Мемлекет басшысы Республикалық педагогтер съезінде ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, еліміздің бола­шағы жарқын, дамыған мемлекетке ай­налуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.
Педагог – ұлт сапасын қалыптастыратын маңызды буын
466
оқылды

– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және  озық  білім бе-ру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауы­мына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеу­мет­тік жағдайын жақсартуға және беделін арт­тыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.

– Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек де­малысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың барлығы алынып тасталды. Ұстаз­дардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарла­масымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айт­қанда, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталып, ұстаздардың білік­тілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде пән үйретіп қана қоймай, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдысы мен эмоциялық интеллектісін

– Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету маңызды. Алайда қазір мектептерде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса, мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогика­лық мамандықтарға қатысты бағдар­ламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негіз­делген. Заманауи тәсілдер мен техно­логияны енгізе отырып, оқу бағдарлама­ларын қайта қарау, жаңғырту қажет. Ға­лымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптер­дің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтуда. Сондықтан ел азаматтары жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басты. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды. Яғни, қызмет­кердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан әр азамат үздіксіз оқуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшы­лығы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мың­нан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әри­не, қуантарлық жайт. Алайда демо­графияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.

– Тәуелсіздік жылдарында елімізде 

2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқы­тудан біржола құтыламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жақында еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қала­ларда мектеп салу мәселесін қозғағанын жеткізді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқор­лық үшін жауапқа тартылғандардың заң­сыз тапқан қаржысы мектеп салуға жұм­салып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мек­теп бой көтереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейне­бақылау жүйесін орнатудың маңызды екенін тағы да еске салды. Мектеп оқушы­лары арасында белең алған буллинг, әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсету проблемасы да Президент назарынан тыс қалмады.

– Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайдың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқық­тары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайдың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектеп­терде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қала мен ауыл мектеп­теріндегі білім сапасының теңсіздігін жою мәселесіне де тоқталды. Ол ауыл мектеп­терін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін айтты.

– «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқы­лы ауыл мектебін жаңғырту жұмыс­тары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдық­тау қажет, – деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті. Цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалы­мен, сабағымен қамтамасыз етеміз. Білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмысы жүргізілуі керек. Президент 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартыл­маған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды тапсырды. 

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тындылай келе, Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоғамда қызу пікір­таласқа ұласқан дін мәселесіне байланысты пікір білдірді.

– Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, – деп түйіндеді сөзін ол.

Жиын барысында еліміздің ұстаздары сөз сөйлеп, білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы үздік жетістігі мен елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Бұл марапат еңбек ардагері Май­ра Мәмбетоваға (Алматы), Қожабер­ген жырау атындағы орта мектеп мұ­ғалімі Ай­жан Қапезоваға (Петропавл), С.Әбді­жаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимоваға (Түркістан облысы), А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Сәбира Күлпейісоваға (Қараған­ды), 

Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-бала­бақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадул­линге (Павлодар облысы), Райым­бек батыр атындағы №50 «Қазға­рыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержан­оваға (Астана), Ақтөбе облыстық «Білім-инно­вация» лицей-интернатының мұ­ғалімі Баян Базарғалиеваға табысталды.