Ұлытау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Ұлытауда туризмді дамытуға не кедергі?
1,205
оқылды

Ұлытау облысы Жезқазған қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиында осы өңірдегі туризмді дамыту, тарихи орындарға туристер тарту және Жол картасы аясында облыстағы тарихи-мәдени мұралар мен кешендердің жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды.

Басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық және өңірлік Кеңес мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, белсенділер және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай тарихи-мәдени нысандарды қорғаудың мәні мен маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.

«Ұлытау – туризмнің төріне айналуы тиіс. Басқа салаларды дамытпай туризмді дамыту мүмкін емес. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысты мәселе. Мысалы, логистика, тамақтану жүйесі, көлік, қонақүй, ұлттық парктер, мұражайлар, тарихи-мәдени нысандар жолға қойылғанда ғана ішкі және сыртқы туристерді өзімізге тарта аламыз. Облыстың енді ғана ашылғанына байланысты, өңірде жоғарыда айтылғандардан ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ. Алдағы уақытта өңірдің рухани-мәдени ахуалын, туризм саласын дамыту мәселелері бойынша Мәдениет және ақпарат, Спорт және туризм министрліктерімен бірге тығыз жұмыс істейтін боламыз», – деді Аманжол Әлтай.

Өз кезегінде, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков өңірде мәдени-туризмді  дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Жошы хан кесенесін мәдени-туризм нысанына айналдыру қажет екенін айтқан еді. Бүгінде Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштеріне бай Ұлытау өңірі туристік картаның ТОП-50 нысанына еніп отыр. Осы игі бастаманың аясында облысымызда бірқатар нақты іс-шаралар ұйымдастырылып, жүйелі жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Облыс аумағында 494-тен астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 17-сі республикалық маңызы бар ескерткіш саналады. 210 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді. Сонымен қатар, аймақта 35 қасиетті нысан бар. Оның 25-і жалпыұлттық және 10-ы жергілікті маңызға ие», – деді Дастан Рыспеков.

Айта кетейік, биыл археологиялық жұмыстарға республикалық бюджеттен 54 млн теңге қаражат бөлінді. Археологиялық жұмыс жүргізу нысандары қатарында Лақпай, Ақтас, Құжал, Ақсай қорымдары және Алтын Орда дәуіріндегі «Талмас ата» кесенесі бар. Ал республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыс жүргізуге 102 млн теңге қарастырылды. Бұл саланың этнографиялық туризмді дамыту мен туристер тарту ісінде маңызы ерекше.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері тарапынан түрлі сыни пікір айтылып, тарихи ескерткіштер өз деңгейінде қорғалмай жатқаны сөз болды. Бұған қоса, жастар арасында жергілікті жердің тарихы мен мәдениеті дұрыс насихатталмайтыны, ішкі балалар туризмі дамымағаны және шетелден немесе өзге өңірден келген туристерге лайықты жағдай жасалмағаны айтылды. Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай мен Жанарбек Әшімжанов барлық ұсынысты назарға алып, тиісті деңгейде көтеретіндерін жеткізді.

Кеңес отырысы қорытындысы бойынша, облыс әкімдігіне С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театрын жаңғырту жұмысын жандандыру, Ұлт-аспаптар оркестрін құру, тарихи-мәдени кешендерге баратын жол құрылысын жеделдету, кешендерге қатынайтын көлік пен гид дайындау мәселесін қарастыру сынды бірқатар тапсырма жүктеді.