Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстардың заңнамалық тұрғыда қитұрқы тұсы көптігін айтты. Ол осы мәселені ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың заңдық тұрғыда реттеуін сұрап, оған депутаттық сауалын жолдады.
Ринат Зайытов: Министр заңды өзіне ыңғайлы етіп өзгертуін тоқтату керек
863
оқылды

– Бүгінгі қоғамның дерті, еліміздегі жүйелі проблемалардың бастауы – мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстар. Оның ішінде заңнаманың қитұрқы тұстары өте көп. Иә, ашықтық деп айттық. Барлық мердігерде бірдей мүмкіндік берілді. Дегенмен бір объект үшін жылдарға созылған сот процесі таусылар емес. Салдарынан елімізде, оның ішінде шалғай ауылдарда мыңдаған бала мектепке бара алмай жатыр. Ал ауыл жұрты қажетті ем-домын ала алмай отыр. Қаншама спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмей тұр. Осындай мысал көп...  Мәселен, Омбы – Майқапшағай тасжолы, Тұғыл ауылындағы 10 жыл бойы салынбай жатқан спорт кешені, Ақсуат ауданындағы жартылай бітпеген су бөгеті, Төрткүл ауылындағы мектеп құрылысы әлі аяқталмады. 

Бұл мәселені әр ай сайын «AMANAT» фракцияның мүшелері қаперінде ұстап отыр. Бірақ сіздер жасаған проблеманы, біз халыққа түсіндіріп әлекпіз. Осы отырған әріптестерімнің өзі де,  мыңдаған мысал айтып, түсін түстей алады. Солай емес пе?! Неге, өйткені әлеуметтік маңызды объектілер мердігерлердің бақа есебінен, жеке мүддесінен аспағандықтан соттасудан көз ашпайды. Қыс мезгілі де келіп қалды, шалғайдағы ауылдардың жолын қар басып, мекемелер жылусыз қалып, жұрт қиналса оған кім жауапты болмақ?

Мемлекет басшысы қайта тапсырма берді. Жаңа заңды дайындаңдар, мейлінше халыққа оңтайландырыңдар. Бірақ заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік. Яғни, заң тек «рамочный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген. Барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шешілетін болады. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды. Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді. Біле білсеңіздер, заңнан биік құжат жоқ. Сондықтан, ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде – өз еріктеріңізбен қазаншы болуларыңызды тоқтатуды сұраймын.

Ертең дау туғанда, проблема болғанда халықта, мердігерде «AMANAT»-тың депутаттарын іздейді. Сол үшін әрбір мәселе заң деңгейінде пысықталуы қажет. Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар. Айтарымыз біреу ғана – заң жобасын қайта қарастыру қажет!, – деді депутат.

фото: aikyn.kz