Жасанды интеллект адамның іс-қимылдарын қайталайтын роботтарда қолданыла бастады. Гуманоид роботтар адамға ұқсас кейіппен жасалады. "Жұмыс орындарын роботтар толтырса адамға не қалады?" деген сұрақ туындайды.
Ыдыс жуатын гуманоид роботтар неге қауіпті?
1,353
оқылды

Бүгін таңертең BBC News жариялаған мақалада Sanctuary ЖИ компаниясының бас директоры Джорди Роуз робот-гуманоид жасап жатқандарын, ол адамның ойындағысын түсініп, тапсырмаларын орындайтынын айтты. Канадалық фирма адам өмірін жеңілдетіп, еңбек нарығын өзгертетін ақылды робот шығарса, әлемнің келбеті қалай өзгеретінін Aikyn.kz британдық корпорацияның материалына сілтеме жасай отырып түсіндіреді. 

Фото Getty Images сайтынан алынды

Жасанды интеллект енді адамның ақыл-ойы мен физикалық қабілеттерін қажет ететін еңбек нарығына көз тіге бастады. Гуманоид роботтар адам денесіне ұқсатып жасалады, олар темір мен композиттік материалдардан жасалса да, адамның бұлшық еттері мен буындары сияқты әрекет ететін механизмдерді пайдаланады. Адам қозғалысы сияқты әсерге жету үшін гуманоид роботтарда негізінен айналмалы механизмдер қолданылады.

Ванкуверде орналасқан фирма Phoenix атты робот-гуманоид үйіңізде кір жуып немесе ваннаны тазалайтын уақыт қашан келетінін болжағысы келмейді. Бірақ осы сектордағы басқа сарапшылар мұндай робот жасауға он жыл қажет екенін айтуда. Қазірдің өзінде дүниежүзінде робот-гуманоид жасаумен ондаған фирмалар айналысуда.

Ұлыбританияда Dyson жасанды интеллект пен үй шаруасына арналған робототехникаға инвестиция салуда. Нарықтағы ең танымал компания – Илон Масктың электромобиль шығаратын компаниясы Tesla. Компания  Optimus  деп аталатын гуманоид роботымен жұмыс істеуде, Маск оны бірнеше жылдан кейін кең көлемде сатуға болатынын айтады.

Фото SANCTUARY AI сайтынан алынды

Жасанды интеллектің дамуындағы жылдам серпіліс гуманоид роботтардың дамуын да күшейтті.

Теориялық физика саласы мен кванттық есептеулер бойынша компанияның негізін қалаушы Роуз мырза: «Технологияның қазіргі даму қарқынында он жыл – мәңгілік. Сіз ай сайын ЖИ әлемінде түбегейлі өзгерістерге ұқсайтын жаңа оқиғаларға куә болып отырсыз», – дейді.

Жасанды интеллектке жаппай қызығушылық өткен 2022 жылдың қарашасында ChatGPT-тің қуатты нұсқасы көпшілікке жарияланған кезде күшейді. Бірақ роботқа пайдалы тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін жасанды интеллекті дамыту – қиын міндет. ChatGPT және оның баламасынан айырмашылығы, гуманоид роботтар адамның тіршілік әлемін түсініп, сол әлемдегі нысандардың бір-бірімен қалай байланысатынын түсінуі керек. 

Адамдар сияқты қарапайым іс-қимылдар жасау гуманоид роботтар үшін үлкен ерлік болып саналады. Мысалы, Sanctuary компаниясының Phoenix роботы пилоттық жоба аясында канадалық дүкенде киімдерді полиэтилен пакеттерге ораумен айналысқан.

«Бұл ЖИ басқарылатын робот жүйесіндегі көптеген күрделі мәселені туындатады. Әдетте сіз сөмкені реттегеннен кейін бір қолыңызды босатып, сөмкеге бірдеңе салып аласыз. Роботтар үшін бұлай сөмкелермен жұмыс істеу өте қиын», – дейді Роуз мырза.

Tesla компаниясының Optimus роботтары да адамның іс-әрекеттерін мүлтіксіз қайталайды:

Sanctuary-да сөмкелерді орау сияқты нақты мәселелерді шешуге арналған Phoenix-ті оқыту жүйесі бар. Роботты жасаушылар осылайша гуманоидқа 20-ға жуық түрлі рөлді орындауды үйреткен. Роуз мырза тек осылай  адамдардың іс-әрекетін еркін қайталайтын роботтарды жасауға болады деп сенеді.

Ал әйел азаматтардың жұмысын жеңілдететін үй шаруасымен айналысатын робот жасау өте қиын. Ең басты проблема – роботқа үй заттарын ұстағанда қаншалықты қысым жасау керектігін үйрету. Ол үшін роботқа қысып ұстау, жанасу сезімдерін түсіндіру керек.

«Сіз қазіргі технологияларды қолданып, роботты таныс емес ортаға салып, ондағы заттарды сындырмай жұмыс істейтіндей етіп жасай алмайсыз. Қазіргі технологиялар ондай деңгейге жеткен жоқ», – дейді Мичиган университетінің Robotic Motion Intelligence Lab негізін қалаушы профессор Алиреза Мохаммади.

Профессор ЖИ-ді өмірде кездесетін миллиондаған сценарий бойынша үйретуге болатынын, бірақ ақылды машина бұрын-соңды өзі білмейтін алғашқы кедергіге тап болғанда қандай әрекет ететінін, тіпті оқыс, қауіпті тәсілдерді қолдануы мүмкін. Мысалы, иттер адамның алдында ойнап, секіреді, алдын орайды және адам мұндай әрекеттерді алдын ала болжап түсінеді. Мұны роботқа енгізу өте қиын.

Профессор Мохаммади: «Он жылдан кейін өздігінше қозғала алатын роботтар шығуы мүмкін, бірақ өзіне таныс емес ортаға үйретілмеген роботты жіберу ерте», – дейді. Бұл проблемаларды инженерлер еңсерсе ғана гуманоид-роботтар адамдардың атқаратын жұмысын орындай алады.

Сарапшы мамандар көптеген елдегі жұмысшы тапшылығын гуманоид-роботтар толтыра алатынына сенеді. Boston Dynamics компаниясының таңғажайып роботтарының мүмкіндіктері мен қозғалыстары да керемет:

"Роботтар адамның атқаратын физикалық жұмыстарын атқара бастаса адамға не қалады?" деген сұрақ туындайды. Адам үшін ойлап, жұмыстар атқарып, шешім қабылдай бастағанда адамның өмірі қалай өзгереді?

Жасанды интеллект жылдам дамыған заманда машиналардан адамға қауіп төнбейтін жолды таңдап, машиналарға адамдардан жақсы атқаратын міндеттерді жүктеп, адамзатқа Жаратушының берген сезім, эмоциялық қабілеттерін дамытуды, машиналардың іс-әрекеттерін бақылауды қалдырудан басқа жол қалмаған сияқты.

«Адам, менен қорықпайсың ба?» деген машиналардың сұрағына жауап беруге дайынбыз ба?