Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған су тапшылығы мәселесіне назар аударып, пікір білдірді.
Судың да сұрауы бар...
251
оқылды

«Судың да сұрауы бар...

Бұрындары бұл сөзге жалпылама қарап, ысырапқа жол бермеу деп түсінетінбіз. Бірақ, дәл қазір расымен де әр тамшы судың сұрауы барын сезінетін жағдайға жетіп отырмыз.

Алдыңғы жылы Маңғыстауда болған қуаңшылық, биыл Жамбыл облысындағы су тапшылығы шаруаларды әбден тығырыққа тірегенін көрдік. Мұның салдары азық-түлік бағасына тікелей әсер ететіні тағы бар.

Кеше ғана оңтүстік өңірлерді аралағанда тұрғындар көтерген көп проблеманың бірі де осы – су тапшылығы. Ауылдағы ағайын мал мен жерді суару бас ауруға айналып бара жатқанын айтты.

Жағдайды ушықтырып алмау үшін қазірден бұл салада батыл шешімдер қабылдамасақ болмайтынын көрдік. Суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастырмасақ – ертеңгі ұрпақ сөз жоқ, бізді жазғырады.

Енді жаңа құрылған Су ресурстары министрлігі осы іспен тыңғылықты айналысып, нәтижелі жұмыс істейді деген сенімдемін. Бұл – Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімдерінің бірі. Аталған ведомство суды үнемдейтін ең озық технологияларды елімізге әкеліп, шаруалардың мәселесін шешуі тиіс.

Достар! Бүгін Үкіметтің құрамына жаңа министрліктер қосылды. Мұның бәрі ең алдымен ел экономикасын тіктеуге, халықтың тұрмысын жақсартып, рухани тұрғыда дамытуға бағытталған шара деп білемін.

Ал, Президенттің Жолдауы Үкіметтің, Парламенттің және жергілікті билік органдарының жұмысын ширатып, халық алдындағы жауапкершілігімізді тағы бір күшейтті.

Біз – «AMANAT» фракциясы – Жолдауда айтылған жаңа міндеттерді Үкіметпен бірлесе орындауға білек сыбана кірісеміз.» – деді