Батыс Қазақстан облысы орманшылары мен төтеншеліктер бірлесіп орман және дала өртінің алдын алуға арналған оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Оқу-жаттығуға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен орман шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты.
Орман алқабын өрттен қорғаймыз
764
оқылды

Биылғы жаздың ыстық болғаны орман ал­қабына кәдімгідей қауіп төндірді. Аптап ыс­тықтан дала өрті көбейіп, төтенше­лік­тер бірнеше рет атқа қонғаны есімізде. Әсі­ресе, Сырым, Теректі, Тасқала, Казта­лов аудандарындағы дала өртін сөн­діру­мен төтеншеліктер күндіз-түні айна­лыс­ты. 

– Биыл 14 табиғи өрт тіркелді. Соның же­теуі орман өрті. Биылғы ауа райының құ­былмалы болуы дала өртін сөндіруде қиын­дық туғызды. Бірақ біз бар күш-жіге­рі­мізді салып, орман алқаптары мен елді ме­кендерді өрттен сақтап қала алдық, – дей­ді БҚО Төтенше жағдайлар депар­та­мен­тінің бастығы Ернұр Өтегенов.

Бұл оқу-жаттығу жұмыстарына 131 адам, 38 техника, бір тікұшақ, екі жүзу қайы­ғы тартылып отыр. Мұндай оқу-жат­тығу жұмыстары өрт сөндірушілер мен ор­маншылардың ширақтығы мен кәсі­би­лігін шыңдау үшін ұйымдастырылады. 

Департамент басшысы өрт сөндіруші­лер­дің техникалық базасы жаңартылып жат­қанын да айтты. 

– Биылғы жылға республикалық бюд­жет­тен 4 автокөлік берілуде. Облыс әкімі­нің қолдауымен біздің өрт сөндіру бөлі­мі­не деп 7 автокөлік дайындалуда. Бұдан бас­қа, өрт сөндірушілердің киім-кешек­тері мен байланыс құралдарына деп бюд­жет­тен қаражат бөлініп, қазір қажет зат­тарды алып жатырмыз, – деді Ернұр Өте­­генов. 

БҚО – орман алқабына бай өңір. Об­лыс­та 216 мың 815 гектар орман алқабы бар. Осы байлықты қызыл жалыннан сақ­тап қалу үшін орманшылар мен өрт сөн­дірушілер аз тер төгіп жүрген жоқ. 

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөн­­дірушілер мен орманшылардың тех­ни­калық базаларын күшейтуді, жалақы­ла­рын көтеруді тапсырған болатын. Бұл тап­сырма аясында облыста біраз жұмыс ат­қарылуда. 

– Президент тапсырмасына сәйкес жә­не облыс әкімінің тікелей қолдауымен об­лыстық бюджеттен 1 миллиард 187 млн қар­жы бөлінді. Оған біз 25 трактор, 13 ав­токөлік, 78 қажетті құрал алдық. Кейін об­лыстық бюджеттен 78 млн қаржы бөлі­ніп, оған 420 рация және 135 аспалы су шаш­­қыш, 6 өрт сөндіруге арналған ке­шен­­ді көлік, 4 дрон алынды. БҚО бойын­ша өрт­ті бақылауға арналған 8 мұнара бар. Сол сегіз мұнараға видеокамера қойыл-ды, – деді облыстық Табиғи ресурстар және та­би­­ғатты пайдалануды реттеу бас­қармасы­ның бас­шысы Қуанышқали Исимов.

Жанар ҚАЙЫРҒОЖИНА