Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, кәсіпкер Ержан Тастамбеков өз альма-матерінің 6 студентіне жылдық оқу гранттарын табыс етті.
ЕҰУ түлегі өзі білім алған ЖОО студенттеріне гранттар тапсырды
1,552
оқылды

Жылдық оқу грантына үміткерлерді іріктеу әлеуметтік жағдайға, оқу үлгеріміне және ҰБТ жиналған ұпай санына қарай жүргізілді. ЕҰУ проректоры Думан Айтмағамбетов, ЕҰУ түлегі – Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы Ержан Тастамбеков, ENU Endowment Fund өкілдері бірінші курс студенттерімен әңгімелесу өткізді. Іріктеу қорытындысы бойынша кәсіпкер 2023-2024 оқу жылында 6 дарынды студентке қолдау көрсетіп, олардың оқу ақысын төлеуге шешім қабылдады. Грант иегерлері 3 факультетте оқиды: филология, сәулет және құрылыс, әлеуметтік ғылымдар.

 «Грант алушыларды іріктеу белгілі бір критерийлер бойынша жүргізілді. Биыл мемлекеттік грантқа бір-екі балл жетпеген және әкімдіктер мен түрлі қорлардың гранттарын иеленбеген, сондай-ақ ЖОО-да оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ студенттердің анкеталары қаралды. Әрине, таңдау кезінде біз дарынды жастардың жоғары білім алуына мүмкіндік болуы үшін студенттердің әлеуметтік жағдайын ескердік. Біз бірінші кезекте қолдау мен көмекке мұқтаж немесе қиын жағдайда қалғандарға көмектесуге тырыстық. Алдымен әлеуметтік осал санатқа жататын үміткерлердің өтініштерін қарадық: жетім балалар, аз қамтылған отбасылар, аз қамтылған отбасылардан шыққан жетімдер, 1,2,3 топтағы мүгедектер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған адамдар. Белсенді студенттерге де гранттар бөлінді», – деп атап өтті кәсіпкер.

Әмірхан Шегебаев ҰБТ-дан 112 балл жинағанымен, мемлекеттік грантқа ие бола алмады. Дарынды спортшы ЕҰУ түлегі қолдауының арқасында биылғы оқу жылында Әлеуметтік ғылымдар факультетінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Әмірхан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, шайбалы хоккейден жастар құрамалары арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттарына, ҚР мектеп оқушылары арасында допты хоккейден қысқы гимназияға қатысқан.

 «Әңгімелесу барысында мен өзімнің спортқа, атап айтқанда, хоккейге деген құштарлығым туралы айттым және оқуды бітіргеннен кейін Қазақстандағы спорттың беделі мен деңгейін арттыруға күш салғым келеді. Оқуға грант алғаныма өте қуаныштымын және кәсіпкер Ержан Тастамбеков пен ENU Endowment Fund-қа көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Сенімдері үшін үлкен рахмет!», – деп атап өтті студент.

Ақтөбеден келген Айлана Сапарғали Әлеуметтік ғылымдар факультетіне психология мамандығы бойынша оқуға түсті.

«Мен әңгімелесуге қатыстым, шынымды айтсам, дәл мұндай бір ғажайып  болады деп күткен жоқпын. Маған қоңырау шалып, әңгімелесуден сәтті өттіңіз және, грант иегері болдыңыз деп хабарлаған кезде, оған сене алмадым. Бұл мен және анам үшін күтпеген, бірақ жағымды жаңалық болды.

Бала кезімде Астанаға жиі келіп, ЕҰУ ғимаратына қарап, осы беделді ұлттық ЖОО-да оқуды армандайтынмын. Менің арманым – мұнда сапалы білім алу және сұранысқа ие маман болу. Мен болашақ психологпын және адамдарға өмірлік мәселелерін шешуге көмектескім келеді», – дейді Айлана.

Сондай-ақ Жамбыл облысы Қаратау қаласынан Аружан Төрегелді мен Астана қаласынан Сымбат Базарбай да грантқа ие болды. Екеуі де филология факультетінің «Екі шет тілі» мамандығына түсті. Жылдық грант иелері меценат пен университет сенімін ақтайтынына сендірді.

Айта кетейік, 2022 жылы университет түлектерінің бастамасымен ENU Endowment Fund құрылған болатын. Оның қызметі аясында ниет білдіргендер дарынды және мұқтаж студенттерге қолдау көрсетеді. Бұған дейін университет белсенділеріне ай сайынғы шәкіртақы бөлінді.