Тұрғындар көмір алу үшін күні-түні көмір тарататын тұйықтарда көлікте қонуға мәжбүр болған.
Көмірдің басында қонамыз: Көкшетауда көмір тапшылығы мен қымбатшылығы сезілуде
918
оқылды

Күн суытқан сайын Ақмолада көмір тапшылығы бағасының біршама қымбаттап кеткені сезілді. Тұрғындар көмір алу үшін күні-түні көмір тарататын тұйықтарда көлікте қонуға мәжбүр болған. Қара отынның биылғы бағасы қазірдің өзінде 17 мың теңгеден асып жығылыпты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Әсіресе, көпшіліктің сұранысына ие Шұбаркөл көмірі қасқалдақтың қанынан қат бола бастаған. Облыста бүгінде көмір сатылатын 60 орын бар. Бірақ олардың бәрінде ұзын-сонар кезек қалыпты жағдайға айналған. Қысқа әзірлену үшін ұмтылған халық тіпті кезек күтіп көмір тұйықтарының басында бірнеше күндер бойы қонып жататынын айтады. 

– Адамдар Шұбаркөл көмірін алу үшін таңғы 4-5-тен кезекке тұрады. Шамамен 1-2 вагон ғана келеді. Ал көзді ашып-жұмғанша таусылып, сатылып кетеді. Тіпті кезектің арты көмір алып үлгермей назаланып қайтады, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Есенгелді Қайырбек. 

Көмірдің айналасындағы аласапыран жылдағы дәстүрге айналып кеткендей. Тіпті кейбір тұрғындар 2-3 күннен бойы көмірдің кезегінде болмаса алу мүмкін еместігін айтып шағымданды. 

– Әрине, қыстың қамы үшін бәрі тезірек көмір сатып алғысы келіп жанталасады. Сондықтан көмір тұйықтарында осындай арпалыс болып жатыр. Міне үш күн тұрып көмірді зорға алып кетіп бара жатырмын, – дейді Асылжан Медетбеков. 

Тұрғындар көмірдің қымбаттап кеткенін әрі аса көп тапшылығын айтқанымен жергілікті билік мұны жоққа шығаруға тырысып бақты. Бағаның қымбаттауын билік өкілдері теміржол тарифтерінің өсуімен түсіндірді. 

– Биыл теміржолда тасымалдау ақысы өсті. Сонымен қатар көмір тұйықтарында көмір бағасы да көтерілді, – дейді ТҮКШ және энергетика бөлімінің басшысы Ақжол Қылышбаев. 

Жауапты органдар бағаның көтерілуін сатушылардың өздері баға қоятынымен және оның реттелмейтіндігімен түсіндірмек болды. 

– Қазіргі таңда көмірдің бағасы реттелмейді. Сатушылар көмірге бағаны өздері қояды. Дегенмен департаменттің тарапынан мониторинг жүргізіп, субъектілерді бақылап тексеріп отырамыз, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Олжас Кәкенов. 

Өңірде ең үлкен сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі. Бірақ көмір шығатын Қарағанды облысында баға көлемі тұрақты. Кәсіпорын басшылығы бағаның көтерілмегенін алға тартып, оның негізінен алыпсатарлардың кесірінен көмірдің қымбаттап кету себебін жеткізді. 

– Қазіргі уақытта көмірдің бағасы өзгерген жоқ. Құны 8790 теңге болып тұр. Баға өзгерген жоқ, – дейді «Шұбаркөл көмір» корпоративтік коммуникациялар қызметінің басшысы Дамира Қожахметова. 

Өңір тұрғындары мұнымен қоса көмірді тұйықтан жеткізіп беруші әккі жүк көлік иелерінің бағасы тым шарықтатып жібергеніне шағымданды. Айтуларынша, бағаны 20-30 шақырым қашықтықтың өзіне 20 мың теңге бағалап қойған. 

– Біз Зеренді ауданында Көкшетаудың іргесінде ғана тұрамыз. Бірақ көмір алу үшін көмірдің құнынан бөлек 20 мың теңге жеткізіп берушілер алады. Сонда қарапайым халыққа не болмақ? Неге мұндай сорақылыққа жол беріледі? Неге бақылауға алынбайды? – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Есенгелді Қайырбек. 

Жалпы облыста бүгінде қысқы әзірлік үшін шамамен 1 миллион тонна көмір қажет. Тағы 500 мың тоннадан астам көмір коммуналдық кәсіпорындарға қажет. Алайда бүгінде соның тек бестен бір бөлігі ғана жеткізілген. Ақмолалықтар көмірдің қымбаттауын әрі қыс жақындаған сайын бағасы одан сайын қымбаттай ма деп қауіптенеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ