Үй аласыз ба, әлде теледидар тамашалайсыз ба? Өте қымбат теледидарлар қатарын LG компаниясының жаңа өнімі толықтырды. Өте талғампаз тұтынушыға арналған теледидардың техникалық сипаттарымен танысамыз.
Үй бағасымен бірдей LG теледидары сатылады
1,021
оқылды

Сәнді дизайн мен озық смарт теледидарлар дәуірінде оның бағасы екінші орынға ығысқан сияқты. SlashGear сайты экран өлшемі 3 метр болатын үлкен теледидар шыққанын жариялады. Осы мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz бұл теледидардың техникалық параметрлерін көрсетіп, бағасының неге қымбат екенін түсіндіреді. 

Фото LG сайтынан алынды

Жақтаусыз панелінде миллиондаған кішкентай пикселдерге бөлінген Micro LED технологиясының соңғы буынын LG компаниясы ұсынады. Оңтүстіккореялық теледидар бағасы 237 000 доллар деп белгіленген.

Бұл сомаға Астананың ең қымбат тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Осыншама қымбат смарт теледидардың қандай кереметі бар? Әрине, мұндай өнім кәсіби телевизия құрылымдары мен бизнес компаниялар немесе қалтасы қалың азаматтарға арналған.

4K теледидарының тұнықтығы 3840x2160 пиксель. Қазір нарықта 8K теледидарлар да бар. Дегенмен керемет 8K тұнықтықпен түсірілген контент табу оңай емес, қазіргі телеконтенттің басым бөлігі 4К форматында түсірілген.

Фото top-televizor.ru сайтынан алынды

Қымбат теледидарға LG компаниясы өзінің интеллектуалды Alpha процессорын орнатқан, дыбыс шығысы 50 ватт. Процессордың арнайы қозғалтқышы теледидардың орнатылған жеріне сәйкес түс пен жарықтықты реттеу сияқты амалдарды өзі орындайды. 

Теледидардың қымбат болуы жаңадан пайда болған Micro LED дисплей индустриясына байланысты.

Бұл технология OLED панельдерінің жалғасы деп саналады, Micro LED технологиясы жеке-жеке қосылып, өшірілетін миллиондаған микрометрлік жарықдиодты шамдардан тұрады. Нәтижесінде, түстерді бақылаудың бұрын-соңды болмаған деңгейіне қол жеткізілген. 

Micro LED-тердің жарықтық деңгейі OLED-ке қарағанда әлдеқайда жоғары.

Дегенмен LG Micro LED 2023 жылғы ең қымбат теледидар емес. 219 дюймдік Samsung The Wall Micro LED теледидарының құны 800 000 долларға дейін жетеді. Panasonic TH-152UX1 3D плазмалық теледидары жарты миллион доллар тұрады. Теледидар бағасының өсуі жалғасуда.