Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс екендігін атап өтті.
Табысты кәсіпкер 10,5 миллион теңгесін ENU Endowment Fund аударды
1,055
оқылды

Университет түлектері негізін қалаған ENU Endowment Fund бүгінде белсенді түрде дамып, мақсатты капиталын арттыруда. ЕҰУ түлегі, табысты кәсіпкер Бақытжан Ақан дарынды студенттерді қолдау мақсатында эндаумент қорға 10 500 000 теңге аударды.

ЕҰУ ұрпақтар сабақтастығын дамытып, олардың арасындағы байланысты нығайтып келеді. ЖОО түлектері қазіргі студенттерге белсенді түрде қолдау білдіріп, қамқорлық көрсетуде. Кәсіпкер, «Akan Building» компаниясының негізін қалаушы Бақытжан Ақан ENU Endowment Fund қорының мақсатты капиталын толықтырды. Ол ЕҰУ қабырғасында «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алды.

 «Биыл Еуразия ұлттық университетінің құрылыс мамандығына түскеніме 20 жыл болды. Мен студенттік өмірімді жатақхананың қабырғасында қызықты өткіздім және грантта оқыдым.

ENU Endowment Fund мұқтаж студенттерге көмектеседі. Бұл –қайырымдылық.  Дер кезінде көмек алған азаматтар келешекте табысқа жетіп, ел дамуына үлес қосса, біз үшін ең жақсы марапат сол болмақ. Мен барлық түлектерді туған университетіне көмектесуге шақырамын.

Бүгінгі студенттерге айтарым, бұл заманда білімді адамдар өмірде жетістікке жетеді. Сондықтан өз білімдеріңізге инвестиция салыңыздар, елдің болашағы өз қолдарыңызда. Студенттік өміріңізді жарқын әрі белсенді өткізуді ұмытпаңыз, өйткені арада жылдар өткен сайын бұл студенттік шақты есіңізге алып отырасыз», – деп өз ойымен ЕҰУ түлегі бөлісті.

ЕҰУ түлектері мен меценаттардың университет дамуына қосқан үлесіне арналған Даңқ ағашының кезекті жапырағына Бақытжан Ақанның есімі жазылды.

Айта кетейік, ENU Endowment Fund 2022 жылдың сәуір айында дарынды және мұқтаж студенттерді қолдау мақсатында университет түлектерімен құрылған. Қордың мақсатты капиталына қол сұғылмайды және ол жинақтау сипатына ие. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланған.

Бүгінде ЕҰУ түлектері университет өміріне белсенді қатысып қана қоймай, эндаумент қорына үлес қосып, қазіргі студенттерге көмек көрсетуде.