Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауды жариялау барысында халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткен еді.
Біз халыққа тиімді жағдай жасауымыз қажет – Мәжіліс депутаты Самат МҰСАБАЕВ
1,041
оқылды

Онда халық тұрмысы, несие, экномикадағы мәселелерге баса назар аударылған болатын. Осы тақырыптар төңірегінде Мәжіліс мін­берінде өткір мәселелер көтеріп жүр­ген мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев­тан сұхбат алған едік. 

– Самат мырза, Президенттің «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономикамыздың дамуына қатысты нақты бағыт-бағдар берілгені белгілі. Осы орайда, ел экономикасын ілгерілетуде басты қажеттілік неде?

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек» деді. Біз күні бүгінге дейін тек шикізатты сатып күн көріп келдік қой?! Енді Пре­­зидентіміз осы шикізатты өңдеуді қолға алып, жолға қоюды міндеттеп отыр. «10-15 осындай өнер­­кәсіп­терді ашуымыз қажет» деді. Тек үлкен қала­лардан ғана емес, өзге аймақтардан да өнеркәсіптік зауыт-фабрикалар салынуы керек. Бұл өз кезегінде жұмыс­сыздық мәселесін де шешеді. Біз күні кеше Парламент қабырғасында инвесторлармен кездесу өткіздік. Үш ірі шетелдік инвесторлық компания бар десек, соның бірі – NCOC (НОРТ КАСПИАН ОПЕРЕЙТИНГ КОМПАНИ). Соның бас директоры келді. Өздеріне керекті киім-кешек, тамақ сияқты ұсақ-түйек заттардан бастап мұнайды, газды өндіруге қажетті өндірістік құрал-жабдықтардың басым көпшілігін сырттан сатып алады екен. Пайыздық есеппен айтсақ, отандық өнімдер 18 пайыз болса, қалған көлемді Еуропа, Америка, Қытайдан, яғни шетел­­­дерден сатып алады. Бізде тіпті қарапайым соқа өндіретін зауыт жоқ. Осы соқаны өндіру үшін аса бір ғылымның да инновацияның да қажеті жоқ. Қарапайым темірден жасалатын дүниені жасай алмай отыруымыз көп жағдайдан хабар береді.

Қазақстан Халықаралық қаржы салымдарына қол жеткізе ала ма? 

– Мамандығым бойынша инженер-құрылыс­шымын. Экономист емеспін. Бірақ қысқаша жауап бере кетейін. Жалпы, осы Халықаралық қаржы салым­­дарынан 30 жыл бойы ешқандай пайда көр­медік. Бір ғана мысал айтайын. Біз Әзербайжан мемлекетіне қаржы салдық. Миллиардтаған қаржы кетті. Ақырында, Әзербайжан банкі банкрот болды. Құйған қаржымыз суға сіңгендей болды. Біз алдымен ішкі мәселелерімізді шешіп алуымыз керек. Ішкі экономиканы аяқтан тұрғызып алмай, сыртқы мемлекеттердің құнды қағаздарын сатып алып, олардың ұйымдарына қаржы құйып пайда көреміз деу – бос әурешілік. Біз мемлекетті шағын отбасы ретінде қарастырсақ, әр жанұя өзінің жеке баспа­­­насын сайлап алмай, ішкі қажеттіліктерін өтемей, басқа отбасыға қаржы құйып, соның есебінен баю деген дүние дұрыс емес. Жалпы, бізде қаржыны тиісті және тиімді жұмсау жетіспейді. Мысалы, ЭКСПО-ны салдық. Оның қандай пайдасын көріп жатырмыз? Сол миллиардтаған ақшаға кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуге, одан да маңызды дүниелерді салуға болар еді. 

– Екінші деңгейлі банктердің корпоративті секторға несие беруін арттыру мақсатында қандай шаралар қолдануға болады?

– Президент Жолдауында бұл мәселені де айтып кетті. Біз шетелден 2-3 банкті тартуымыз керек. Жалпы, бизнестің дамуы банк пен салыққа тікелей байланысты. Осы банк арқылы біз бизнесті дамытуға күш салуымыз керек. Бүгінде банктер 17-21 пайыз көлемінде несие береді. Бұл сұмдық қой?! Ал Аме­­рикада 1-1,6 пайыздың ортасында несие береді. Ол жақта 0,1-0,2 пайызға мөлшерлемесі көбейетін болса, халық көшеге шығады. Ал бізде 23 пайызға халық несие алуға мәжбүр. Банктер қазір үстеме пайыздың әсерімен күн көріп отыр. Мемлекеттің есебінен жұмыс істейді. Бірінші кезекте осы пайыз­­­дық үстемеақыны қысқарту керек. Пайызды кем дегенде 4-ке түсірген жөн. Екінші деңгейлі банктердің көбі еліміздегі олигархтардың қолында. Ал банктер мемлекеттің есебінен байып отыр. Енді олар да мемлекетке көмектессін. Одан бөлек, кәсіпкерлікті дамытуға «Даму» қоры да дәл сол екінші деңгейлі банк есебінде. Ол да мемлекеттің ақшасы емес пе?! Егер 4-8 аралығындағы пайызбен кәсіпкерлерге несие беретін болса, түрлі кәсіпорындар ашылып, бизнес өрістейтін еді. Несие алғаннан кейін бір жыл «демалыс» береді. Оның да мерзімін ұзарту керек. Егер бір кәсіпкер бір өндіріс ашса, оны іске қосқан­нан кейін барып «демалыс» алуға болады. Оған дейін оның өндірісін жолға қойып алғанша мемлекет оған қолдау білдіру керек. 

– Салықтың рөлі жаңа реформаларды іске асырудың пәрменді құралы болмақ. Бұл тұрғыда сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бұл туралы да жиі айтып келеді. Тексеру жұмыстарын емес, түсіндіру жұмыстарына баса мән беру керектігін айтты. Ал біздегі жағдай қандай? Тексеру, айыппұл төлету, тоқтату, қылмыскер ретінде тану. Осы секілді әрекеттер жиі орын алады. Бұл жағдай тек бизнесте ғана емес, жеке тұлғаларға да қолданылып келеді. Сондықтан да Президент «тексеруді азайтып, түсіндіруді күшейтуіміз керек» деп тапсырма берді. Бір мысал келтірейін. Ерлі-зайыптылардың бірінің атындағы бір коммерциялық мүлікті сатуға қойды делік. Мүлік күйеуінің атында делік. Ал әйелі оған келісім беруі керек қой?! Келісім береді. Сол сатылған дүниеден түскен ақшадан салық төлеуі қажет емес пе?! Мүлік күйеуі атында болса, сол төлеуі керек емес пе? Ал егер күйеуі төлемей қашып кетсе не істейді? Онда салық органдары келісім бергені үшін әйелінің есепшоттарын бұғаттайды. Ол мұғалім бе, мемле­­кеттік қызметші ме, оған қарамайды. Міне, көрдіңіз бе, бізде әлі шешімін таппаған мәселелер көп. Осы есепшоттарды бұғаттаудың уәкілеттігін де салыққа беріп қойғанымыз қалай болар екен? Оны сот арқылы шешу керек емес пе? Жұрттың ашынып үкі­метке наразылық білдіретіндігі де осындай әрекет­терден. Сондықтан біз халыққа қандай тиімді жағ­дайды қарастырамыз деп ойлануымыз қажет. Біз Мәжілісте де осындай олқылықтардың орын алмауы үшін өз кезегімізде күшімізді салатын боламыз. 

– Соңғы 30 жылда Қазақстаннан 200 млрд АҚШ доллары сыртқа шығарылған екен. Сыртқа заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Қайтарылған қаржылар халық­тың әл-ауқатын көтеретін тиімді бағыттарға жұмсала ма?

– Біз бұл мәселеге байланысты комитет төрағасы Еділ Жаңбыршинмен бірге депутаттық сауал көтерген едік. Онда біз қайтарылған қаржыларға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш ауысымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет. 

Болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энер­гетикалық нысандарымыздың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандарда тозу 100%-ға жеткен, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66% болып отыр. Биылдың өзінде энергетикалық орталық­­тардағы апаттардың салдарын жою үшін респуб­ликалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазан­дықтарды жөндеуге – 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді. 

Жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. 

Қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме са­лып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табы­сын күнкөрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі.

Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржы­ның көзі – елімізден әртүрлі жолдармен шетелдерге шығарылған, миллиардтаған АҚШ долларындай активтер. Тіпті, оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржылар да болуы мүмкін. Кезінде ол қаржылар Қазақстанның стратегиялық нысандарын модернизациялауға, экономикасын дамытуға жұм­салуы керек еді. Сондықтан қайтарылған қаржылар экономикалық оң нәтиже беретін, елдің әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалғаны тиімді болатынын айтып отырмыз. Бұл әрі әділ шешім болар еді. 

 

Әңгімелескен Н. САРШАЕВ