралы заң жобасына осы нормалардың барлығын енгіздік.

Бұл жағдай және жалпы статистика тағы бір мәселені алға тартады. Бүгінде  Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың 70 пайызы маскүнемдіккпен байланысты. Осының салдарынан күн сайын 342 адам зардап шегеді. Әр санның артында әйел мен баланың өмірі мен талқандалған тағдыры жатыр”, – деп атап өтті уәкіл.

Динара Закиева қазіргі кездегі мұндай қылмыстардағы зұлымдықтың тамыры да, негізі де осында екеніне сенімді.

Ол көптеген облыста, мысалы, Жетісудың кейбір ауылдарында, Түркістан облысының 14 ауылында алкогольді ішімдіктерді сатуға тыйым салынғанын және ол аймақтарда іс жүзінде қылмыстың жоқтығын жеткізді.