Қазақстан Республикасының май өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығы басшыларының бірі өз өнімдерінде 20%-ға дейін трансмайларды пайдалануға рұқсат беру туралы ұсынысы Қазақстандағы денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібінің мамандары мен өкілдері арасында дауға ұласты. Біздің елде ЕАЭО техникалық регламентіне сай 2% трансмай пайдалану рұқсат етілген.
Трансмайлар мөлшерін 20%-ға дейін көтеру – ұлт денсаулығына қауіп төндіреді
407
оқылды

Аталған техникалық регламентке сай май өнімдерінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап трансмай қышқылдарының қауіпсіздік көрсеткіші өнімдегі майдың 2,0%-нан аспауы керек. Сарапшылар шығын мөлшері осы көрсеткіштен жоғары өнімді өндіру заңсыз екенін айтты. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл талаптың орындалуын қадағалауға міндетті, сонымен қатар заңды бұзушы компания азық-түлік өндірісін тоқтату қажет. Сарапшылар мұндай зиянды өнімді өндіруге экономикалық немесе әлеуметтік аспектілер де негіз бола алмайтынын алға тартады.

Редакциямыз Қазақ тағамтану академиясының жетекші маманы, Қазақстан Республикасынан ЕАЭО техникалық регламентіне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ирина Красновадан жағдайға қатысты пікір білдіруді сұрады.

 

– Ирина Вениаминовна, елімізде ЕАЭО техникалық регламенттеріне сәйкес азық-түлік өнімдерінде 2%-дың орнына 20%-ға дейін трансмайларды пайдалануға рұқсат беру туралы пікірталас бірнеше айдан бері жалғасып жатыр. Бұл мәселе бойынша сіздің пікіріңіз қандай?

– Соңғы жылдары тағам құрамындағы май қышқылдарының трансизомерлеріне (МҚТИ) көп көңіл бөлінді. Көптеген ғылыми зерттеудің нәтижесінде өсімдік майларын сутектендіру арқылы тамақ өнеркәсібінде алынатын май қышқылдарының трансизомерлерінің адам денсаулығына кері әсері нақты дәлелденді.

Қазақстан Республикасы ЕАЭО мемлекеттерінің және ДСҰ-ның мүшесі болғандықтан, көпжақты келісімдер мен құқықтық құжаттарды орындау бойынша міндеттемелерді сақтауға тиіс. ЕАЭО-да тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі көрсеткіштерін реттейтін нормативтік құжаттар бар (Кеден одағының техникалық регламенті – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында белгілі бір өнім түріне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін құжаттар).

Кеден одағының техникалық регламенті қазіргі халықаралық нормалармен сәйкестендірілгенін атап өткім келеді.

– Демек, медицина тұрғысынан айтар болсақ, азық-түліктің құрамында трансмайлардың көп мөлшерде болуы бірқатар ауруларды тудырады, ал мұндай өнімдерді өндіру, трансмайлардың пайызын көтеру ұсынысы дұрыс емес, әрі заңсыз болып отыр ғой?

– МҚТИ ағзаға тағаммен бірге жасуша мембранасының липидтерінің құрамына енеді, бұл мембрана құрылымының өзгеруіне, оның сұйықтығының төмендеуіне және мембранаға салынған ақуыздардың биологиялық белсенділігінің өзгеруіне әкеледі. Осының нәтижесінде жасуша мембранасының өткізгіштігі, жасушаның қызметі және жасушалардың бір-бірімен әрекеттесуі бұзылады, яғни патологиялық өзгерістердің пайда болуына әкеп соғады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары тарнсмайларды тұтыну жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар, семіздік, қант диабеті, бедеулік пен ми қызметінің бұзылу қаупін арттыратынын көрсеткен. Ал кейіндері трансмайлардың адам денсаулығына әсері туралы қосымша зерттеулер агрессияның жоғарылауы, егде жастағы әйелдердің инсульт алуы мен Альцгеймер ауруымен ауыратын адамдарда ми көлемінің кішіреюі трансмайларды тұтынумен байланысты екенін анықтады. Трансмайлардың тағам құрамында көп мөлшерде болуы жүрек ауруының қаупін 21%-ға, ал өлім-жітімді 28% -ға арттырып отыр.

Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Қазақстан Республикасындағы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім бойынша жүргізген талдауында Еуропа елдерінде қан айналымы жүйесі ауруларынан халықтың өлім-жітім көрсеткіші Қазақстандағыдан екі есе төмен екенін көрсетті. Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары ауруы (ЖҚА) салдарынан жастар жұмысқа қабілетсіз. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың өмір сүру ұзақтығының төмендігі мен жоғары өлім-жітімінің себебі қан айналымы жүйесінің ауруларынан болып отыр.

Қазақстан Республикасында ЖҚА-ның алдын алу бойынша қабылданған шараларға қарамастан, ХХІ ғасырдың кейінгі жылдарында 2,4 есеге өсті: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын ЖҚА мәселесін шешуге шамамен 89 млрд теңге жұмсайды. Бұл Қазақстанға орасан зор әлеуметтік-экономикалық залал әкелуде.

Сіздің ойыңызша, мұндай бастамаларды көтеруге кімдер мүдделі? Ескірген өндірісті қалпына келтіруден қашу немесе халықтың денсаулығын да елемей кез келген жолмен көбірек табыс табу ма?

Азық-түліктен біртіндеп сутектендіру майларын алып тастау майларды өзгертудің жаңа әдістерін әзірлеу қажеттілігін тудырады. Және ондай әдістер бар: фракциялау, интертерификация, ферменттерді қолдану. Бірақ ол үшін өндірісті жаңарту қажеттілігі туындайды да, кейбір жағдайларда шикізаттың басқа түрлеріне көшуді талап етеді. Бұл, әрине, айтарлықтай шығын, тиісінше пайда да төмендейді. Демек, бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі күні Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдардың трансмайларды азайту және толығымен тыйым салу бағдарламасын жүзеге асыруына қандай да бір кедергілер бар ма? Зиянды трансмайлардан үзілді-кесілді бас тартып, ел тұрғындарының денсаулығын жақсартуға не кедергі?

Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар 2010 жылдан бері жүргізілуде. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуда 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қаныққан майлар мен май қышқылдарының трансизомерлерін аз мөлшерімен өнім өндіру туралы нақты айтылған.

Сонымен қатар транс-изомерлердің 2%-дан аспайтын деңгейін сақтайтын бірқатар жетекші қазақстандық май өнімдерін өндірушілер бар екендігін атап өту керек.

Қорыта келе, транс майлардың зияны туралы 100% сенімді дәлелдер бар және көптеген дамыған елде олардың мөлшері барынша азайтылған немесе толығымен тыйым салынған.