«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, күздің қоңырсалқыны басталғанда қыстың қақаған аязы еске түскені рас. Еліміздің басым бөлігі газдандырылмағанын ес­кер­сек, көмір отыны әлеуметтік маңызға ие бола түсуде. Егер мұндағы бағаны уақы­тылы реттемесе, ол да қымбатшылық қармағына іліккелі тұр.
Көмір қымбаттаса, өмір де қымбаттайды
1,434
оқылды

Биржа деген бір делдал

Нарықтық экономикаға көштік дегелі сауда қа­тынасында жеткен бір «жетістігіміз» – тауар­лар­ды биржада сау­далау. Еліміздегі көмір бағасының мез­­гіл-мезгіл қымбаттауына осы делдалдық ме­­ха­­низм­дер әсер етіп отыр. Мұнда орасан үл­кен кө­лем­де сауда-саттық жүретіндіктен, оның баға түзу про­­цесінде әсері зор. Бұл жер­де әңгіме ком­му­нал­дық-тұрмыстық мақ­саттағы көмір туралы боп тұр. Өйткені энер­гия өндіретін немесе өнеркәсіптік кә­сіп­орындарға арналған энергетикалық көмір өн­дірушіден тікелей жеткізіледі. Мы­­­салға, жыл сайын жыр болатын «Шұ­бар­көл көмір» АҚ-ын алатын болсақ, елі­міз­дің коммуналдық-тұрмыстық тұ­тыну­шы­ларға арналған көмірді өткізу нары­ғы­ның 35%-ына ие алпауыт компания биыл сауда-сат­тыққа Modern Trading Solutions тауар биржасы ар­қылы шығуға шешім қабылдапты. Ал бұл бир­жа­ға біржолғы кіру жарнасы оның жарғылық ка­пи­талының 4%-на тең. Кейін қайтарылмайтын, бір­жол­ғы төленетін бұл төлем бүгінгі есеппен ша­­мамен 95 млн теңгені құрайды. Ендеше, бұл со­ма түптеп келгенде соңғы тұтыну­шы­ның, яки қара­пайым азаматтар мен мектеп, аурухана сияқты мем­лекеттік ұйымдардың немесе кәсіпкерлердің қал­тасына салмақ боп түседі деген сөз. Осыған бай­ланысты Бә­секелестікті қорғау және дамыту агент­ті­гі аталған тауар биржасына еліміздегі бә­­­­се­келестікті қорғау саласындағы заң­на­ма­ны бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдаған екен. Жалпы, көмір са­ла­сындағы мұндай дерек жал­ғыз бұл емес. Бұған дейін Агенттіктің Астана қа­ласы бойынша департаменті 2021 жылдан 2023 жыл­ға дейін «Шұбаркөл көмір» АҚ өндірген кө­­мір­мен биржалық сауда-саттықты өт­кіз­ген «Аста­на» Тауар биржасы» АҚ-на қатыс­ты аккредиттеудің жоғары құнына байла­ныс­ты тергеу бастаған бо­ла­тын. Өйткені ком­муналдық-тұрмыстық көмірді сату бойын­ша электрондық алаңдардың қыз­мет­терін ұсыну нарығында үстем жағдайға ие бұл ұйым­нан монополиялық жоғары бағаларды бел­гілеу белгілері анықталған. Бір сөзбен айтқанда осын­дай арамтамақ делдалдардың кесірінен Қа­зақ­стан халқы үшін көмір бағасы орташа есеппен 40-45%-ға қымбат түсіп отыр.

«Көмір өндірушілерімен байланысы бар делдалдар арқылы көмір сату тәжірибесі әлі де жалғасуда. Өндіруші компаниялар бир­­­жалық сауда-саттықты пайдаланады. Он­да ірі көлемдегі (3 млн тоннаға дейін не­месе жылдық жөнелтілім көлемінің 71%-ы­на дейін) көмір тауары бірнеше жыл бойы өз­гермейтін әрі саны шектеулі жет­кізу­ші­лерге ғана (2-ден 17-ге дейін) бірнеше ми­нут ішін­де сатылып кетіп жатыр. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» АҚ саудаға 3,2 млн тон­­на көмір шығарған кезінде оның 26%-ын 16 өңірлік оператор және 74%-ын 10 дел­­­­дал компания санаулы минуттарда та­ла­пайлап дымын қалдырмай алып кеткен. Мұндай делдалдардың арнайы инф­ра­құры­лымдары да, қоймалары, тиеу-түсіру тех­ни­калары да жоқ. Ал саудалау кезінде олар 100%-ға дейін үстеме ақы қосып сатады. Мысалы, 2022 жылғы желтоқсанда «Халық Кө­мір» ЖШС «Қаражыра» АҚ-ның «Кас­пий «ТБ» АҚ тауар биржасы арқылы 120 мың тонна көлемінде көмірді орташа өл­шен­ген бағасы – тоннасына 6 500 теңгеге са­тып алып, 12 595 теңгеге қайта сатқан. Осын­дай тауар биржалары туралы заңна­ма­ның бұзылуына байланысты БҚДА был­тыр әкімшілік құқықбұзушылық туралы 19 іс қозғады, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқ­татты, оның төртеуі тексеру алдында ерік­­ті негізде және екеуі сот шешімі бойын­ша жұмысын тоқтатты» делінген БҚДА хабарламасында.

Осыған байланысты, БҚДА 2022 жыл­­дың желтоқсан айында ИИДМ және СИМ-мен бірлесіп Көмір сату на­ры­ғындағы бә­се­келестікті дамыту жөніндегі Жол картасын қабылдаған екен. Мұндағы не­гізгі проблемаларды шешуге арналған бұл құжат сатып алу процедурасын ашық ете түсуді көздейді. Мәселен, биржалық сау­да-саттықта өңірлік операторлардың үле­сін 50%-ға дейін ұлғайту көзделген. Бұл мұн­дай мөлшердегі тауар делдалдарға емес, тіке­лей тиісті инфрақұрылымы бар көмір өндірушілеріне сатылады деген сөз. Осы­лайша, тиімсіз делдалдар жойылмақ. Ал энер­гетикалық мақсаттағы көмірлер қо­ғам­дық маңызы бар нарық санатына кө­ші­рі­ліп, ондағы бағаны реттеуге мемлекет ара­ла­сатын болады. Сондай-ақ ірі бизнеске бағ­дарланған және делдалдарға көмір өт­кізуді қамтамасыз ететін «ыңғайлы» бир­жа­ларды жою мақсатында БҚДА биржалық саудамен айналысуға арналған лицензиядан айыру бойынша жұмыс жүргізуде. Дел­дал­дарда инфрақұрылымдарының болуына да баса талап қойылатын болады. Енді көмірді орта жолдан сатып алып, одан соң қойма­сы­мен техникасы бар компанияларды жал­­­дау­ға немесе соларға сатып жіберуге тыйым салынады. Мұндай «көлденең көк аттылар» баға түзу процедурасына килігіп, оны қым­баттатып отыр.

Бір қыста 220 мың теңге

Елімізде соңғы үш-төрт жылдықта кө­мір тапшылығы мәселесі жоқ екен. Мәселен, елорда іргесіндегі Қосшы қа­­­­ласында көмір әрдайым бар. Жеткізу­ші­лерге хабарлассаң болды, өздері әкеліп береді. Әйтсе де, бағасы қымбаттау. Былтыр қос­шылықтар 1 тонна көмірді 20 мың тең­ге­ге алыпты. Жеткізу ақысы осы соманың ішін­де.

«Біз бір қыста 10-11 тонна көмір жа­ға­мыз. Сонда бір қысқа 220 мың теңгедей ақ­­­шамыз кетеді. Бұл әрине қымбаттау. Айталық, менің үйім 100 шаршы метр. Ал одан үлкен үй­лер бар, екі қабатты коттедждер бар. Олар бір қыста 20-30 тонна көмір жағады. Сонда қанша шығын жұмсайтынын ойлана бе­ріңіз. Көмірлердің ішінде ең сапалысы – Шұбаркөлдің көмірі. Одан бөлек Аста­наға Қаражар және Майкөбе карьерлерінен көмір келеді. Олардың бағасы 1-2 мың тең­­геге арзандау. Бұрындары сәуір-мамыр ай­­ларында келесі қысқа көмір алып қоя­тынбыз. Өйткені тапшылық қатты сезі­ле­тін. Жұрт таласып жататын. Ал соңғы жыл­дары ондай емес. Қазірдің өзінде базар­да көмір сатылып жатыр», – дейді Қосшы қаласының тұрғыны Ескендір Тасболатов.

Көмір тапшылығы жоқ дегенмен елімізде соңғы жылдары ішкі на­рық­тағы сұраныс та арта түскен. Мәселен, был­тыр көмір тұтыну көлемі 81,4 млн тон­на­ны құрапты. Бұл 2021 жылмен салыс­тыр­ған­да 5,7%-ға көп. Оның 11,03 млн-ы ком­муналдық-тұрмыстық мақсаттағы кө­мір. Ол да болса алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 3,1%-ға артық. Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрлігі бұл динамиканы бірінші кезекте қыстың қатты болғандығымен байланыстырады. Еліміз­дің солтүстігі мен орталығы газдандырыл­ма­ғандықтан, көмірді көбірек тұтынған. Десе де, олар халыққа арналған көмірдің ше­тінен сыртқа тасу деректері болғанын да жоққа шығармайды. Өйткені бізде тоннасы 15-20 мың теңге тұратын көмірдің экспорт­тық бағасы одан 700-900%-ға жоғары. Сол себептен Үкімет ішкі нарықта тапшылық туындамау үшін экспортқа шектеу қойған болатын.

«Осы реттен алғанда 2022 жылы елімізде 113,9 млн тонна көмір өндірілген болса, бұл 2021 жылғы 111,7 млн тоннадан 2%-ға ар­тық, соның ішінде экспорт 32,5 млн тонна құрады. Ал ішкі нарықа арналған 81,4 млн тон­наның 64,4 млн-ы энергетикалық ке­шен­ге, 5,97 млн-ы өнеркәсіптік кәсіпорын­дар­ға жөнелтілді», – дейді ИИДМ Көмір өнер­кәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов.

Тапшылық болмаса, қымбатшылық та жоқ

Экспорт дегеннен шығады, қым­бат­шылықтың бір себебі – делдалдар бол­са, ендігі бір себебі – сыртқы нарыққа тасу. Өйткені онда қымбат. Елдегі көмірді сы­пырып шетелге сатып жіберсек, өзімізде тап­шылық туады. Ал тапшылық соңы – қым­батшылық. Осы тұрғыдан келгенде, экспорт деген құбыжық болып тұр. Сол се­бепті де Үкімет өзінің көмір карьерлері не­месе шахталары бар немесе көмірді байытумен айналысатын тек 26 қазақ­стан­дық компанияға ғана көмірді экспорттауға рұқ­сат беріп отыр. Олар тас көмірді, оның брикеттелген түрін, жентектелген түрін жә­не қара көмірді (лигнит) шетелге сау­далау бойынша айрықша құқыққа ие бо­мақ. Мұндай шараны Үкімет энергетикалық қауіп­сіздікті сақтау үшін және ішкі көмір на­рығын тұрақтандыру үшін барып отыр. Өйт­кені былтыр көмірді сыртқа тасу қада­ғалаудан шығып кеткен. Соның салдарынан шекара маңындағы елді мекендерде көмір тапшылығы туындаған. Алыпсатарлар сол жаққа тасып жатырмыз деген желеумен кө­мірді шекара асырған. Мұндағы басты се­беп: Ресей көміріне эмбарго салын­ған­дықтан европа елдері тарапынан Қазақстан көміріне сұраныстың есеслеп арта түскені. Соның ішінде біздің көмірді ең көп сатып алған Швейцария екен. 11 айдың ішінде олар 132,1 млн долларға 4,4 млн тоннаға жуық көмір сатып алыпты. Нәтижесінде, экс­порттан түсетін кіріс те көбейген. Ұлт­тық статистика бюросының мәліметінше, был­тыр­ғы 11 айда біз алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 87,6%-ға артық табыс тауып­пыз. Мәселен, 2021 жылы бұл көр­сет­кіш 446 млн доллар болса, былтыр 837 млн доллар. Бұл тұрғыдан келгенде, әрине, экспорт дегеніміз – табыс көзі. Десе де, «Таяқ­тың екі ұшы бар» демекші, сырттан түсе­тін табыс ішкі тапшылыққа алып кел­меуге тиіс. Өйткені тапшылық болмаса, қым­батшылық та жоқ.

Ал жалпы, қара есеппен алсақ, был­тыр­дан бері елімізде көмір өндірісі қарқынды жүру­де. Тіпті, екінші жарты жылдықта «дүм­пу» болды деуге болады. Сондықтан да тапшылық болмауы тиіс. Мәселен, биыл­ғы 7 айдың өзінде бұл қарқын бәсең­де­мей, 67,6 млн тонна көмір өндірілген. Осы көмірдің 16,3 млн-ы ендігісі еліміздегі Жылу-электр орталықтарына жеткізіліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 250 мың тон­наға артық. Ал қалғаны елді мекендерге, өнер­кәсіп ошақтарына жеткізілуде. Ендеше биыл­ғы қыстан қысылмай-ақ шығар реті­міз бар. Тек Үкіметтің қадағалау тетігі мүл­тік­сіз жұмыс істеп, биыл да үдей түскелі тұр­ған экспорттың ырқына кетіп қалмаса бол­ғаны. Әйтпесе, көмірмен бірге өміріміз де қымбаттағалы тұр.

Нұрлан ҚОСАЙ