Атырау облыстық перинаталдық орталығында дүниеге келген ең кішкентай сәбидің салмағы – 503 грамм, бойы – 28 см. Қазіргі уақытта бүлдіршінге 5 ай толды. Алайда, сәби әлі күнге дейін жасанды жолмен тыныс алу аппаратына қосулы жатыр. Бес айдан бері өмір үшін күресіп жатқан шақалақ жасанды ұрықтандыру жолымен өмірге келген.
Атырауда салмағы 500 грамм сәби дүниеге келді
681
оқылды

Ерекше жағдайда өмірге келген бүлдіршіннің анасы Анаргүлдің айтуынша, сәби 22 аптасында күтпеген жерден өмірге келген.

Сәбидің анасы Анаргүл  – 35 жаста.  Айтуынша, ана «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында баланы жасанды жолмен өмірге әкелген.

«Осы уақытқа дейін біздің отбасыда басты арман – сәби сүю болды. Сәби сүйеміз деп бірнеше рет жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінген болатынбыз. Осымен, ЭКО-ны бесінші рет жасатқан едік. Жүктілігім сәтті болып, енді сәби күтіп жүргенде 22 аптада ауырып, осы орталыққа келдім. Дәрігерлердің бақылауында болып, 22 аптада табиғи жолмен босандым. Сәбилерім егіз болып дүниеге келді. Онымен, сәбиімнің біреуі төрт сағаттан кейін шетінеп кетті. Қатты стресс алғаным сонша, бұл қызымның да аман қалуына сенбестік танытқан едім. Қатты қорыққанымнан сүтім тартылып кетті" дейді 35 жастағы Анаргүл.

 Дегенмен, дәрігерлердің шеберлігінің арқасында бүлдіршін 5 айдан кейін тағы да ем-шара алуы үшін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып отыр.

"Үмітімді жалғаған перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірінші Алла, екіншіден ақ халатты жандар орталық директоры Қазбек Айжарықұлы бастаған ұжымның қызметкерлеріне, дәрігерлер Гүлмира Мерхатқызы мен Алмагүл Байғалиқызы, Руслан Сабырханұлы, Айдана Ғалымжанқызы, Гүлбаршын Отарғалиқызы, Аслан Асанұлына  және орталықтың балалар жансақтау бөлімінің дәрігерлері мен медбикелеріне қатты риза болдым. Оларға басымды иемін», - дейді жас ана көзіне жас алып.

Дүние есігін ашқалы бері   қарқынды ем-шараларды  қабылдап жатқан шақалақ 13 қыркүйек күні Атырау облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған. 

Қазіргі уақытта сәбидің салмағы – 2 келі 500 граммға жетті. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы қалыпты. Алайда, шала туылғандықтан , оттегіге тәуелді, сол себепті әлі де сәби түтікшесіз  кислород беретін аппаратқа қосылған" дейді дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, сәби әзірге аппаратта болады. Өйткені, өмірге келгенде оның өкпесі өте кішкентай болған. Сол себепті оның оңалып, қалыпқа келуі үшін кішкене  уақыт керек. 

Бүлдіршін әрі қарай облыстық балалар ауруханасынан қарқынды ем-шараларды қабылдайтын болады. 

Бір қызығы, алақанның көлеміндей ең кішкентай салмақта дүниеге келген нәрестенің «қарын шашын алу», «қырқынан шығару» секілді ырым-жоралғыларын дәрігерлер перзентханада дәстүрге сай атқарған. "Біреуі тырнағын алып, екіншісі шашын алып шақалақтың үлкен өмір жолына ізгі тілектерін жолдап, жақсы сөздерін арнады. 

Жас ананың ендігі арманы – сәбиінің тыныс алу аппаратынан ажырап, өз еркімен дем алғанын көру" дейді Атырау облыстық перинаталдық орталығының ресми өкілі Нұргүл Исмағұлова.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА