Сотталушы екі әйелге АИТВ инфекциясын қасақана жұқтырғаны үшін қамауға алынған болатын.
Теміртауда қасақана АИТВ инфекциясын таратқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты
1,018
оқылды

Теміртауда ауруын біле тұра өзгелерге АИТВ инфекциясын әдейі жұқтырған ер адамға қатысты сот отырысы өтті.

Сот айыпталушыны 6,5 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өткізу туралы үкім шығарды.

Қылмыстық істі Теміртау қалалық соты жабық сот отырысында қарады. Кінәліге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін ҚР ҚК-нің 118-бабы 3-бөлігі ("Ауруын біле тұра, басқа адамға АИТВ жұқтырған") бойынша айып тағылды.

Сотталушы қыркүйек айының басында екі әйелге АИТВ инфекциясын қасақана жұқтырғаны үшін ұсталған болатын.

Ер адам ауруды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілгеніне қарамастан, басқа адамға АИТВ/ЖИТС жұқтырғаны үшін айыпталып, қамауға алынған.

Сотта оның кінәсі  ішінара мойындауымен, жәбірленушілердің айғақтарымен және іс материалдарымен расталды.

Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырудан өзге жаза тағайындауды өтінді.

«Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының болуы кінәні жеңілдететін дерек деп таныды. Соттың үкімімен С. орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады Теміртау қалалық сотының баспасөз қызметі.

 

Фото: baq.kz