Сонымен, посткеңестік аумақтағы квазимемлекеттік, сепаратистік құры­лымдардың бірі түбегейлі тарих шаңына көмілетінге ұқсайды.
Таулы Қарабақ: тыныштық орнайтын күн жақын
682
оқылды

Бұлай деуі­мізге Әзербайжан Қарулы күштерінің осы аптада Қарабақ аймағында өт­кізген антитеррорлық операциясы мен өңірді мекен ететін армян ұлты өкіл­­­дерінің Бакумен келіссөздер жасауды бастағаны дәлел. Әзербайжан Қарабақта «үй ішінен үй тігіп отырғандарды» қару тастауға мәжбүрледі. Енді өңір халқын Әзербайжан қоғамына реинтеграциялау мәселесі ғана қалып тұр. Ұзаққа созылатын процесс болғанымен, реинтеграция аймақ тұрғын­дары үшін пайдалы болары сөзсіз. 

Негізі, КСРО-дан бұрынғы одақ­тас­тар­дың біразына оңайлықпен шешілмейтін бір­аз түйінді мәселелер мұраға қалған. Со­ның бірі – Таулы қарабақ жанжалы. Өт­­­­кен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Тау­лы Қарабақ үшін болған соғыста Әзер­бай­жан жеңілген еді. Сөйтіп, аймақтағы сепаратистер Қарабақты жеке республика деп жариялаған. Бірақ оны өзгелер түгілі Арменияның өзі де мойындаған емес. Ара­да жылдар өткенде, 2020 жылдың күзінде Әзер­байжан Таулы Қарабақ үшін соғысқа кірісті. 44 күнге созылған соғыста аймақты қоршай орналасқан 7 ауданның бесеуі азат етілді де, екеуі Әзербайжан, Ресей мен Ар­ме­ния үшеуінің арасындағы бірлескен ке­ліс­сөз негізінде кейін Бакуге қайтарылуы ке­рек еді. Алайда Армения тарапы келсімді орын­дауға асықпады. Сол себепті Баку Ла­шын ауданындағы Қарабақты Арме­ния­мен байланыстырып тұрған дәлізді ба­қы­лауы­на алды. Үш жылға жуық уақыт бойы екі елдің дипломаттары талай мәселені тал­­­­қылаған. Армения тарапы мен Қара­бақ­тағы армяндар өңір халқына гумани­тар­лық көмектің өзі жіберілмей жатқанын ал­ға тартса, Әзербайжан тарапы мұндай көмекті сылтауратқан сепаратистер өңірге қару-жарақ тасығанын айтумен келді. Әрі Қарабақты мекен ететін армяндарды Әзер­байжан қоғамына реинтеграциялау жайлы бірнеше мәрте ұсыныс айтқан. Бірақ бұл ұсынысқа құлақ асқан ешкім жоқ. Тіпті, биыл 9 қыркүйекте өздерін «Таулы Қарабақ Рес­публикасы» деп атап жүрген өңірде Президент сайлауы да өткен. Сөйтіп, 2020 жыл­дан бері сол өңірде президент саналып кел­ген Араик Арутюнянның орнына Сам­вел Шахраманян басшы болып сайланған. Бұл «сайлауды» да ешкім мойындаған жоқ. Өңірдегі қарулы топтар да таратылмаған еді. Ресми Баку Арменияның аймақта әс­ке­ри бөлімшелер ұстап отырғанын ай­тып Ере­ванды айыптаса, қарсы тарап оны мойын­­даған емес. Ақыры, биыл 19 қыр­күйек­те Әзербайжан армиясы Қарабақта ан­ти­террорлық операция бастады және бір күн ішінде сепаратистердің қаруланған топ­тарын тізе бүктірді. Осылайша, Қарабақ ай­мағындағы сепаратистік күштерді толық жоюдың соңғы кезеңіне шыққан жайы бар. Ал ресми Ереван Қарабақтағы оқиғаларды Әзербайжанның ішкі мәселесі деп қарай­ты­нын байқатты. Сөйтіп, сепаратистік құ­ры­лымдарға ашық қолдау көрсеткен жоқ. 

«Бір күндік соғыс»

Адамзат тарихында «жүз жылдық со­ғыс», «алты күндік соғыс» тәрізді шартты атау берілген кезеңдер мен соғыстар бол­ған. Алғашқысы ертеде Англия мен Фран­ция­ның арасында болса, «алты күндік со­ғыс» 1967 жылы Израиль мен арабтың 5 мем­лекеті арасында өткен-ді. Ал осы ап­та­да Қарабақта ұйымдастырылған опера­ция «бір күндік соғыс» аталуы әбден мүм­кін.

Әзербайжан армиясы 19 қыркүйекте Қа­рабақта локалды әскери операция бас­тады. Мұндай қадамға баруға итермелеген соң­ғы әрекет Хожавенд ауданында болған ми­на жарылысы еді. Әзербайжан Сыртқы іс­тер министрлігі таратқан мәліметтерге қара­ғанда 19 қыркүйек күні диверсанттар Ре­сей бітімгерлері орналасқан аймақта танк­ке қарсы қолданатын мина арқылы кө­лік жарып жіберген. Жарылыстан екі бей­біт тұрғын қаза тапты. Сонымен қатар Хо­жавенд ауданы Тагаверд ауылындағы жаңа­дан салынған туннельде мина жарып, жары­лыс салдарынан сол өңірге жіберілген Әзер­байжан Ішкі істер министрлігінің 4 қыз­­меткері көз жұмды. Ресми Баку бұл оқи­­ғаларды арандату деп бағалады. Осы­лай­ша, Әзербайжан армиясы іске кірісті.

Бір күнге созылған ұрыста Қарабақтағы заң­сыз қарулы топтар мен армениялық әс­­кери бөлімшелер саналатын құрылым­дар­дың 90-нан астам позициясы талқан­да­лып, Әзербайжан әскерінің бақылауына көш­ті. Өңірдегі радиоэлектронды күрес құ­ралдары, әуе қорғанысы жүйелері жойыл­ды. Кейбір деректерге қарағанда ұрыс кезінде Қарабақтағы қарулы топтар­дан біршама адам шығыны болғанға ұқ­сайды. Кейбір ақпаратта 27 адам мерт бо­лып, 200-ден астамы жараланғаны айты­ла­ды. Біреулер тіпті 200 адам өлгенін айтып жат­ыр. Бірақ нақты дәлел жоқ. Әзербайжан та­рапы өздерінің адам шығынын жария­ламады. Халыққа арнайы үндеу жолдаған Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев 2020 жылдың қарашасынан бері Қарабахта қа­ру­лы топтар аз болмағанын айтты. Аймақта қарулы топтардың қолында 200-ден астам зеңбірек, миномет және өзге де ауыр атыс құралдары болыпты. Одан бөлек 100-ден астам бронды техника аймақта тұрған. Со­ның ішінде бронетраспортерлер, танктер, өзге де сауытты көліктер бар. 

20 қыркүйекте артиллерия, авиация мен ұшқышсыз ұшатын аппараттардың соқ­қысына төтеп бере алмаған заңсыз қару­лы топтар Бакудің талабына көнді. Әзер­байжан бір күнге созылған опера­цияны тоқтату үшін нақты талаптар қойды. Атап айтқанда, бірінші талап ретінде «Әзербайжанның Қарабақ ауданындағы Армения қарулы күштерінің бөлімшелері мен заңсыз қаруланған топтар қаруларын, ұрыс позицияларын, әскери бекеттерін тастап кетеді. Толық қарусызданады. Ар­ме­ния қарулы күштерінің бөлімшелері ай­мақтан кетеді. Қаруланған заңсыз топ­тар таратылады» дейтін шарт қойды. Екін­ші шарт бойынша заңсыз қарулы топтар «бар­­­лық қару-жарақ пен ауыр техниканы тиіс­ті құрылымдарға тапсырады», үшінші шарт­та бұл процестердің жүзеге асуын ре­сейлік бітімгерлік контингент пен Әзер­бай­жан тарапы бірлесе бақылайтыны ай­тыл­ған. Сонымен бірге Әзербайжан жағы ше­гініп бара жатқан Армения қарулы күш­тері бөлімшелерін атқыламауға серт бер­ді. Ал ресми Ереван Қарабахта Армения қарулы күштерінің бөлімшелері болмаға­нын айтудан танған емес. 

Соғыс аяқталғаннан кейін, 21 қыр­күйек­те Әзербайжанның Евлах қаласында екі жақтың өкілдері кездесті. Әзер­бай­жан­ның ресми ұстанымын парламент депутаты Рамин Мәмедов, Таулы Қарабақтағы Әзер­байжан бақылауына өткен аумақтағы пре­зиденттің арнайы өкілдігі басшысының орын­басары Башир Гаджиев, осы өкіл­дік­тің қызметкері Илкин Сұлтанов үшеуі жет­кізсе, Қарабақтағы армяндардың аты­нан кездесуге Сергей Мартиросян мен Да­вид Мелкуман келді. Сонымен бірге кез­десуге ресейлік бітімгерлік күштерінің төрт офицері қатысты. 

Жиында тараптар өңір инфрақұрылы­мын қалпына келтіру, реинтеграция және өз­ге де мәселелер талқыланған. Дегенмен ең алдымен аймақта гуманитарлық апат бол­дырмау мәселесі сөз болды. Баку өңірге гу­манитарлық көмек пен жанар-жағар май, азық-түлік жіберетін болды. Әрі уәде­сін­де тұрды. Жұма күні Қарабаққа Әзер­бай­жанның алғашқы гуманитарлық көмегі жеткізілді. 

Халықаралық қауымдастық не дейді?

Қарабақтағы оқиғалар БҰҰ жарғысын­да көзделген ең басты екі ұстанымының қай­шы түсетінін байқатады. БҰҰ жар­ғы­сын­да әр халықтың өз тағдырын өзі ай­қындауына ерекше мән берілген. Бұл де­геніңіз – әр халық өз мемлекетін құруға бо­латынын білдіреді. Бірақ БҰҰ-ның тағы бір негізгі ұстанымы – кез келген мемелкет­тің территориялық тұтастығы. Қарабақта армян ұлтының өкілдері жеке мемлекет құру идеясын алға тартса, Әзербайжан ау­мақ­тық тұтастықты сақтауға назар аудара­ды. Әрі әлемдік қауымдастық Қарабақты Әзербайжанның аумағы ретінде мойын­да­ған. Сондықтан ол – өңірдегі армян хал­қы­ның бөлінуге ұмтылуы кәдімгі сепара­тизм. Алайда Қарабақ мәселесін Әзербай­жан­ның ішкі ісі деп мойындағысы келмей­тін мемлекеттер де бар. Айталық, Франция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өт­кізу бастамасын көтерді. Сөйтіп, Қара­бақ мәселесін талқыға шығарды. Дегенмен жиында қандай да бір қарар қабылданған жоқ. Ал Еуропалық одақтың антиәзер­бай­жандық сипаттағы ресми мәлімдемесіне Ма­жарстан қарсы шығып, вето қойды. 

Жалпы, Әзербайжанның Қарабақты қайтарып алуға байланысты саясатына ірі державалардың ұстанымы екіұдай көзқарас қалыптастырады. Айталық, Украинаның ау­мақтық тұтастығын қолдап, Қырымдағы «ре­ферендумды» мойындамайтын батыс­тың бірқатар мемлекеттері Қарабақтағы армяндардың «референдум, сайлау» ұйым­дастырғанын жақтайтыны байқалады. Әдет­те «бейбіт тұрғындар зардап шекпесін» дей­тін уәжбен АҚШ, Франция, Германия қа­тарлы мемелкеттер Бакуге хабарласып жа­тады. Осы жолы да солай болды. АҚШ мем­лекеттік хатшысы Энтони Блинкен Илхам Әлиевке телефон шалған. 20 қыр­күйекте. Әзербайжан басшысы Блинкенге әскери операцияны тоқтатудың жалғыз шар­ты сепаратистердің қаруларын тастауы екенін айтқан. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі­нің отырысында Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Қарабақтағы қарулы топтардың ауыр ұрыс техникалары­ның суретін көрсетіп, сепартизммен күрес­тің Баку үшін басты ұстаным екенін атап өтті. Сөйтіп, халықаралық қауымдастықты аумақтық тұтастықты сақтау үшін әскери операциялар ұйымдастырылғанынан құ­лағ­дар етті. Бәлкім содан да шығар, БҰҰ ҚК ешқандай да қарар қабылдаған жоқ.

Қарар дегеннен шығады, Қарабақ шие­ленісін реттеуге қатысты 30 жыл ішінде БҰҰ деңгейінде 4 қарар қабылданған. Бәрін­де де аймақтың Әзербайжанның жері еке­ні көрсетілген, сепаратистерге белгілі бір талаптар қойылған. Алайда ол қарар­лар­ды Қарабақтағы сепаратистік күштер орындаған емес. Шиеленісті тоқтату үшін құрылған «Минск тобы» деп аталатын топ құрамына кіретін АҚШ, Франция, Ресей мемлекеттері «Қарабақ кланына» талап қойғанын да естімеппіз. Ақыры, мәселені Баку қарудың күшімен шешті. 2020 жылы және биыл. 

Қазақстанның ұстанымы қандай?

Қазақстан өзінің сыртқы саясатында кез келген елдің аумақтық тұтастығының сақ­талуын жақтайтынын айтумен келеді. 2020 жылы Алматы облысында өткен әс­кери жаттығуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біз сөз басында атап өткен БҰҰ жар­ғысындағы қайшылықтарға айрықша тоқ­талғаны бар. «Бітпейтін» немесе «ұзақ­қа созылған» деп танылған аймақтық қақ­тығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халық­аралық құқықтың қайнар көзі және негізі бо­лып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшы­лық­тарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағ­дырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағи­дат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отар­лық­тан құтылған кезде өте өзекті бола түс­ті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгін­де мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қа­ғидаты бірінші орынға шығып, басым­дыққа ие болды. Қазіргі қақтығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бас­шылыққа алуы тиіс», – деген еді Пре­зидент. Сөйтіп, сол кезде Қарабақ мәселе­сін «ұзаққа созылған» қақтығыс ретінде бағалайтынын байқатқан. Одан кейін де Қазақстан аумақтық тұтастық мәселесінде ұстанымынан айныған жоқ. Мәселен, 9 қыркүйекте Қарабақта «сайлау» өткен соң Қазақстанынң Сыртқы істер министрлігі ар­найы мәлімдеме таратты. «Қарабақ төңіре­гіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қа­зақстан Республикасы Әзербайжан Рес­публикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қол­дауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халық­аралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-диплома­тия­лық жолмен реттеуді қолдайды» делін­ген мә­лім­демеде. Ал 20 қыркүйекте Қазақстан­ның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Қарабақтағы оқиғаларға байланысты елі­міз­дің ұстанымын тағы білдірді. «Қазақстан бауырлас Әзербайжанның аумақтық тұтас­тығына толық қолдауын тағы да растайды. Әзербайжан тарапының Қарабақтағы ар­мян халқының өкілдерімен кездесу өткізу­ге бағытталған бастамасын құптаймыз. Қа­лыптасқан жағдай Әзербайжан Респуб­ликасының халықаралық деңгейде мойын­дал­ған шекаралары шеңберінде бейбіт диа­лог арқылы жуық арада реттеледі деп үміт білдіреміз. Оңтүстік Кавказда бейбіт­ші­лік және өзара тиімді ынтымақтастық ат­­мосферасының орнауы, барлық ком­му­никациялардың ашылуы өңірдегі барлық ел­дердің мүддесіне сай келеді деген пікір­де­міз», – деп ресми мәлімдеме жасады Ә.Байел. Міне, бұл ұстанымдар Қазақстан­ның Қарабақ мәселесінде Бакуді жақтай­ты­н­ын байқатады.

 

ТҮЙІН.

Сонымен, 30 жылдан астам уақытқа созылған Қарабақ шиеленісі аяқталатынға ұқсайды. Бөлінбек болғандар қаруларын тастап жатыр, Баку аймақты дамытуға құлшынып отыр. Өнбес дауды қуғаннан пайда жоғын Армения басшылары да мойындаған секілді. Одан да Каспийден Әзербайжанға, одан әрі Түркия жеріне дейін кететін жаңа көлік дәлізінің ашылуына мүдделі болып, тасымалдан азды-көпті пайда табудың ел үшін тиімді екенін Никол Пашинян да білетін сыңайлы. Бірақ Ереван көшелерінде ереуілдеп жүрген бұқара мұны ұға қойса кәнекей?!

Амангелді ҚҰРМЕТ