Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев «Конституциялық әділдік: абырой, еркіндік және баршаға әділдік» атты халықаралық конференцияға қатысу үшін елімізге келген шет мемлекеттердің Конституциялық Сот төрағаларымен кездесті.
Сенат төрағасы шетелдік судьялармен кездесті
551
оқылды

Палата Төрағасы кездесуге қатысушыларға аталған Конференция аясында конституциялық бақылау мәселелері бойынша сындарлы пікір айтып, тәжірибелерімен бөліскені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Консти­туциялық Соттың қоғамдағы маңызы туралы айтып өтті.

«Конституциялық Сот – азаматтардың құ­қықтарын қорғайтын маңызды институт қана емес, сонымен бірге заңнаманың ел Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізетін тетік. Осы бағытта бірлескен жұмыстың әлеуеті зор. Сондықтан біз Конституциялық Сот пен заң шы­ғарушы орган арасындағы өзара іс-қимыл туралы шетелдік тәжірибелерге үлкен мән беріп отырмыз», – деді палата Спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып, палатаның жұмысы негізінен Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген реформаларды сапалы іске асыруға бағытталғанын айтты.

Кездесу барысында тараптар түрлі елдердің Конституциялық Сот төрелігі саласындағы негізгі бағыттар мен басымдықтарды да талқылады. Атап айтқанда, судьялар демократияның маңызды элементі ретінде адам құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне ерекше назар аударды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Консти­туциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова, Сенат басшылығы мен депутаттары да қатысты.