Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
"Қарызсыз қоғам": БҚО-да 5200 адам жобаны аяқтап, сертификат алды
1,158
оқылды

Бүгін Орал қаласының тұрғындарына қаржылық сауаттылыққа үйрететін, табысты орынды жұмсауға жол көрсететін "Қарызсыз қоғам" партиялық жобасы аясында тегін оқыту курстары әлі де жалғасын табуда.

Жобаға қатысушылар саны күннен күнге артуда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында қазіргі күннің өзінде 5200-дей адам жобаны аяқтап, сертификаттарын алды. Халыққа берер пайдасы мол «Қарызсыз қоғам» жобасы  жыл соңына дейін жалғаспақ.

Негізінде бұл жоба “АMANAT” партиясы мен Halyk Bank-тың бірлескен жобасы екені баршамызға аян. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Аталмыш жобаның халық тұрмысының едәуір жақсаруына тигізер үлесі мол болмақ.

Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық аудандарда биылғы 31 қарашаға дейін 8621 адамды оқытып шығу жоспарлануда. Бұл ретте облысымызға 4 оқытушы бекітілді. Бүгінгі таңда Тасқала ауданы (420), Қаратөбе ауданы (421) адам оқып, қолдарына сертификаттарын алып, жоспар бойынша оқуды толықтай аяқтап отыр. Соның ішінде Орал қаласында 800 адам оқытылды, қалған 2243 адамды оқытуға арнайы жоспар жасақталды. 22 қыркүйек күні 500-ден астам адам оқуын аяқтаса, қыркүйек айының соңына дейін тағы да 500 адам оқудан өтетін болады.

Жобаға қатысушылардың алғашқы қадамынан-ақ оң нәтиженің көрініс беріп келе жатқандығы байқалады. Мысалы, жобаға қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйренді. Олар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренді. Ол жайында эксперт маман – Исмагулова Алмагүл Ижанқызы қала тұрғындарымен болған дәріс кезіндегі тәжірибесімен бөлісті. Маман дәріс барысында жобаның тұрғындардың шешім қабылдау жүйесін өзгертуіне, бұрынғыға қарағанда үнемдеу әдетін қалыптастыруына әсер еткендігін айтады. Жобаны аяқтап, сертификат иегері атанған қатысушылардың тегін арнайы заңгерлердің көмегіне жүгіне алатындығын да сөзге тиек етті.

Айта кететін жәйт, бұл жобаға тек борышы бар адамдарға ғана емес, жасы 18-ден асқан кез-келген тұрғын қатыса алады. Дәріс алушылардың арасынан жоғарғы оқу орындарының студенттер де табылды. Мәселен, КАЗИИТУ университетінің студенті Татьяна Петрова аталмыш курстың кез-келген жасқа қажет екендігін атап өтіп, адамдардың, жалпы қоғамның санасын осы қаржылық сауаттылық қалыптастыратынын айтты. Оқытудағы тиімді ойлауға қажетті бестселлер кітаптарды да оқып үлгергенін айтып, алғысын білдірді.

Орал қаласы бойынша жоспарланған 3000 адамның, 800-і оқуын аяқтаса, биылғы жылға жоспарланған оқыту қараша айының 31-не дейін жалғасады. Баршаңызды жоба аясында қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, қарызсыз қоғамды бірге құруға шақырамыз!