Ғимарат Ұстаздар күні қарсаңында ашылып, қолданысқа берілді.
Павлодар облысында Ұстаздар күні қарсаңында жаңа мектеп ашылды
1,031
оқылды

Павлодар облысына қарасты Железин ауданы Моисеевка шағын ауылында Мағжан Жұмабаев атындағы 100 орындық жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылды. Оқу ордасының салтанатты ашылуына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «AMANAT» партиясының өңірлік және аудандық филиалдарының басшылығы, ақсақалдар, ауыл тұрғындары қатысты.

Өңір басшысының айтуынша, жұртшылық тарапынан күмән мен сенімсіздік болғанына қарамастан, ғимарат Ұстаздар күні қарсаңында ашылып, қолданысқа берілді. Осы ретте облыс әкімі жергілікті аудан басшылығына және ауыл тұрғындарына үндеу жолдады. 

«Бүгін білімнің жаңа шаңырағы өз есігін айқара ашты. Дегенмен  жаңа мектеп үшін көбірек балалар, сондай-ақ мемлекеттік тілде оқытатын сыныптар қажет, бұл менің өтінішім. Осы міндеттерді, соның ішінде жаңа отбасыларды көшіру есебінен шешуді аудан әкіміне тапсырамын», - деп атап өтті Асайын Байханов. 

«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» өңірлік сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындау аясында 2023 жылы өңірдің 20 оқу орнында күрделі жөндеу жоспарланған. Жұмабаев атындағы мектептен басқа, құрылыс сатысында тағы екі  оқу орны бар. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова айтты.

«Бұл нысан облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарының жіті бақылауында болды, партиялықтар объектілерге тұрақты мониторинг жүргізді. Бүгін біз заманауи кабинеттерді, спорт алаңдарын, аумақты абаттандыруды көріп отырмыз. Мұның бәрі біздің балаларымыздың мектепке қуана-қуана баруы үшін жасалды. Балалар - біздің болашағымыз, Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді іске асыру олардың тәрбиесі мен біліміне байланысты», - деді Айгүл Маликова. 

Жоғары технологиялық жабдықтары, компьютерлік техникасы бар жаңа ғимаратқа балалар да, сонымен бірге ата-аналар да ризашылықтарын білдірді. Жаңа оқу орны жергілікті тұрғын Юлия Трейзеге ерекше бақыт сыйлады. Сегіз баланың анасы, оның төртеуі мектеп оқушылары, мектеп құрылысының іске асатынына соңына дейін сенбедім деп ағынан жарылды. 

«Біз үмітімізді үзген едік. Балаларды аудандық мектепке апару керек деп алаңдадық, бұл екіжақты толқу, өйткені республикалық трассада қозғалу керек еді. КамАЗ-дардың жанында мектеп автобусының жүруі балаларымызға қауіп төндіретіні анық. Қазір біз балалардың үйге барынша жақын жерде, ауылдастарымен бірге бір шаңырақ астында оқитынына өте қуаныштымыз», - деді көпбалалы ана. 

Жергілікті тұрғындар жаңа оқу орны ауылдың тартымдылық деңгейін арттыратынына сенімді, онда бүгінде  тек 44 оқушы бар. Аудан басшылығы жаңа қоныс аударушылар үшін тұрғын үй мен инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселесімен белсенді айналыса бастады.