Биыл әкімдер сайлауы өтетін қалалар мен аудандарда «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары басталды. Конференция делегаттары әкім лауазымына ұсынылатын кандидаттарды бекітуде.
«AMANAT»: аудандық филиалдардың конференциясы басталды
439
оқылды

«AMANAT»-та аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына партиядан кандидат ұсыну процесі басталды. Атап айтқанда, бүгін Ақтөбе облысында партияның Ойыл аудандық филиалының кезектен тыс L (50-ші) конференциясы өтті. Конференция жұмысына қатысқан делегаттар шешімімен Ойыл ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Асқар Қазыбаев ұсынылды. Алдағы күндері ол аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда сайлау жүйесі жетілдірілуде. 2021 жылдан бастап елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Осылайша, өңірдегі Ойыл, Ырғыз және Қобда аудандарының әкімдерін тікелей сайлау арқылы азаматтардың саяси белсенділігін арттырмақпыз. Алдағы сайлау науқаны саяси мәдениет пен бәсекелестікті арттыратыны анық», – деді «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.

Ол былтырдан бастап өңірде 111 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткенін, оның барысында «AMANAT» партиясынан 101 кандидат жеңіске жеткенін атап өтті. Бұл партияның саяси науқанға дайындығын және білікті кадр мен сауатты саяси платформамыз барын аңғартады.

Сондай-ақ, бүгін Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы Бейнеу аудандық филиалының кезектен тыс ХХХХІV (44-ші) конференциясы өтті. Іс-шараға 160-қа жуық делегат қатысып, олар аудан әкімі лауазымына Рахымжан Шалбаевты ұсыну туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, алдағы уақытта аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардағы партия филиалдарында осындай 43 конференция өткізу жоспарлануда.