Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанда Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып жатыр.
Президент Аралдың проблемасын шешетін бірнеше ұсыныс айтты
605
оқылды

Су тапшылығы, Арал теңізінің проблемасы талқыланған жиында Президент бірнеше ұсыныс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарды ортаға салды.

Біріншіден, қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді.

Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді»

Екіншіден, аймақтағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру.

Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика консорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді. 

Үшіншіден, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу.

Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру. Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Біз Бішкектің Қорды жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалаймыз. Қырғыз Республикасы қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болады деп үміттенеміз. Келешекте біз бауырлас Қырғызстанның Қорға төрағалық етуін қуана құптаймыз.

Бүгінгі саммит тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймағымыздың тұрақты дамуын, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ете алатынын анық көрсетіп отыр.

Біздің кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақтылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін. 

Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді өзім бастамашы болған БҰҰ аясындағы аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын.

Сөзімді қорытындылай келе, Қор қызметін мүлде жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін тағы да растағым келеді.

Қор жұмысына барлық құрылтайшы мемлекеттің белсенді араласуы су мәселесін тиімді шешуге және аймақтық интеграцияның одан әрі нығаюына ықпал етеріне сенімдімін.

 

Фото: kazakh-zerno.net