«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жұлдыз Сүлейменова: Қазақстанда сапалы әрі мазмұнды білім жүйесі жолға қойылуы керек
605
оқылды

 

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын және партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев және партия филиалдары жанындағы өңірлік кеңес төрағалары қатысты.

Сөз басында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Президент Жолдауында және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамаларды жүзеге асырудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапалы білім әр баланың мызғымас құқығы, осыған сәйкес білім сапасы еңбек нарығының сапасына байланысты тұтастық қажет екенін айтқан болатын. Осы салаға жауапты орталық мемлекеттік ведомстволар Мемлекет басшысы Жолдауда міндеттеген тапсырмалар мен партиямыздың сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамаларды жүйелі жүзеге асыруы өзекті. Ең бастысы, Президент айтып өткендей, еліміздегі білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы тиіс. Қазақстанда сапалы әрі мазмұнды білім жүйесі жолға қойылуы керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова.

Сөз басында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев болашақ орта медицина қызметкерлері еліміздегі 94 медициналық колледжде білім алып жатқанын және 2022-2023 жылдары ондағы студенттер саны 103 747 адамды құрағанын атап өтті.

«Колледждерде болашақ мамандар жалпы медицина, акушерия, мейіргер ісі, стоматология, ортопедиялық стоматология, гигиена-эпидемиология, зертханалық диагностика, фармация, медициналық оптика сынды 9 мамандық бойынша білім алады. Алайда халық тарапынан орта медицина қызметкерлерінің дайындығы мен біліктілігіне қатысты жиі сын айтылады. Бұл мәселе министрлік, Үкімет және Парламент қабырғаларында да талқыланды. Осыған байланысты, ведомство медициналық персоналды даярлау әдістемелерін ұйымдастыруға жауапты болатын республика деңгейіндегі колледж ашуды ұсынды. Аталған колледж Астана қаласында жыл соңына дейін ашылады. Маман даярлығын жүйелендіру және білім сапасын жақсарту – өте өзекті мәселе», – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген кәсіби стандарттарды ескере отырып, ЖОО-ның білім беру бағдарламаларын өзектендіру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң аясында денсаулық сақтау саласында 56 стандарт әзірленді. Оның 21-і мемлекеттік органдармен келісіліп, бекітуге жіберілді. Жыл соңына дейін қалған стандарттар да бекітіледі деп күтілуде.

Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов дуальді білім беру және жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысын өсіру мәселесіне тоқталды.

«Студенттерді дуалды оқытумен қамтуды ұлғайту үшін кәсіпорындармен өзара іс-қимылды кеңейту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінде ЖОО-лар жұмыс берушілермен 5 мыңнан астам шарт жасады. Осы келісімшарттар негізінде кәсіптік практикадан өту үшін өндірістік базаны қамтамасыз ететін мамандар дайындалуда. Дуалды оқытумен жалпы саны 6 мыңнан астам білім алушы қамтылды. Осы күні дәріс оқу, зертханалық және тәжірибелік сабақтарды жүргізу үшін кәсіпорындар мен өнеркәсіптен практик мамандар тартылуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындардың кафедра филиалдары кәсіпорындардың базасында ашылып, студенттердің басым көпшілігі оқудың біраз бөлігін сонда жалғастырып жатыр», – деді вице-министр.

«АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ЖОО студенттерінің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысын өсіру бастамасы көтерілген еді.

«Биыл 1 қыркүйектен бастап бакалавриатта білім алатын студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, ал магистратура және докторантурада оқитын азаматтардың шәкіртақысы 15%-ға артты. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанып, шәкіртақы дәл осы мөлшерде өсіп отырады. Жаңа мөлшерде белгіленген шәкіртақы еліміздегі 133 мың студентті қамтиды. Осылайша, докторанттар –  217 500 теңге, «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттар – 111 579 теңге, магистранттар – 97 024 теңге, интерндер – 75 890 теңге, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттер – 67 200 теңге көлемінде шәкіртақы алады», – деді Талғат Ешенқұлов.

Сондай-ақ, биыл 1 қыркүйекте ведомство тарапынан ЖОО-ларға оқытушылар – 230 000 теңгеден, аға оқытушылар – 264 000 теңгеден, доценттер – 299 000 теңгеден төмен айлық алмауы керек деген ұсыныс жолданды.

Осы тұста, «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында елдегі білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән бергенін атап өтті.

«Мектеп қабырғасындағы білім сапасы – ең алдымен, мұғалімнің білім сапасына байланысты болмақ. Мүдделі министрліктер мен педагогикалық бағытта маман даярлап жатқан жоғары оқу орындар Президенттің бұл тапсырмасына ерекше назар аударуы тиіс. Азаматтық ұстаным таныту керек. Жоғары оқу орындары мен білім ошақтары арасында байланыс орнамайынша, мектеп қабырғасында білім сапасы жақсармайды. Түптеп келгенде, сапа – оқу бағдарламасы мен тәжірибенің айнасы. Осы орайда, әр өңірдің 10 мықты директоры педагогикалық бағытта білім беретін жергілікті жоғары оқу орындарына барып, түлектердің білім сапасына зер салса деген ұсынысым бар. Аймақтың білім ошақтарына қажет білікті мамандар осылай іріктелер еді. Осы жұмысты жүйелі жолға қойып, тиісті деңгейде үйлестірген кезде мектептердегі білім сапасы артады деген ойдамын», – деді Шолпан Каринова.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Кеңес жұмысына қатысушылар көтерген барлық мәселе жіті назарға алынатынын жеткізді. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне баса мән беріледі.