«Amanat» партиясы «Еңбек адамы» мәртебесін қалыптас­тыруға айырықша назар аударып келеді.
Еңбегімен елге сыйлы жан
685
оқылды

Бұл өз кезегінде еңбек құндылығын қалыптастыратыны анық. Біздің бүгінгі кейіпкерлер де еңбектің қадірін білетін жандар. 

Элмира Мағзомова – қара­пайым ғана ауылдың келіні. Бірақ Эльмираға ауылға бой үйрету оңай болған жоқ. Себебі ол – қаланың қызы. Өмір бойына қалада тұрып, қалада оқыған қыз бір күнде сүйген жары­ның жетегіне еріп, ауылдан бір-ақ шыққан. 

Біздің кейіпкеріміз  көпбалалы ана. Жолдасы екеуі қырда мал ұстап отыр. Олар – 1997 жылы атакәсіпті серік етіп, қожалық ашқан ата-анасының кәсібін жалғап отырған жастар. Қаланың пысық қызы қазір ауылдың нағыз қаһарман келініне айналды. Олай дейтініміз – Эльмира нағыз шаруа келін. Қазір облыста  майы мен құрты, сүт өнімдері үлкен сұранысқа ие. Біздің облысты қойғанда сонау Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкенттен  өнімдеріне тап­сырыс түседі. 

«Мен өз өнімдерімізді сатуға  шы­ғара­мын. Таза, адал еңбек. Қолдың майы, құрт, ірімшік, сүт, қаймақ секілді таза экологиялық өнімдерді қалаға апарып сатамын. Алдын ала тапсырыс беретіндерді бірінші жеткізіп тастаймын. Жолдасым екеуміз маңдай термен, адал еңбекпен ұстап отырған малымыз. Со­ның еті мен сүтін саудалап, қажетімізге жара­тамыз», – дейді шаруа келін. 

Эльмира – нағыз еңбек адамы. Қыр­да мал ұс­тап, оның өнімін пұл етіп, бала-шағасын бағып отыр. Таңғы бесте тұрып 10 сиыр сауады. Жолда­сына еріп жылқы ұстасады. Өзі де аттың құлағында ойнайды. 

Ол жай ғана еңбек адамы емес. Ол қазір тренд­тен қалмай, блог жүргізіп жүр. Үйіндегілер оны «бло­гер келін» деп атайды. 

Эльмираның парақшасы қазір өте танымал. Instagram парақшасында ауылдың өмірін еш қос­пасыз, боямасыз береді. Таңда сиыр сауғанын, сүт тартқанын, май шайқағанын, бәрін салып, қырдың өмірін насихаттап жүр. 

Парақшасын оқыған әр адам мал бағудың оңай тірлік еместігін түсінеді. 

Біздің кейіпкеріміз «бастысы – адал еңбек пен келген нәпақа артық, біз жолдасымыз екеуміз де өте шаруа адам­дармыз», – дейді. 

Ал батысқазақстандық Даниял Мырзағалиев – қарапайым ағаш шебері. Ол қазір Орал қаласын­дағы «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» әлеуметтік орта­лығын­да жұмыс істейді. Қызметіне адал, еңбекқор Даниял Мырзахметов екі қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырған ардақты әке. Қазір жұбайы екеуі бала­лар­дың қызығын қызықтап жүрген қарапайым отбасылардың бірі. 

 «Біздің орталық әлеуметтік мекеме ғой. Қыз­мет алушыларымыз әртүрлі. Даниял аға солардың бәрінің көңілін табады. Еңбек нұсқаушысы болып қызмет атқаратын ағамыз жастарды еңбекке баулып жүр. Даниял Мырзах­метов өзі ағаш шебері, енді бар білетінін біздің қызмет алушыларға үйретуде. Соның арқасында бүгінде екі жігіт ағаш цехына жұмысқа орналасты», – дейді орталық жетекшісі Гүлнұр Есқабұлова. 

Орал қаласындағы «Өз бетінше тұруды сүйемел­деу» әлеуметтік орта­лығы 2022 жылы ашылған болатын. Бү­гін­де орталықта 16 адам тұрады. Олар­дың бәрі Даниал Мырзахметовты жақсы көреді. Себебі біздің кейіпкеріміз әр қызмет алушыны өзіне тартып, бауы­рындай қамқорлық танытады. 

«Даниял Мырзахметов – көп жыл осы әлеу­меттік салада жұмыс істеген адам. Сондықтан да Даниял ағайға арнаулы орындарда қызмет алатын­дардың мінез-құлқы өте жақсы таныс. Қазір аға­мыз орта­лық­тың жай ғана еңбек нұсқаушысы емес, ол кісі қолы шебер адам. Орталықта жөндеуді қа­жет ететін барлық жиһаз, есік-терезелерді Даниял ағамыз өзі жөндей береді», – дейді орталық қызмет­керлері. 

– Мен бұрын Круглоозерный арнау­лы орталығында дене тәрбиешісі болып жұмыс істе­дім. Көмекке мұқтаж, ауру адамдарды шынық­тырып, денелерін қимылға келтіріп жаттығу жасайтынбыз. Олар үнемі қамкөңіл жүреді, көңілдерін сергітуге тырысатынбыз. Қазір мына орталықта еңбек нұсқаушысы қызметін­демін. Қызмет алушыларды еңбекке баулимын. Мен ағаш шеберімін. Бала­ларды ағашпен жұмыс істеуге үйре­темін. Жұмысым өзіме ұнайды. Уақыттың қа­лай өтіп кеткенін байқамай қаламын, – дейді біздің кейіпкеріміз. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы