Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа басшысы Айдарбек Сапаровқа шынымен ауыр мұра қалды. Сарап­шылар отандық егін шаруашылығының апатқа ұшыраға­нын айтады.
Бас алмай жүріп жастықтан, қағыламыз ба астықтан?
587
оқылды

Тіпті, Мәжіліс те Үкіметке жүгініп, бірден төрт облыста төтенше жағдай жариялауды сұрады. Жаз­­да елді қуаңшылық жайлады, көршілер су бермей, егіннің алды босқа қурады. Ал күздің басы жауынды бо­­­лып, астықтың үлкен бөлігі қызып кеткен. Биылғы егін­­­нің өнімділігі ел тарихындағы ең азы болды. «Қазақстан астықсыз қала ма?» деген қауіп бар. 

Қазгидромет те үрейді ұшырды: Қазақстанның өңірлерін үсік ұра бастады. Республиканың солтүс­­тік-батысында және солтүстігінде ауа температурасы түнде 3–11 гра­­­дус­­­қа дейін төмендеді, топырақ бе­­тінде 1 градус үсік жүрген. Ор­­­талықта түнде ауа райы 2-10 гра­­­­дус­­­қа дейін құлдырады. Оңтүстікте және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда 5-10 градусқа дейін аяз ұрған. Демек, бұлай бара берсе, қал­­ған астық шіріп кетпек.

Саладағы ауыр жағдайды мы­­­на­­­­дан-ақ байқауға болады: жыл басында сол кездегі Ауыл шаруа­­­шы­­­лығы министрі Ербол Қарашө­­­ке­­ев биыл Қазақстан 21 миллион тонна бидай жинайтынын мәлім­­­деп, биліктегілерді бір марқайтқан еді. Ал министрліктің жаңа бас­­­шы­­­­­­сы Айдарбек Сапаров кеше «ас­­­­пандаған» көңілді жерге түсірді: 21 емес, биыл небары 16 миллион тоннаға дейін бидай орылады. Оған да жетпеуі ықтимал. 

Тіпті, 16 миллион алғанның өзін­­де, оның үлкен бөлігі малдың жемазығына әзер жарайтын тө­мен сапалы астық болмақ. Жаз­­да су­­­дың, күзде күн нұрының же­тіс­пеуі бүкіл әлемде құрмет­те­ле­тін қазақ би­дайының сапасын құл­­­дыратты. 

Министр астық экспортына қа­­тысты болжамын қайта қарап, оны үштен бірге (30 пайыз) кемітті. Нақтылағанда, 2023–2024 марке­­­­тинг­­­тік жылда еліміз сыртқы на­­­рық­тарға тек шамамен 6 миллион тонна бидай, 1,2–1,5 млн тонна ұн ғана өткізе алуы мүмкін.

Дымқыл астық шаруаны дағдартты

«Жығылғанға жұдырық» де­ген­­дей, тағы бір кесір бой көтерді. Көр­ші Ресей биыл екінші жыл қа­­тары­­­нан рекордтық өнім жи­науда. РФ Ауыл шаруашылығы министрі Дмит­­­­рий Патрушев 2023 жылы Ресейдің бұрын болжанғандай, 123 ми­л­­­лион емес, 130 миллион тон­­­на астықты қамбаға құятынын мәлімдеді. 

Алайда санкция астындағы көр­­­ші осы астатөк астығын өткізе­тін нарық таппауда. Содан оның алапат көлемі Қазақстанға тас­қын­­­дап жа­­­тыр. Оларға отандық астық қа­­­­был­­­даушы кәсіпорындар, элева­­­тор­­­лар, қоймалар ернеуінен шыға тол­­­ған. 

Қазақстанның өз астығы бол­­­са, шылқыған су. Содан отандық егін­­­­­шілер: «биылғы егінді орудың қажеті бар ма?» деп, сұрақты тө­­­те­­­сі­­­­нен қойды. Себебі дымқыл би­­дай­­­­ды элеваторларда кептір­­­месе, олар қызып, көктеп, малдың жеуі­не де жарамай қалады. Демек, би­дайды егіп бір шығындалған ди­қандар оны жинап, екінші рет бос­­қа шығынға батпақ. 

Қостанай облысындағы «Ме­лито­­­­­польское» ЖШС шаруа­­­шы­­­лы­­­­­­ғы­ның директоры Эдуард Дву­­ре­ченскийдің ай­туын­ша, эле­­­­­­­­­­ва­­­­т­орлардың кептіргіштері жұ­­мыс ауқы­­­мын еңсере алмауда. Аг­­­раршылар жинаған астығын қай­­да апарарын білмейді. Ал би­­дайдың ылғалдануы кейде 22 па­йыз­­­ға же­­­те­­­ді. Мұндай жағдайда егін құ­­­рып кетпеуі үшін әр күн, әр сағат маңызды. 

Эдуард Двуреченский мысалы, Сарыкөл ауданындағы үлкен эле­­­ватордың өзі бидай қабылдауды до­ғар­­­ғанына шағымданды. Өйтке­­­ні оның астық қабылдау кәсіпорны мелдектеп толып тұр. Салдарынан ол бұрын бекіткен контрактілерін орын­дамапты. Тиісінше, жаңа кел­­­­­ген клиенттердің меселін қай­та­­­рады. Тіпті, Қостанайдағы эле­­­ватор күнде емес, күнара қа­был­­­­­­­­дауға мәжбүр. Кептіргіштерге шек­­­тен тыс салмақ түсіп, жиі сы­нып қала беретін болған. 

Аграршы бұлай ушыға берсе, биылғы қамбаға құйылған астық­тың өзі қызып немесе өсіп, өніп кететінін ескертті. Сондықтан кей­­­бір элеватор астықты атүсті, апыл-ғұпыл кептіре сала алып ке­ту­­ді, кейін қысқа қарай екінші рет дұрыстап, мұқият кептіруге алып келу­­­ді ұсынады. Бұл ауыл шаруа­шылығы өндірушілерінің шығы­нын екі есе арттырады. Содан «Азия алтын 2000» сияқты аграр­­лық алпауыттар ары қарай жағдай түзелмесе, егін жинауды доғара­тын­­дарын білдірді. 

Қалыптасқан жағдайдан Үкі­мет бейхабар емес, біліп отыр. Осы сейсенбідегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Сма­йы­­­­­лов егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақы­­­­лауын­­да екенін мәлімдеді. 

«Биылғы жыл егіншілеріміз үшін қолайсыз болды. Жаздың не­­­ба­­­­­­­­­ры 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұлас­ты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағы­­­нан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды. Астық­ты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мер­зім ішінде барынша үлгеріп қалу керек», – деді Әлихан Смайылов әкімдерге.

Оның мәліметінше, Мемлекет басшысы солтүстік өңірлердегі ауа райының қолайсыздығына байла­­нысты Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалық­­­тарына қажетті көмек көрсетуді тап­сырды.

«Энергетика министрлігі ас­­тық­­­­­ты кептіру үшін дизель отыны­­­ның қосымша көлемін бөледі. «Бәй­­­­терек» холдингі несиелер бойын­­­­­­­­­ша қарыздарды қайта құры­­­­лымдап, қолайсыз ауа райы­нан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл салмай, Азық-түлік кор­­по­рациясының желісі арқылы тауар­лық несие мерзімдерін ұзарт­ты. Ауа райының қолайсыздығы форс-мажор жағдай ретінде та­­­нылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек», – деді Премьер.

Үкімет басшысы астық қабыл­­­дау пунктерінен және астықты кеп­­­­­тірумен айналысатын кәсіп­­­орын­­дардан тәулік бойы жұмыс істеуі режиміне көшуді талап етті. Бұл ретте олардың тарифтерінің кө­терілуіне жол бермеу шаралары қабылданбақ. 

Сонымен қатар Үкімет басшы­сы астықты кептіру үшін бір литрі 250 теңгеден аспайтын бағамен қо­­сымша көлемде дизель отынын бөлуді, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қара­­жат бағыттауды, атап айтқанда, биылғы азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жар­­ғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ астық таситын ва­гон­­дармен уақытылы қамтама­сыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар ке­­зекті болдырмау қарастырылады.

Астықтың 15 пайызы шіріп кетті

Тұйықтан шығар бір жол ре­тінде аграршылар мен сарапшылар ресейлік астықтың елімізге әкелі­нуіне толық тыйым салып тастау­­ды ұсынады. Мәселен, өз фермер­лерін қорғау үшін Еуропалық Одақ­­­­­­тың бес елі Украина астығы­ның импортына тыйым енгізді. Бірақ Үкімет оған бара алмай отыр. Ресей астығын тек жүк кө­­­лік­­­те­­­­­­рімен тасуға тоқтау салды. Те­­­­мір­­­­­­жолмен тасымалдау жал­­­­ғасты. 

Ауыл шаруашылығы министр­­­лігі Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуын­ша, Қазақстан ресейлік астықты автокөлікпен әкелуге тыйым­ды 10 қазаннан кейін тағы жарты жылға ұзартады. Сонымен қатар контрабандамен жеткізіл­меуі үшін бақылауды да қатайтады. Бұған қоса, отандық ауыл шаруа­шы­­­­лығы өндірушілерінің сұ­­­­рауы­­мен, қазаннан бастап, басқа елдер­ден де бидай сатып алуға шектеу енгізіледі. Тек теміржолмен элева­­­­тор­­­ларға, ұн тартушы кәсіпорын­­дарға, құс фабрикалары мен мал өсіруші шаруашылықтарға сырт­тан астық арбалауға рұқсат етіледі. 

Теміржолмен тасымалдауға тос­қауыл қою ұсынысы талқылану үстінде екен. Егер Қазақстанның өзінде егін бітік шықпаса, қолда­­ғысы ысырап болса, онда еліміз бәрі­­­бір көршіге тәуелді болып қалуы мүмкін.

Әзірге егін үшін күрес жалғасу­да. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі кезде былтырғыдан екі еседей аз астық жиналғанын мәлімдеді. Бұл да апаттық жағдайдан хабар береді. 

Биыл дәнді және дәнді-бұр­шақ­ты дақылдары 17,3 млн гек­тарға егіліпті.

«Бүгінде республика бойынша барлығы 6,9 млн гектардан немесе 40 пайызынан ғана дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жинал­ды. 6,6 млн тонна астық бастырыл­ды, орташа өнімділік гектарынан 9,5 цент­нерден айналды. Салысты­ра кетсек, былтыр дәл осы кезде 11,6 млн гектар немесе 72,8 пайыз жина­лып болған еді. Бұл ретте биыл егін жинау науқанына техни­каның дайын болды және жеңілде­тілген жанар-жағармаймен 100 па­йыз қамтылды», – деді министр. 

Оның байламынша, негізгі ас­тықты аймақтарда 3 аптадан астам нөсерлеткен жауын салда­рынан жаңа егіннің сапасы нашарлап кетті, бұл астықтың өніп кетуіне, жо­ғары ылғалдылық пен рефак­­­­ция­ға және дәнді дақылдардың өнімділігінің төмендеуіне соқ­тырды.

Қолайсыз ауа райынан зардап шеккен өңірлерде залал ауқымын айқындау үшін барлық мүдделі органдар мен ұйымдарды біріктір­­­­ген жұмыс комиссиялары құрыл­ды. Оның мүшелері нұқсан келген аймақтарды аралап, егін жинау барысына талдау жүргізді. 

Әкімдіктердің дерегінше, биыл 2,7 миллион гектарда немесе 15 па­йыз егістікте астық шіріп, дә­ні өніп жатқаны белгілі болды. 

Орташа өнімділік те былтыр­­­ғыдан әр гектарға 2,7 центнерге төмен.

Мемлекеттік қолдау пәрменді болсын

А.Сапаров қазір облыстарда бар­лық егін жинау техникасы егіс­тік­ке жаппай шыққанын жеткізді. Егін жинау жалғасып жатыр.

Энергетика министрлігімен бірлесіп астықты кептіру үшін ди­зель отынын бөлу мәселесі пы­сықталды. 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдер қа­был­дау басталды. Әкімдіктердің дере­гін­ше, дизель отынына жалпы қажеттілік 73 мың тоннаны құрай­­ды, оның бағасы литріне 250 тең­­ге­­­­­ден аспауы қажет.

«Барлық астық қабылдау кә­сіп­­­­­­орнының астық қабылдауға да­­­­­­­­­­йын­­­­­дығы қайта тексерілді. Эле­­ва­торлардың тәулік бойын жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырыл­­ды. Сондай-ақ астық кептіру та­­риф­­­терінің өсуіне жол бермеу өте маңызды», – деді министр.

«Бәйтерек» холдингі Қаз­­Агро­Қаржы филиалдарына шаруалар­дың стационарлық және жылжы­ма­лы астық кептіргіштерін ли­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­зинг­­­­­ке алуға қатысты өтінімде­рін жылдам­­­датып қарауға міндет­телді.

Ауыл шаруашылығы ведомст­во­­­­­­сы басшысының айтуынша, бұл дағдарыстың салқыны келесі жыл­ға да тимек. Жиналған биылғы өнім сапасының тым төмендігі ке­сірі­нен жаңа егіс науқанын тұ­­­қым­­­мен қамту мәселесі күн тәр­ті­­­бін­де өткір тұр. Осыған бай­ла­­ныс­ты Азық-түлік корпора­­­циясы тұ­­­­­қым қорын қалыптастыру мақ­­­са­­­­­тында қолда бар астық қорлары­ның тұ­­­қым ретінде пайдалануға жарам­ды­лығына сараптама жүр­­гізуге кірісті. 

Мұның сыртында, салаға жауап­­­­­­­­ты квазимемлекеттік құры­лым­­дар диқандарды мемле­­кеттік қолдаумен жарытпады. Мысалға, әкімдіктердің дерегінше, бүгінде мемлекеттің фермерлер алдындағы субсидия қарыздары 155,5 мил­­­лиард теңгеге жетті. Диқандар осы кө­мек қаржыны жыл соңына дейін төлеуді сұрады.

Ұлттық газ операторы да ас­­тық­ты кептіруді жүзеге асыратын кә­сіпорындарға газды толық кө­­лем­де бермей отырған көрінеді.

Азық-түлік корпорациясы азық-түлік және жемдік астықты са­тып алуды кешіктірді. Мемле­кет­­­тік қорға астықты нарықтық бағамен сатып алу үшін 20 млрд теңге жетпейді. 

Қорыта айтқанда, салада жыл­дар бойы қордаланған проблема­­­лар онсыз да көп еді. Оны қолай­­сыз ауа райы ушықтырып жіберді. Үкімет тұтанған «өртті» сөндіру­­мен, яғни шұғыл іс-шаралармен ғана әлек болып жатыр. Қойылған міндеттер арасында проблеманы жүйелі шешіп, оның алдын алатын шаралар көрінбейді.

Айхан ШӘРІП