Биыл әкімдер сайлауы өтетін қалалар мен аудандарда «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр.
«AMANAT» партиясы аудан әкімі лауазымына кандидаттар ұсынуды жалғастыруда
698
оқылды

Биыл әкімдер сайлауы өтетін қалалар мен аудандарда «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр. Конференция жұмысына қатысқан делегаттар әкім лауазымына ұсынылатын кандидаттарды бекітіп, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы есептерді тыңдауда.

«AMANAT»-та аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына партиядан кандидат ұсыну процесі жалғасуда. Мәселен, Ақмола облысында партияның Шортанды аудандық филиалының кезектен тыс XLI конференциясы барысында аудан әкіміне лауазымына кандидат ретінде Сағындық Шабаров ұсынылды. Сондай-ақ, партияның Жақсы аудандық филиалының кезектен тыс LII конференциясының қорытындысы бойынша аудан әкімі лауазымына кандидат ретінде Алмагүл Кадралина бекітілді.

Жамбыл облысында партияның Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс XLI конференциясы делегаттарының шешімімен әкім лауазымына кандидат ретінде Жалғас Мұртаза ұсынылды. Сондай-ақ, осы күні партияның Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының кезектен тыс XXXIX конференциясы өтіп, онда 200-ге жуық делегат аудан әкімі лауазымына Ернар Есіркеповті ұсыну жөнінде шешімді қолдады.

«Бүгінде облысымыздағы 131 ауылдық округ әкімінің 121-і – «AMANAT» партиясының өкілі. Партиядан ұсынылған кандидаттарға үлкен үміт пен зор жауапкершілік жүктеледі. Өздеріңіз білетіндей, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса назар аударылады. Сондықтан кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» жобалары басым бағыт болуы тиіс деген ойдамын», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.

Алматы облысында «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Оның қорытындысы бойынша, аудан әкімі лауазымына кандидат ретінде Нұрлан Ертас ұсынылды.

«Біздің өңірде 54 мыңнан астам, ал Жамбыл ауданында 8 мыңға жуық партия мүшесі бар. Бұл үлкен күш. «AMANAT» мүшелері ашық саяси бәсекелестік пен күреске әрқашан дайын. Алматы облысында өзге өңірлердегідей ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Партия өкілдері 107 округтің 105-інде жеңіске жетті. Бұл – әрбір партия мүшесінің қажырлы еңбегі», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Осындай конференция Жетісу облысы Кербұлақ ауданында өтіп, онда аудан әкімі лауазымына кандидат ретінде Қанат Есболатов бекітілді. Кезектен тыс XV конференция жұмысына 177 делегат қатысты.

Қостанай өңірінде «AMANAT»-тың бірден үш конференциясы өтті. Партияның Алтынсарин аудандық филиалының кезектен тыс XXXVIII конференциясының шешімімен Арнұр Сартов әкім лауазымына кандидат атанды. Рудный қаласында кезектен тыс XXXIV конференция өтіп, онда делегаттардың шешімімен Виктор Ионенко қала әкімі лауазымына үміткер ретінде ұсынылды. Қарабалық ауданында партия филиалының кезектен тыс XXXVIII конференциясына қатысқан делегат аудан әкімі лауазымына Руслан Халықовты ұсынды.

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық партия филиалының кезектен тыс LV конференциясында кандидат ретінде Бақыт Асанов ұсынылды. Шардара ауданында кезектен тыс XLVIII конференцияда делегаттар әкім лауазымына кандидат ретінде Арман Қарсыбаевты ұсынды. Ал Созақ ауданында кезектен тыс LI конференцияда әкім лауазымына үміткер ретінде Мұхит Тұрысбеков ұсынылды.

Қарағанды облысындағы «AMANAT» партиясы филиалдарының конференцияларында үш үміткер айқындалды: Приозерск қаласының әкімі лауазымына – Мансұр Ахметов, Осакаров ауданында – Руслан Нұрмұханбетов, Ақтоғай ауданында – Руслан Кенжебеков.

Батыс Қазақстан облысында Тасқала ауданының әкімі лауазымына «AMANAT» кандидаты ретінде Талғат Шәкіров, Қаратөбе ауданында – Қадыржан Сүйеуғалиев ұсынылды.

Атырау облысы Исатай ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Нұрым Мусин, Қызылқоға ауданында – Қанат Азмұханов ұсынылды.

Барлық кандидат аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтуі тиіс.